Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды жетілдірудегі Қазақстанның жаңашылдық тәжірибесі ұлттық медицинаның мәртебесін көтерді-Мәжіліс депутаты Д. Нөкетаева

АНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Осы аптада Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында халық денсаулығына қатысты отырыс болды. Онда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің ана мен баланың денсаулығын нығайту мен тұрғындардың репродуктивті денсаулығына қатысты бөлігінің іске асу барысы туралы» деген тақырып талқыға салынды.

«Нұр Отан» ХДП-ның 2010 жылға арналған Республикалық желілік іс-шаралар кестесіне сәйкес өткізілді. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева өз ойларын ортаға салып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Төменде депутаттың сол отырыста сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз.

- Халық денсаулығының жоғары деңгейде болуы - мемлекетіміздің тұрақтылығы мен гүлденуінің негізгі кепілі. Осыған орай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде және 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі қабылданды. Бұл Кодекс ұлттық медицинаның мәртебесін көтеруге, денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды кодификациялауға, оны халықаралық стандарттармен үйлестіруге, азаматтарға медициналық қызметтер көрсету деңгейін жақсартуға, қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау мәселелеріне деген қоғамның көзқарасын өзгертуге бағытталған.

«Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексті қабылдаудың нәтижесінде денсаулық сақтау саласын реттейтін заңдардың мүмкіндігінше мол нормаларын біріктіруге, ұлттық заңнамалардағы өзара қарама-қайшылықтарды жоюға, нормаларды халықаралық стандарттарға сәйкес үйлестіруге қол жеткізілді.

Кодексте халықтың денсаулығын сақтауды заңды тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған аса ауқымды шаралар белгіленді. Кодекс нормаларын іске асыру аясында, нормалардың қолдану пәрменін қамтамасыз ету үшін, денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының бірнеше заң актілеріне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізілді. Яғни, 135 нормативтік құқықтық акт, оның ішінде Үкіметтің 31 қаулысы, 104 салалық нормативтік құқықтық акт қабылданды.

Кодексті іске асыру шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Ол науқастың дәрігерлер мен медициналық мекемені өз еркінше таңдау принциптеріне, бәсекелестік кеңістікті қалыптастыруға және медициналық қызмет көрсету процессін жақсартуға, медициналық көмектің ашық та айқын болуына, нақты нәтижеге негізделген.

Нақты нәтижеге негізделген ақысыз медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн қаржыландырудың жаңа моделі енгізіліп отыр. Яғни, әрбір белгілі науқасты емдеуге қажетті төлем мөлшері, медициналық қызмет көрсетудің сапасын қадағалау арқылы анықталады. Әрбір стационарлық емдеу мекемесінде науқастың медициналық қызмет көрсететуге төлеген қаржысы туралы ақпарат Госпитализация (емдеуге жатқызу) порталі арқылы белгілі болады.

Сонымен бірге дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және олармен қамтамасыз ету жөніндегі «Бірыңғай дистрибьютор» анықталды. Оның негізгі мақсаты - тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатушыларды табу, олармен келісім шартқа отыру арқылы тапсырыс берушілерді дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету.

Сондай-ақ «Темекі мен темекі бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың» Техникалық регламентінің жобасы әзірленді.

Жекеменшік кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік қысым жасауды азайту, бизнеске заңсыз араласуға жол бермеу, кәсіпкерлік секторлардың дамуына жан-жақты қолайлы жағдай жасау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерді тәуекелдермен басқару жүйесі енгізілді. Егер белгілі бір кәсіпкердің қызметі халыққа қауіп-қатер туғызбайтын болса, онда оларды жоспарлы тексерудің саны бірнеше есе кемитін болады. Сол секілді практикалық денсаулық сақтаудың басымдылығы мен қажеттілігін ескере отырып, жоғары оқу орындарының стандарттарымен үйлестірілген орта буын медициналық кадрларды даярлаудың жаңа стандарттары енгізілді.

Барлық медициналық ғылыми-зерттеу институтарында, Ғылыми медициналық орталықтарда және жоғары оқу орындарында әлемдік тәжірибеде бар, оқшауланған Әдеп мәселелері жөніндегі комиссиялар құрылды. Олардың құрамына денсаулық саласының қызметкерлерінен басқа қоғамдық ұйымдардың, діни кофессиялардың өкілдерін енгізу көзделген.

Құрамына 5 инновациялық объекті - «Ана мен баланың Ұлттық ғылыми орталығы» АҚ, «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ, «Республикалық балаларды сауықтыру орталығы» АҚ, «Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығы» АҚ және осы жылдың аяғына дейін құрамына «Республикалық кардиохирургия ғылыми орталығы» АҚ енетін «Ұлттық медициналық холдинг» құрылды. Бұл емханалар халыққа арнайы және жоғары білікті медициналық қызмет көрсетеді.

Алайда, қазіргі таңда, денсаулық сақтау жүйесінде қордаланып қалған проблемалар бар және олар аз емес. Атап айтсақ, ана мен бала өлімі ең өзекті проблема күйінде қалып отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық деректеріне сүйенсек, 2009 жылы 10 мың тірі туылған балаға шаққанда 1 жасқа дейінгі шетінеген балалар 182,2 болса, бұл көрсеткіш 2007 жылы 144,3 (2008 ж.- 207,6) құрады. 2009 жылы республика бойынша 133 ана өлімі тіркелген, ал 2008 жылы мұндай жағдай 113 болған еді.

