ОРАЛ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қыркүйектің 11-інде ел көлемінде өткізілген «Денсаулық» фестиваліне батысқазақстандықтар да белсене қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Елбасы Жолдауына сәйкес «Дұрыс тамақтан. Спортпен өмір сүр. Денсаулығыңды сақта!» ұранымен өткізілген фестивальға «Ақжайық» футбол клубының стадионына екі мыңнан астам адам қатысып, күш сынасқан жастардың өнерін тамашалап қана қоймай, өздері де атсалысты. Қала әкімінің орынбасары Талғат Нығметов облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен әр бейсенбі сайын қала аумағында көпшілік спорт ойындары ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Фестиваль барысында оқушылар мен студенттер, спортшылар, денсаулық сақтау мен мәдениет саласының өкілдері спорттың армрестлинг, баскетбол, қазақша күрес, гір тасын көтеру сияқты түрлерінен сынға түсті. Жеңімпаздарға ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).