Дәурен Абаев: Заңға түзету енгізу журналистік зерттеуге кедергі келтірмейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда «Sputnik Қазақстан» ақпараттық порталына берген сұхбатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай мәлімдеді. Айта кетелік, «БАҚ туралы» заңға енгізуге ұсынылған түзетулер жобасы маусым айында Мәжілісте таныстырылған болатын.

Құзырлы Министрліктің басшысы еліміздегі журналистік ұйымдардың алаңдаушылығын туғызған түзетулерге қатысты нақты түсінік берді. Атап айтқанда, бұл жердегі әңгіме өзегі журналистің «жеке», «отбасылық», «банктік», «дәрігерлік» және «коммерциялық» құпияны жариялауға қатысты міндеттері туралы болып отыр.

Дәурен Абаев іс жүзінде бұл түзетулер журналистік зерттеу жүргізуге ешқандай да кедергі келтірмейтінін атап айтты. «Біріншіден, мұндай түсініктер қазіргі қолданыстағы заңымызда бар. Жоғарыда аталған құпиялар қандай да бір деңгейде заңмен қорғалады. Біз тек оларды бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану механизмдерін нақтыладық. Екіншіден, журналистік зерттеу барысында бір адамның пара алғанын анықтайтын болсам, маған сол адамның банктегі шотының нөмірін жариялаудың не керегі бар? Мұның техникалық қажеттілігі жоқ. Өйткені, құқық қорғау органдары онсыз да мақалада жазылған ақпаратты тексеруге міндетті ғой. Немесе басқаша мысал келтірейін. Жұрттың көпшілігі «отбасылық құпия деген не?» деп сұрайды. Бұл санатқа ұл баланы асырап алуды жатқызуға болады. Мұндай жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, біреуді қаралауға ұмтылатын жігерлі журналистер де жоқ емес. БАҚ-тағы ақпараттан асырап алған бала жылдар бойы жат отбасында өскенін оқып-біледі. Мұндай жағдай оның жан-дүниесіне жағымсыз әсер ететіні сөзсіз»,- дейді министр.

«Тағы бір мысал. Айлық жалақысы 150 теңгені құрайтын бір шенеунік Германияның аса қымбат емханаларының бірінде ем-дом алды делік. Мұндай жағдай күдік туғыза ма? Әрине. Егер де бір журналист осыған зерттеу жүргізетін болса, оның ниетін біз қолдаймыз. Бірақ бұл жерде науқастың диагнозын жұртқа жария етудің қажеттігі бар ма? Ол не береді? Мұндай норманы енгізе отырып, біз қандай да бір материалдардың кейіпкерлерінің жақындары мен туыстарына моральдық зиян келтірмеудің жолдарын ойластырдық. Яғни, журналистерге кейбір кездері этикалық нормалардың шегінен шықпауды еске салатын сызықты белгілеп бердік. Біздің негізгі мақсатымыз - осы»,- деп түсіндірді Дәурен Абаев.

«БАҚ туралы» заңға енгізілген түзетулердің бірі мемлекеттік органдардың журналистердің сауалына 15 күн ішінде жауап қайтаруына қатысты болатын. Бұл түзетудің анық-қанығын министр былайша түсіндірді: «Шын мәнісінде біз керісінше, мемлекеттік органдарды төл ресми хабарламаларын екі жұмыс күнінің ішінде таратуға міндеттеп отырмыз. Өйткені, мұндай жағдайда ерекше жеделдік керек, сол үшін журналистерге тезірек ақпарат беруге тырысуға тиіспіз. Басқаша жағдайдар да бар. Мысалы, бір журналист соңғы 10 жылдықты қамтитын сараптамалық материалды беруін сұрады делік. Мемлекеттік қызметшілерге мұндай маңызды ақпаратты жинап, өңдеуге 15 күн уақыт бермеу - ақымақтық болар еді».

Дәурен Әскербекұлының айтуынша, қолданыстағы заңнамаға 200-ден астам түзетулер енгізілген. Соның ішінде үш-төрт түзетуге қатысты ғана түсінбеушілік туындады. Министр қоғамның аса белсенділік танытқанына ризалығын білдірді. Ол масс-медиа нарығына қатысушылар мен азаматтық қоғам ұсынған 200-ден астам түзетулердің 70 пайызы заң жобасының түпкілікті нұсқасына кіргенін мәлімдеді. «Қазір заң жобасы Парламентке түсті. Оны талқылау мен тараптардың сөз сайысы болады. Бүгінгі таңда осы өткір мәселені көтергендердің бәрі жұмыс тобына кіріп, құжатты жетілдіруге өз үлесін қоса алады», - дейді Дәурен Абаев.