Халықты дәрі-дәрмек, дәрілік заттар және құралдармен қамтамасыз етуде бірқатар проблемалар орын алуда. Айталық, республиканың денсаулық сақтау ұйымдарын сапалы, тиімді дәрі-дәрмекпен, дәрілік құралдармен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Дәрі шығаратын ірі компаниялармен тікелей келісім-шарттың болмауы, дәрілер бағасының әжептәуір қымбаттауына алып келуде. Өздерінің дәрі-дәрмек сақтайтын жеке дәрі қоймалары мен ақпараттық ресурстар желісі болмай отыр. Препараттардың нағыз өзі емес, олардың үшінші елдерде шығарылатын аналогтарының сатып алынуы, олардың сапасының төмендігіне себепші болуда.

Медициналық жүйелердегі кадрлардың біліктілігі төмен, бұл медициналық жоғары оқу орындарында кадрларды дайындаудың сапасын көтеруді қажет етеді.

Қымбат тұратын медициналық құрал-жабдықтардың пайдаланылмауы байқалып отыр. Қымбат тұратын медициналық жабдықтар, құралдар мен приборларды сатып алмас бұрын, олармен жұмыс істейтін мамандарды алдын-ала дайындап алуды ескеру қажет. Қазір емдеу ұйымдары замануи, осы заманға сай медициналық жабдықтар, құралдар мен приборларды алып отыр, алайда, дәрігерлер олармен жұмыс істеуді білмейді.

Аймақтарда сайлаушылармен кездесуде, азаматтарды қабылдау кезінде, олар бірнеше өтініш айтқан болатын. Денсаулық сақтаудың Бірыңғай ұлттық жүйесін енгізудің нәтижесінде дәрігерлер күнделікті № 066 форманы толтырулары қажет. Бұл көп уақытты алады, яғни дәрігерлердің өздерінің айтуынша, бір емделушіге кемінде 30 минөт қажет. Осыдан келіп, дәрігерлердің науқасты емдеуге уақыты қалмайды. Егер осы форманы міндетті түрде толтыру қажет болса, онда мұнымен науқастың денсаулығына жауапты емдеуші дәрігер емес, белгілі бір менеджер айналысуы қажет емес пе?

Бүгінгі таңда ең үлкен проблемалардың бірі - ол әлеуметтік мәні зор сусамыр (диабет), гемофиля (қан ауруы), қатерлі ісік (онкологиялық) ауруларымен ауыратын науқастарды емдеу болып отыр. Өкінішке орай, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен осы санаттағы науқастарды түгелдей дерлік қажетті дәрі-дәрмекпен, дәрілік құралдармен жеткілікті түрде қамтамасыз ете алмай келеміз. Дегенмен жеңілдетілген диспансерлік есепке қою, тиянақты мониторинг жүргізу, тағы басқалар арқылы оларға ерекше назар аударып, қамқорлық жасауға мүмкіндігіміз жетеді ғой.

«Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойылған кейін, бас-аяғы 1-ақ жылда оны іс жүзіне асыру жолында белгілі жұмыстар атқарылды.

Осыған қарамастан, ағымдағы жылдың ішінде Кодексті іс жүзіне асыруда бірқатар проблемалық мәселелер туындап отыр.

Атап айтар болсақ, халық медицинасы саласы бойынша 54-бапта уәкілетті органның құзіреті нақтыланбаған, денсаулық сақтау ұйымының емшіге сертификат беру құқығын аккредитациялаудың тәртібі мен денсаулық сақтау ұйымының емшіге сертификат беру тәртібі айқындалмаған.

Сондай-ақ Кодексте көрініс таппаған мінез-құлықтық-психиатиралық сараптама жүргізу қажеттігі туындап отыр. Осы сараптаманың түрі бойынша нормативтік актілерде, психологтардың мәртебесін анықтауда, психологтардың қызметтерін лицензиялауда қарама-қайшылық бар.

Мемлекеттік меншіктегі денсаулық сақтау субъектілерін «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңының нормаларына сәйкес бақылау жүргізу ешқандай логикаға сыймайды.

Кодексте бірнеше қажетті нормалар орын таппаған, сонымен бірге бірқатар негізгі ұғымдардың редакциясы айқын жазылмаған, бұлар өз кезегінде фармацевтік қызметпен айналысқан кезде фармацевтика нарығына қатысушыларға белгілі қиындықтар алып келеді. Осындай бірқатар мәселелер бар.

Осыған байланысты азаматтардың денсаулығын сақтаудың заңнамалық базасын жетілдіру және Кодекске белгіленген тәртіпке сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

ТМД елдері ішінде алғашқы рет халықтың денсаулығын сақтау саласындағы заңнамаларды жетілдіруде Қазақстанның жаңашылдық тәжірибесі ұлттық медицинаның мәртебесін көтерді. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінің бәсекелестікке қабілетін арттыруды қамтамасыз етеді.