Алайда кәсіпкерлер сатылым азайып, экспорт пен импорттағы әкімшілік кедергілер, маркетплейстегі жосықсыз бәсеке мен салық жүктемесі артқанын айтуда. Әсіресе шетелдік платформаларда ереже өзгеріп, негізсіз айыппұл салынады. Бүгін Мәжілісте Respublica фракциясының депутаттары осы мәселені көтеріп, электронды коммерцияға салынатын салықты жеңілдетуді, экспорттағы кедергілерді жойып, логистиканы дамыту қажеттігін көтерді.
Депутаттар мен сала сарапшыларының пікірінше, тәртіп орнату үшін қабылданып жатқан кейбір шешімдер көлеңкелі экономиканы емес, керісінше адал жұмыс істейтін бизнесті әлсіретіп жатыр.
– Ресейге тауар экспорттағанда қосарланған ҚҚС біздің кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына кедергі келтіріп отыр. Қазақстандық сатушы салықты екі рет төлейді. Соның салдарынан оның тауары ресейлік өнімнен 22-38% қымбат болып шығады. Ал 1 шілдеден бастап енгізілетін заңды импорт талаптарына қажетті инфрақұрылым дайын емес. Айналымы небәрі 300 мың теңге болатын шағын кәсіпкердің брокер жалдап, тауарын кедендік рәсімдеуден өткізуге шамасы жетпейді. Бұған қоса, маркетплейстерде сауда жасау үшін қажет NTIN жүйесі тұрақты жұмыс істемейді: жиі істен шығады, тауар карточкаларын қайталайды және сауда платформаларымен толық интеграцияланбаған», – деді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Оның айтуынша, мәселе мұнымен шектелмейді. Ірі платформалар нарықтағы басым мүмкіндіктерін пайдаланып отыр. Қазақстандық сатушылар үшін сатып алушыларға берілетін жеңілдіктер көлемі 0-5% болса, ресейлік сатушыларға 25-30% дейін жеңілдіктер ұсынылады.
Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразалиев бұл мәселеде тепе-теңдік қажет екенін айтты. Оның сөзінше, салық салу, логистика және шетелдік платформалармен бәсекеге қатысты мәселелер әлі де жан-жақты талқылауды талап етеді.
Спикер мемлекет кәсіпкерлік белсенділікті тежейтін артық реттеуге жол бермей, инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың құқықтарын қорғау арқылы барлығына түсінікті әрі әділ ережелер қалыптастыруға ұмтылып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ бүгінде онлайн сауданың бөлшек саудадағы үлесі 14,3 пайызға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір ЕАЭО және Түркі мемлекеттері ұйымы аясында электронды саудаға қатысты бірқатар келісімдер пысықталып жатыр.
Селлерлер қауымдастығының негізін қалаушы Артем Бухонин барлық талапты орындап, салық төлеп отырған кәсіпкерлерге еш жеңілдік жасалмайтынын айтты.
– Біз заң талаптарын орындаймыз, салық төлейміз. Ал ірі платформалар түрлі жеңілдіктердің арқасында ҚҚС пен корпоративтік табыс салығынан босатылған. Соның нәтижесінде микрокәсіпкер төлейтін салық көлемі кей жағдайда маркетплейстің өзінен де көп болып отыр. Мұндай жағдайда адамдарға бизнесті Қазақстанда жүргізгеннен гөрі өзге елге көшіру тиімдірек көрінеді. Біз салық төлейтін кәсіпкерлерді өз қолымызбен ығыстырып жатырмыз, – деді А.Бухонин.
Селлерлер қауымдастығы бірнеше нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда, міндетті заңды импорт талаптарын кейінге қалдыру, шағын партиялар үшін жеңілдетілген микроимпорт режимін енгізу, B2B саудасы бойынша шегерімдерді қайтару және Қырғызстан тәжірибесіне ұқсас маркетплейстерге арналған арнайы салық режимін енгізу ұсынылды. Бұл модель бойынша кәсіпкерлер ашық айналымнан 2% көлемінде салық төлейді.
Фракция осы бағытта жүйелі ұсыныстар пакетін әзірледі. Оның ішінде ЕАЭО аясында қосарланған ҚҚС-ты жою бойынша келіссөздерді бастау, NTIN және ҰТТ жүйелерін жетілдіру мен кәсіпкерлерді оқыту үшін алты айлық өтпелі кезең енгізу, сатушыларды ұлттық белгісі бойынша кемсітуге заң жүзінде тыйым салу және электронды коммерция үшін арнайы салық режимін қалыптастыру ұсынылған.
Бұл режим аясында кәсіпкерлер айналымнан емес, пайдадан салық төлеп, салық мөлшерлемесі бизнестің дамуына кедергі келтірмейтін деңгейде болуы тиіс.
Сондай-ақ салмағы 50 келіге дейінгі тауар партиялары үшін брокерсіз заңды микроимпорт режимін енгізу және импорттық өнімдерді сатып алуға арналған «Даму» қорының жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын қайта іске қосу қажеттігі айтылды.
– Алдағы алты ай ішінде бұл шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай әлеуеті 7,7 триллион теңге және 250 мың жаңа жұмыс орны болатын нарықтың орнына экономика 1,5 триллион теңге жоғалтып, шамамен 90 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін, – дейді партия.
Айта кетейік, қазақстандық компаниялар Alibaba платформасында 167,7 млн доллардың тауарын сатқан.
Қазақстанда маркетплейстерге «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарларды іздеу нәтижелерінде бірінші көрсету міндеттелуі мүмкін.