Депутат ЖОО жанынан микросхемалардың ұлттық дизайн-орталығын құруды ұсынды

Фото: AMANAT

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Премьер-министрдің атына микросхемалар өндірісін дамыту жөнінде сауал жолдады.

— Елімізде микросхемаларды модельдеу мен сынақтан өткізуге арналған зертханалар, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз. Салада халықаралық тәжірибесі бар инженерлер мен тәлімгерлер тапшы, ал университеттер мен өнеркәсіп арасындағы байланыс әлсіз. Салдарынан микросхемаларды импорттауға мәжбүрміз. Алайда, ең өкініштісі, жаһандық жартылай өткізгіштер индустриясынан шет қалып отырмыз, — деді депутат.

Ол Үкіметке чиптер дизайны саласын дамытуға арналған кешенді мемлекеттік саясатты әзірлеп, бекітуді ұсынды.

— Үкімет шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауы қажет. Кешенді мемлекеттік саясат аясында университеттер мен колледждерде зертханалар ашу, микросхемалардың ұлттық дизайн-орталығын құрып, жобалау және тестілеу инфрақұрылымын дамыту, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ микросхемаларды жобалау бойынша оқу бағдарламаларын енгізу қолға алыну керек, — деді Әбутәліп Мүтәлі.

Бұдан бұрын Жанарбек Әшімжан Altel, Tele2, Beeline компанияларының тариф саясатын «сөз байласу» фактісіне тексеруді сұрады