Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық және зертханалық маңыздағы құрал-жабдықтарды сатып алу бойынша тендер өтті

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде ағымдағы жылға арналған медициналық құрал-жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша тендерге қатысуға келіп түскен өтінімдерді ашу рәсімі өтті.

Оған «Нұр Отан» ХДП және Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, әлеуетті жеткізушілер мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі комиссияның төрағасы Елжан Біртановтың айтуынша, мұндай рәсімдер мемлекеттік сатып алу жөніндегі тендердің ашық өтуін қамтамасыз ету және жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылды. «Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне 2009 жылға республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы қаңтардың 16-сындағы қаулысына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құрал-жабдықтарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және санитарлық көліктерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстың Бірыңғай ұйымдастырушысы болып белгіленді», - деді ол. Оның атап көрсеткеніндей, бүгінгі конкурс барысында онкологиялық және туберкулезге қарсы ұйымдарды, ана мен баланың денсаулығын сақтау, босандыру және кардиологиялық қызметтерді техникалық жарақтандыру үшін жалпы сомасы 7 млрд. 685 млн. 866 мың теңгеге медициналық және зертханалық маңыздағы құрал-жабдықтар сатып алынатын болады.