Демократия игіліктерін игеруді Қазақстан өз жолымен ізденуге құқылы

қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Барыс жылы аяқталар тұста көтерілген ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі бастаманы бірінші күннен-ақ жүздеген мың қазақстандықтар қолдады. Елдің шығысында өткен бастамашы топтың жиыны заңды деп табылып, онда қаралған мәселе Орталық сайлау комиссиясында ресми тіркелген соң 200 мың қол жинау керек болатын.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, республикалық референдум өткізу туралы бастаманы қолдайтын 3 млн. 100 мың қол жиналған. 11 қаңтарға дейін бастамашы топ Президент өкілеттігін ұзартуды жақтайтын 4 миллионнан астам қол жинауды жоспарлап отыр. Ал ондай нәтижеге қол жеткізу мәселенің бірден шешімін тауып отырғанын айғақтайды. Кезінде АҚШ президенті Авраам Линкольн : «Қоғамдық пікірмен санаса отырып бәрін істеуге болады, ал онсыз ештеңе тындыра алмайсың», - деп айтқан екен. Ендеше, бүгінгі 3 милионнан астам адамның пікіріне қоғамдағы көпшіліктің пікірі деп қараған жөн. Оның үстіне «демократия» деген ұғымның өзі - халықтың һәм көпшіліктің билігі дегенді білдіреді. Яғни, демократиялық қоғамда азшылықтың пікірімен санаса отырып, көпшіліктің ұсынысы үстемдік құрады. Республиканың түкпір-түкпірінен, халық құрметтейтін танымал тұлғалар мен қарапайым азаматтар тарапынан осы бір заманалық оқиғаға қатысты пікірлер әлі де айтылып жатыр. Бұған қарап бастамашы топ межелеген 4 миллионнан астам қол жинау жөніндегі міндет әбден жүзеге асатынына көз жетеді.

Сонымен бір мезетте референдум өткізу туралы бастаманы Парламент депутаттары да қызу қолдап отыр. Бұл ретте биліктің заң шығарушы бұтағының өкілдері мәселенің конституциялық қырына үңіліп, Ата заңға өзгеріс енгізу қажеттігін айтуда. Нақтылап айтсақ, референдум өткізу туралы бастамашы топтың шешіміне сәйкес «Сіз республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың президенттік өкілеттіктері мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзартасыз ба?» деген мәселе шығарылған болатын. Еліміз заңнамасының астарына үңілген Парламент депутаттары референдум арқылы Конституция мен заңдар арасындағы қайшылықтарды жою керектігін алға тартуда. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев: «Конституцияда «Елбасы» сөзі қалыс қалып тұр. Сондықтан да, референдумға Конституцияға өзгерістер енгізу, оның ішінде «Елбасы» сөзін қосу туралы мәселе орынды. Конституцияның 3-бабына сәйкес, биліктің жалғыз көзі - халық. Ендеше, халық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізе алады әрі халық кімге сенетінін, мемлекеттік билікті кімге, қанша мерзімге тапсыратынын өзі шешеді», - дейді.

Ал сенатор Берік Имашев дәл осы мәселеге қатысты былай дейді: «2010 жылы 14 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының саяси мәртебесін, құқықтық жағдайын айқындайтын конституциялық заңда азаматтардың тарапынан көтерілген Елбасының мәртебесіне қатысты талап-тілектері ескерілген еді. Алайда, бұндай нормалар ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы мәселені қозғамайды. Сондықтан да, қазақстандықтардың басым бөлігі Ата заңымыздың елімізде орын алып отырған өзгерістерге әсер ететінін сезіне отырып, бүгінгі таңда Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындау туралы бастаманы орынды көтеріп отыр».

Сөйтіп, Парламент Мәжілісінің Барыс жылындағы соңғы отырысында төменгі палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» Парламент депутаттарының ұсыныстарын қуаттап, Мемлекет басшысының атына Үндеу мен Конституцияға өзгерістер енгізетін заң жобасының мәтінін қоса жолдаған болатын. Онда: «ҚР Парламенті ҚР Конституциясының 24-бабы, 2-тармағы, 3-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстанды құру мен нығайту ісіне баға жетпес үлес қосқан Отанымызды прогресс пен гүлдену жолына бастап келе жатқан, тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі оны құрушы ретінде Сізге - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасына республикалық референдум тағайындау бастамасымен Үндеу жолдайды және оған «Сіз республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін ұзарту мерзімін көздейтін ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдайсыз ба?», - деген мәселені шығаруды өтінеді. ҚР Парламенті депутаттары Қазақстан халқы секілді еліміздің жарқын болашағын тек Сізбен және Сіздің есіміміңізбен байланыстырады», - делінген.

