Жауабын бірге іздеп көрейік.
Балаға ең көп қажет болатын заттардың бірі — жөргек. Оның бағасы маркасы мен қаптамасына қарай шамамен 6 мыңнан 9 мың теңгеге дейін барады.
Балалар тағамы да отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіреді. Мысалы, жеміс-жидек пен көкөністен жасалған пюрелердің бағасы 335 теңгеден басталып, 1 200 теңгеге дейін барады. Ал салмағы 800 грамм болатын құрғақ сүт қоспалары 11,4 мыңнан 24,4 мың теңгеге дейін тұрады.
Сәби арбасын 30 мың теңгеден бастап табуға болады. Дегенмен кейбір үлгілерінің бағасы бірнеше жүз мың теңгеге дейін жетеді.
Киім-кешек те тұрақты шығындардың қатарында. Мысалы, жазғы маусымға арналған жеңіл шалбардың бағасы 2,5 мың теңгеден басталса, жейделер шамамен 2 мың теңге тұрады. Шортылар орта есеппен 3 мың теңге, шұлық жиынтығы 2,3 мың теңгеден, ал көйлектер 3 мың теңгеден басталады. Балалар тез өсетіндіктен, киімді жиі жаңартып отыруға тура келеді. Сондықтан жаз мезгілінде ғана гардеробты толықтыруға айына шамамен 5-15 мың теңге қарастырған жөн.
Бұдан бөлек, көп ата-ана дәрі-дәрмекке, массажға, мамандардың кеңесіне және жекеменшік клиникаларға да қаражат жұмсайды.
Тілшімен сөйлескен аналардың бірі декреттік төлем ретінде ай сайын 179 мың теңге алғанын айтты. Алайда оның сөзінше, бұл қаржы барлық қажеттілігін өтемеген.
Ал сегіз айлық сәбиі бар Зарина есімді ана ай сайын 125 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Оның айтуынша, бағасы шамамен 6,5 мың теңге болатын бір қап жөргек он күнге әрең жетеді.
— Қосымша тамақты көбіне өзім дайындаймын. Көкөністен әзірлеген әрі пайдалы, әрі үнемді деп есептеймін. Баламды еміземін, сондықтан да сүт қоспаларын сатып алмаймыз, — дейді ол.
Тағы бір ананың айтуынша, оның декреттік төлемі 214 мың теңге. Бұдан бөлек, отбасы көпбалалы отбасы ретінде 69 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады.
— Негізгі қажеттіліктерге — тамаққа, жөргек пен киімге бұл қаржы жетеді, — дейді ол.
Шамамен есептегенде, еметін балаға ай сайын 40-60 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады. Егер сәби тек сүт қоспасын ішетін болса, оның түрі мен тұтыну көлеміне қарай шығын 75 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл есепке дәрі-дәрмек, медициналық қызметтер, массаж, ойыншықтар және басқа да қосымша шығындар кірмейді.
Осылайша, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер және ересектердің тамағына кететін шығындарды қоспағанда, декреттік төлемнің едәуір бөлігі баланың күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалады.
Қазақстанда балалы отбасыларға бірнеше түрлі мемлекеттік төлем қарастырылған. Соның бірі — бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы. Ол декретке дейін жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан барлық анаға беріледі.
2026 жылы оның мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге.
Ал жұмыс істемейтін ата-аналар бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын мынадай жәрдемақы алады:
— бірінші балаға — 24 912 теңге;
— екінші балаға — 29 453 теңге;
— үшінші балаға — 33 951 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға — 38 493 теңге.
Жұмыс істейтін ата-аналарға жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ бала күтіміне арналған ай сайынғы төлемдер беріледі. Оның мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген ресми табысқа байланысты есептеледі.
Айта кетейік, заңсыз декреттік төлемдерге қатысты 40-қа жуық қылмыстық іс қозғалды.