Денсаулық сақтау мекемелерінде партиялық бақылау бекеттері тиімді жұмыс жасап отыр - БҚО

ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау мекемелерінде «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау бекеттері тиімді жұмыс жасап отыр.

Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Аққали Әубекеров мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірде 19 партиялық бақылау бекеті құрылса, соның 12-сі аудандарда, жетеуі қалада жұмыс жасайды. Қалалық, аудандық мәслихат депутаттарының жетекшілігімен бұл бекеттер медицина мекемелері басшыларымен бірге сенім жәшіктеріне, қабылдау бөлмелеріне келіп түскен арыз-шағымдарға талдау жасап, тиісті шешімдер қабылдайды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне байланысты адамдардың түсінбей жүрген мәселелері әлі де аз емес. Бұл бағытта тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын өрістетуге тура келеді. Ең бастысы, сапалы медициналық қызметпен, дәрі-дәрмекпен қамтудың, денсаулық сақтау мекемелерінде кезекті болдырмай, бәрін де ретке келтірудің маңызы зор.

Бұл мәселелер 24 қарашада өткізілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық форумда да кеңінен сөз болмақ.