Депутат Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, қазір дербес мәліметтер, тергеу материалдары, салық және қаржылық ақпарат сақталатын ақпараттық жүйелердің жай-күйі ерекше алаңдаушылық туғызады.
– Көптеген жүйе әртүрлі технологиялық платформаларда және әртүрлі мердігерлер арқылы бөлшектеп жасалған. Соның салдарынан деректердің қайталануы, жүйелердің үйлеспеуі, сүйемелдеу мен жаңғырту шығындарының артуы және ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерінің көбеюі байқалады, – деді депутат.
Сондай-ақ ол мемлекеттік ақпараттық жүйелерді есепке алу, балансына қою, цифрлық активтерді түгендеу, бастапқы код пен техникалық құжаттаманы мемлекетке беру бойынша бірыңғай тәсілдің әлі қалыптаспағанын айтты.
Депутаттардың мәліметінше, кей жағдайларда мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу мен жаңғырту мәселесінде жекелеген жеткізушілерге технологиялық тұрғыдан тәуелді болып қалған.
Мысал ретінде депутат Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі ақпараттық жүйесін атады. Онда жеткізушімен ынтымақтастық тоқтағаннан кейін әкімшілендіру, қолжетімділік, кілттер мен техникалық сүйемелдеу бойынша қиындықтар туындаған.
– Бұл мемлекет өз ақпараттық жүйелеріне толық бақылауды жоғалту қаупі бар екенін көрсетеді, – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Осыған байланысты «AMANAT» фракциясы Үкіметке мемлекеттік ақпараттық жүйелерге толық инвентаризация жүргізуді, олардың нақты иелерін, операторларын, әкімшілерін анықтауды және мемлекетте бағдарламалық қамтамасыз ету мен бастапқы кодқа құқықтардың бар-жоғын тексеруді ұсынды.
Сонымен қатар депутаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерді техникалық әкімшілендіруге толық бақылау жүргізе алмаған жағдайларына тексеру жүргізіп, құқықтық баға беруді сұрады.
Фракция сондай-ақ меншік иесі, оператор, әкімші, мердігер, қаржыландыру көзі және жүйенің маңыздылық деңгейі көрсетілетін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйелер тізілімін құруды ұсынды.
Бұған дейін дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздікке қатысты жаңа тетіктер енгізілетінін жазғанбыз.