2010 жылғы Мәжілістің соңғы отырысы осылайша тарихи бастамамен аяқталса, Парламент Сенатының 2011 жылғы алғашқы басқосуы да осы мәселені талқылаумен ашылды. Осыған байланысты, референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ұсынысын жүзеге асыру үшін жағдай жасауды қолдаған бірқатар Парламент депутаттарының сөйлеген сөздерін келтіргенді жөн көріп отырмыз.

Қуаныш Сұлтанов, Сенат депутаты: Елбасы Н. Назарбаевтың бастауымен өткен жыл еліміздің рухани бірлігін, тұтастығын, ынтымақтастығын бекітіп, дамудың жаңа сапасына көтерілген елдің мәртебесі өрлеп, әлемдік деңгейде танылған жыл болды. Соның нәтижесінде дүниежүзілік қауымдастық алдында мемлекетіміздің абыройы өсті. Мемлекеттік қауіпсіздігіміз нығайды. Жаңа дәуірдегі мемлекетіміздің барлық жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің қайраткерлік еңбегімен байланысты - «Қазақстан - Назарбаев» деген егіз ұғым қалыптасты. Елбасы ең қиын кезеңдерден және тұйыққа тірелген тығырықтан елін шығара біліп, Қазақстанды тарихтың төріне көтерді. Елбасының іс-әрекеті тапқырлығы, көрегендігі, озықтығы ел мүддесіне қызмет етуде. Алдымыздағы гүлденген, өркендеген, дүниежүзілік бәсекеге лайық Қазақстанда өмір сүру мақсатына бет алған сапарды да өзінің 2020 жылға дейінгі бағлдарламасында жариялады. Оның жемісті, нәтижелі болуы - халықтың қамы, қоғамның сұранысы. Біз бәріміз де сол биік мақсаттарға өз аяғымызбен жетіп, өз көзімізбен көруге мүдделіміз. Сайлау да, референдум да ең алдымен еліміздің амандығына, тәуелсіздігіміздің беріктігіне, тұрмыстың жақсаруына қызмет етуі тиіс. Сайлау мен референдум - екеуі де демократиялық тәсілдер, екеуінің де мәртебесі біздің Ата заңымызда, басқа да заңдарымызда анық көрсетілген. Яғни, біз екеуін де тең пайдалануға құқылымыз. Олар бір-бірінен алшақ та, бір-біріне қайшы да емес. Демократиялық институттарды да референдум арқылы толық дамытуға болады. Демократия игіліктерін игеру барысын Қазақстан өз жолымен ізденуге құқылы. Ең бастысы халықтың басым көпшілігінің тілегін орындауға ұмтылу. Сондай-ақ қазір саяси популизмнің уақыты өтті. Одан гөрі нақты іс пен нәтиже көруге жұрт ынталы екендігін ескеру керек. Бұл тұрғыдан алғанда референдумның демократиялық ауқымы да, мүмкіндігі де өте мол. Референдум сайлаушылардың мемлекет ісіне жауапкершілігін арттырып, халықты ортақ мүддеге ұйымдастырады және қоғамның саяси мәдениетін көтеруге ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда біз Президенттің өкілеттігін 2020 жылға ұзарту арқылы өзіміздің әлеуметтік, тұрмыстық қуатымызды күшейтіп, елдің бірлігін өркениетті мақсатқа, мүддеге жұмылдырамыз. Халықтың, қоғамның сапасын арттырып, болашағымызға деген сенімді нығайтып, жас өркен ұрпағымызға жол ашамыз.

Кенжеғали Сағадиев, Мәжіліс депутаты: Біздер, депутаттар, тіпті жалпы халық болып басымызға туып отырған жұлдызды сәттерді бағалай білуіміз керек. Тарихымызда бірінші рет Еуропа төріне шықтық. Заман талабына сәйкес қоғам құрып жатқанымызға әлім елдерінің көзі жетті. Біздерге, қазақ еліне, құрметпен қарайтын болды. Осының бәрі Елбасының арқасы. Президент Назарбаев әлемде беделді, оның пікірімен үлкен де, кіші де елдер санасатын қайраткер екеніне баршамыздың да көзіміз жетті. Президенттің сындарлы саясаты әлем елдерінен көптеген достар тауып, өз ішіміздегі реформаларды тоқтамай, еш нәрсеге алаңдамай жүргізуге мүмкіндік берді. Олардың жақсы нәтижесін баршамыз білеміз. Олар да Елбасының тікелей басшылығымен жасалған реформалар. Алдымызда өте күрделі онжылдық тұр. Осы мерзімде біздер әлеуметтік-экономикалық саланы барынша жарақтандырып, жоғары деңгейге - әлем елдерінің деңгейіне жеткізуіміз керек. Бұл, ағайындар, жарыс, бұл - бәсеке. Оны жеңу үшін осы ұлы іске тәжірибесі мол, барынша шыңдалған қайраткер басшы керек. Ол - Нұрсұлтан Назарбаев - баршамыз мойындаған, өткен реформалардың да, болашақ реформалардың да архитекторы. Жарыс үстінде арғымағын айырбастамас болар. Біз де әлем таныған қайраткерімізді алдағы әлемдік деңгейдегі бәйгіге қосайық. Ел тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырайық. Жүлделі болатынымызға күмән жоқ.

Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты: Тұңғыш Президент Н. Назарбаев Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің қауіпсіздігін нығайту жолында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, тәуелсіздіктің ашық аспанын қас қақпай күзететін айбарлы армияны құрды. Қазақстан армиясын реформалау барысын жіті қадағалап қана қоймай, тікелей басшылық етіп, қолдау көрсетті. Соның арқасында елімізбен бірге армиямыз да өсіп, қабырғалы елдердің әскерімен терезесі теңелді. Сонымен бірге, Қазақстан өзінің өнегесі арқылы шағын халқы бар мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына қалайша ықпал ете алатындығын көрсете алды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, биік бедел мен үлкен абыройға жетті. Астанада үлкен Саммиттің өтуін халықаралық ұйымға мүше елдердің барлығы қолдады. Демек, бұл Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты жетекші елдердің басшылары да қолдайтындығының белгісі. Бүгінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың басшылығымен ауқымды әлемдік экономикалық дағдарыс еңсерілді. Қазір халқымыздың талай ұрпағының тағдырын айқындайтын үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңі. Осындай жағдайда елді, халықты қандай қиын жағдайлардан болмасын абыроймен алып шыққан тарихи өлшемдегі міндеттерді шешу қабілетін танытқан көшбасшымыз, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа сену дұрыс деп санаймын.

Розақұл Халмұрадов, Мәжіліс депутаты : Ғасырлар бойы арман болып келген тәуелсіздікке бір оқ атпай, қан төкпей жеткеніміз, Қазақстанда тұратын 140-тай этнос өкілдерін қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында ынтымақ пен бірлікте топтасуы, мемлекет құруда еуропалық стандарттарға сай келіп оның төріне шығуымыз, әлем саясаткерлері «Қазақстан триумфі» деп атаған ЕҚЫҰ саммиті, тағы басқа жетістіктеріміз Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, көрегендігінің, даналығының арқасында болды. Жақсылықты Тәңірден тілеген халқымыздың Төлбасы деген бір әспетті ырымы бар. Не нәрсенің болса да бастауы сәтті болса, ол баянды болады, деп жориды халқымыз. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздік жолында атқарып жатқан қажырлы істеріне, Қазақ елінің аз уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріне, уақыт сомдаған қайраткерлік тұлғасына, әлем алдындағы беделіне мақтанышпен зер сала отырып, халқымыздың ел болашағына деген сенімі артуда. Тізгін тегеурінді қолда, тәуелсіздік көші дұрыс жолда екеніне ел сенімі берік. Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан халқының маңдайына біткен көреген көсем, кемеңгер көшбасшы, бүкіләлемдік деңгейге көтерілген, өзге мемлекет басшылары мойындаған, саңлақ саясаткер, ірі қайраткер. Данышпан бабамыз, әлемге белгілі ғұлама ойшыл Әбу-Насыр Әл-Фараби ел басшысының адамзат кемелдігінің биік дәрежесіне жеткен, болашақты болжай білетін, әрекетшіл парасатына жан-жақты қасиеттер дарыған, жұртты жолға сала біліп, іске талпындыра алатын, қайраты жеткілікті адам болуға тиіс екенін атап көрсеткен екен. Осы данышпан айтқан қасиеттердің барлығы біздің Тұңғыш Президентте - Елбасыда бар екеніне ешкімде күмән болмаса керек. Нұрсұлтан Әбішұлының елім, жерім, Қазақстаным, қазағым деп жүргенінің тағы да бір куәсі - қасиетті Меккедегі Алланың үйінде, бүкіл дүние мұсылмандары қастерлейтін қасиетті Қағбаның ішіне кіргенде: «Алладан тілейтініңіз болса, тілеңіз, бұл жердегі тілек қабыл болады» дегенде, Елбасымыз: «Қазақстанға бейбітшілік, халқымызға амандық, ынтымақ пен бірлік бер», - деп Жаратушы Иемізден тілеген екен. Аллаға шүкір, тілек қабыл болып, еліміз тыныш, халқымыз аман. Алла тағала ұзағынан сүйіндірсін.