***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Созақ ауданындағы табиғи апаттан зардап шеккен 42 әлеуметтік нысан мен 1949 жеке тұрғын үйге жүргізілген құрылыс толық аяқталды. Жалпы, аудандағы әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 15 құрылыс ұйымы, 68 техника және 1184 адам жұмылдырылған болатын. «Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің күнделікті Созақ ауданындағы табиғи апат салдарынан бүлінген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жөнінде селекторлық кеңестер өткізіп, тікелей өз бақылауына алғанының және облыс халқының береке-бірлігінің арқасында жұмыс нәтижелі болды. Созақ ауданы бойынша шығын 343,4 млн. теңгені құраған»,-деп жазады газет.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, болашақта Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі үшін алаңдамайтын боламыз. Өйткені 2015 жылға дейін еліміздегі фармацевтикалық өнім шығаратын зауыттар GMP «Тиісті өндірістік тәжірибе» стандартына көшуі тиіс. Ал кеше аталған халықаралық стандарт SantoMemberoPolpharmaGroup компаниясының басқаруындағы «Химфарм» АҚ-қа табыс етілді. Бұлай етпеске шара жоқ, өйткені 2008 жылы отандық зауыттар 10 млрд теңгенің дәрілерін шығарса, былтыр бұл көрсеткіш 28 млрд теңгеге жетіп отыр. Демек, бұл салада сан ғана емес, сапа да өсуі керек. Халықаралық GMP «Тиісті өндірістік тәжірибе» стандартын Қазақстанда табыс ету - Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетіне жүктелген. Аталған комитет төрағасының орынбасары Лариса Пактың айтуынша, фармацевтикалық өнімдердің сапасы отандық өндірушілер үшін өте маңызды. Бұл мақала басылымда «Дәрінің сапасы жақсарып, саны да артуы керек» деген тақырыппен беріліп отыр.
Осы басылымда «Депутаттар хатты елей ме?» атты материал берілген. Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіруші кеңесі кеше тағы да бас қосып, өз мәртебелерін заң жүзінде бекітуді ұсынды. «Осыған дейін заң жобасын талқылау мақсатында депутаттармен де, шенеуніктермен де кездестік. Олардың ешқайсысы заңды қажет емес демейді. Бірақ мардымды жауап ала алмадық. Сондықтан депутаттарға жазбаша түрде үндеу жолдамақпыз. Заң бойынша, олар бізге бір ай ішінде жауап қайтаруы тиіс. Келген жауапты талқылаған соң, соғыс ардагерлерінің мәртебесіне қатысты заңның қабылдануына мұрындық боламыз»,- дейді Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Мұрат Абдушкуров.
***
«Алаш айнасы» газетінің «Алашты алаңдатқан сауал» айдарындағы «Кезінде доллармен берілген несиелерді теңгеге ауыстыратын кез жеткен жоқ па?» деген мақалада өзекті мәселе көтеріліп отыр. «Еліміздегі екінші дәрежелі банктердің ешбірі халық үшін жұмыс істеп жатқан жоқ. Есебін тауып, елді тонап қалуды ғана ойлайды. Мысалы көп жағдайда доллармен қабылдау банк үшін өте тиімді. Себебі ойнақы бағам үстеме ақыны болсын, негізгі қарызды болсын арттырады. Бізде несиені доллармен, еуромен және теңгемен алуға болады. Ал валютаның түрін несие алушы өзі таңдайды. Бірақ сол несиені қайтарар кезде қандай валютамен төлеймін деген таңдау жоқ, ескерілмеген. Негізі, әрине, азаматтардың өздері несиеге құжаттарын рәсімдеу кезінде таңдау жасайды. Бірақ кезінде доллармен берілген несиелерді теңгеге ауыстыру үшін заңдық тұрғыда өзгертулер мен толықтырулар қажет. Жалпы, банктердің ұсынған несиелерін ұлттық валюта - теңгемен беру жүйесіне ауысатын уақыт жетті деп ойлаймын», - дейді экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәмен.
Осы басылымның жазуынша, Жапонияда өнертапқыштарды құрметтеудің шарықтау шегіне жеткені соншалық - оларда әр ай сайын әрбір көшеде, әрбір ауданда, әр облыста өнертапқыштар сайысы болып тұрады. Бірақ келешекте өркендейміз, елде өндіріс ошақтарын жандандырамыз десек, өнертапқыштарға көңіл бөлінуі қажет. Журналистің «Іске аспайтын патентпен өнертабысты өркендете аламыз ба?» деген мақаласында өнертапқыштықты қолдау мәселесі жайлы айтылады.