-Ерболат Рахметұлы, Ақ Жайық өңірінде көптеген басшылық қызметтерде болдыңыз, олар қазіргі депутаттық қызметіңізге қаншалықты әсер етуде?
-Мен 1984 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін, еңбек жолымды өзім оқыған Фурманов орта мектебінде (Жалпақтал ауылы) физика пәнінің мұғалімі қызметінен бастадым. Бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайландым. Келер жылы Мәскеудегі жоғары комсомол мектебінде оқып, жоғары саяси білім алғаннан кейін, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болдым. 1990 жылдың сәуір айында Фурманов аудандық партия конференциясында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайландым. Партия тарағаннан кейін аудандық статистика және талдау бөлімінің бастығы болып қызмет істедім. Бертін келе, аудан әкімінің орынбасары, облыс әкімдігінің ұйымдастыру, бақылау және кадр бөлімінің меңгерушісі, облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орынбасары, қала әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының жетекшісі қызметтерін атқардым. Жалпы алғанда, 22 жыл мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп, өмір мектебінен өтіп, тәжірибе жинақтадым. Әрине, депутаттық қызметіме аудан, қала, облыс көлемінде атқарған жұмыстарым игі әсерін тигізіп жүр. Қандай да болмасын, заңға өзгеріс енгізгенде немесе жаңа заң қабылдағанда бұрынғы қызметтерімдегі орын алған жайларды ой елегінен өткізіп, заңның халыққа пайдалы болу жағын ескеріп отырамын.
-Депутат ретінде қандай мәселелерді шешуге атсалыстыңыз? Сіздің поштаңызға батысқазақстандық тұрғындардан сұрақ, өтініштер жиі түсе ме, ол мәселелердің шешілуі қалай?
-Жалпы, депутаттар елдік мәселелерді аймақтармен бірлесе отырып шешуге тырысады. Ел-жұрт күн тәртібіне қойған мәселенің оңайы болмайды. Бұл мәселелердің біразы шешімін тапса да, шешімін таппай тұрғандар да жоқ емес. Дана халқымыздың «Еңбек қажытпайды, қайғы қажытады» деген сөзінің жаны бар. Тек уақытпен санаспай еңбек ете білсек, көптеген мәселе шешіледі. Әрине, менің поштама түсетін хаттар аз емес. Оның ішінде су, жол, газ, спорттық керек-жарақтар, тұрғын үй, мемлекеттік тапсырыс, әлеуметтік-мәдени салаларға қатысты өтініштер бар. Мысалға, Сенатқа келген уақыт аралығында шешімін тапқан мәселелердің қатарында емдеу мекемелері көптеп саналады. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес салынған Орал қаласындағы ауысымына 500 адамды қабылдай алатын №5 қалалық емхананың, 200 төсектік облыстық көп бейінді балалар ауруханасының, 150 төсектік онкологиялық диспансердің, Зеленов ауданының Переметный ауылындағы 120 және Теректі ауданының Ақжайық ауылындағы 100 төсектік ауруханалардың, Ақжайық ауданының Чапаев ауылындағы 250 адамды қабылдауға лайықталған емхананың құрылыстары 2009 жылы басталып, 2011 жылы аяқталу керек еді. Құрылыс қарқыны жақсы жүргендіктен, әріптестеріммен бірге мәселе көтеріп, 2011 жылдың қаражатын бір жылға жылжыттық. Сөйтіп бұл емдеу орындары 2010 жылы, яғни бір жыл бұрын іске қосылды. Сондай-ақ Тасқала және Қаратөбе аудандарында 100 балаға арналған интернаты бар 300 орындық жалпы білім беретін мектептердің құрылысына, «Чапаев-Жаңақала-Сайқын», «Жымпиты-Қаратөбе», «Ақсай-Шыңғырлау» автожолдарын күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. «Чапаев-Жалпақтал» жолына жылына 4-5 шақырым жөнделуіне қаржы бөлінетін еді. Биыл бұл жолдың 20 шақырымына қаражаттың бөлінуіне, 2012 жылы 40 шақырым жолдың жоба-сметалық құжаттамасының әзірленуіне үлес қостық. Киров-Шежін магистралдық каналын күрделі жөндеу және аумағы 12 шақырымға дейін созылатын жаңа канал салу жұмыстарына қаржы бөлінді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ аумағында 560 орындық 9 қабатты жатақхана бой көтерді. 2010 жылға арналған республикамыздың мемлекеттік қорғаныс тапсырмасы жобасына «Оралагрореммаш» АҚ-дан өрт сөндіру автокөліктерін Қорғаныс министрлігінің қажеттілігіне алу қарастырылды. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ мен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ жыл сайын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, сонымен қатар басқа да әскери құрамалары үшін де мемлекеттік қорғаныстық тапсырмаларды орындауға қатысатын болды. Ел аумағын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында біраз мәселе шешілді. Яғни Ақжайық ауданының Мерген, Тасқала ауданының Тасқала, Оян ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, Бөрлі ауданы Приурал ауылының су жүйесі желілерін қалпына келтіруге, Жәнібек ауданы Тау, Жақсыбай, Бөкей ордасының Саралжын ауылдарында су жүйесінің құрылыстарын жүргізуге, Шыңғырлау ауданы орталығын таза сумен қамтамасыз ететін «Ардақ» бас сағасының құрылысына қаржы бөлінді. Міне, осылайша әр мәселе өз шешімін тауып келеді.
-Сенат қабырғасы бойыңызға қандай қасиетті дарытты?
-ҚР Парламентінің жоғары буыны саналатын Сенат - мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Парламенттің қос палатасының бірі. Парламентте қандай да болмасын мәселені мемлекеттік тұрғыда қарау қажет екенін сезінесің. Мемлекет неғұрлым мықты болса, халықтың да жағдайы соғұрлым жақсара түседі.
-Сізді қоғамдағы қандай мәселелер қатты мазалайды?
-Ел тәуелсіздігінің арқасында қазақстандық қоғамда бұрын-соңды болмаған әлеуметтік-экономикалық, мәдени, саяси оң өзгерістер көрініс тапты. Десек те, мені мазалайтын мәселе баршылық. Мәселен, кейбір жастардың радикалды діни ағымдардың ырқына беріліп жүргендігі. Жап-жас жігіттер кеудесіне дейін жететін сақал қойып, біздің дәстүрлі ислам жолымен емес, басқа ағымдағы жолға түсуі алаңдатады. Бұрын қазақтың жастары емес, қариялары ғана сақал қойған. Сақалдары күмістей аппақ болған соң, оларды «ақсақал» деп құрметтеген. Және де ақсақалдарымыз қаба сақал емес, кішкентай ғана шоқша сақал қойған. Дінге ден қойған әрбір азамат ислам дінінің негізгі қағидаларын ұстанып, бес уақыт намазын оқып, ел қатарлы жүргенін қалар едім. Өркениетті заманда қоғам да, адам да адаспағаны дұрыс. Екіншіден, адамдар арасындағы шынайы достық емес, пайдакүнемдік ниетпен «достық» іздейтіндердің қатары көбейіп бара жатқан жоқ па деп алаңдаймын.