Олар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның Саяси кеңесінің Бюро мүшесі Нұртай Сабильяновқа кезінде тәлім-тәрбие берген ұстаздары болып табылады, деп хабарлайды Мәжілістің Баспасөз қызметі.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында білім беру ісінің ардагерлері Астанаға депутаттың арнайы шақыруымен келіп отыр. «Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарынан Астанаға соғыс және еңбек ардагерлері, теміржолшылар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар келген болатын. Осы жолы өзіме сабақ беріп, қанатымды қатайтып, білімімді ұштаған ұстаздарым келді. Ұстазға құрмет көрсету - халыққа адал қызмет етумен тең.»,- деді Н.Сабильянов.
Шыңқожа ауылы мектебінің мұғалімдері Астана қаласымен танысып, аралап көрді. Экскурсия барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайын, «Бәйтерек» кешенін, «Думан» ойын-сауық орталығын, Хан Шатырды, Бейбітшілік және келісім сарайын, Елорданың басқа да көрікті жерлерін аралады.
Парламент қабырғасында өткен кездесуде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Парламенттің құрылымы, Мәжілістің заң шығару қызметі жайлы айтып берді. Мемлекет Басшысының биылғы халыққа жолдауының маңыздылығын айтып берді.
Депутатпен кездесу кезінде ұстазы Айтқазы Исатаев жасы сексенге таяп қалғанын, осы сапар барысында үлкен әсер алғанын айта келіп: «Елорданың көрікті ғимараттарын аралап көріп, мәртебеміз өсіп қалды. Елдің болашаққа деген қарышты қадамын анық байқадық. Сарыарқа төріне Астанадай ғажайып қала салып, мемлекетіміздің дамуын қамтамасыз етіп, Қазақстанды әлемге танытқан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа аса зор ризашылығымызды білдіреміз»,- деді.
Сондай-ақ ұстаздары Қапау Аушанова, Биторы Жалбағаев, Қайырбек Қарымбаев, Әбдіқадыр Оспанов кезек-кезек сөз алып, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтты. «Нұр Отан» партиясынан сайланған халық қалаулысына ризашылықтарын айта келіп, туған жерінің тілегін жеткізді.
Қонақтар Парламенттің бірлескен отырыс залын және Мәжілістің жалпы отырыс залын аралап көріп, фотосуреттерге түсті.