Көлік тізгіндеудің жауапкершілігі адам өмірімен, жалпы жолдағы қозғалыстың қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын жүргізуші қауымының бір күндік өмірін оқырманға ұсыну үшін өз ісінің шеберлерін әңгімеге тартып көрдік. Жоғары лауазымды тұлғалар мен депутаттың жүргізушісі болу несімен қиын? Мұндай санаттағы жүргізушілердің жұмыс режимі қалай жолға қойылған? Кейбір сақа мамандардың осы жұмыста ондаған жыл бойы табандап жұмыс істеп келе жатуында қандай құпия бар?
Базарбек Әлиевтің бұл кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніне 25 жыл болыпты. Жақында ғана зейнетке шыққан. Ел астанасы арқа төсіне ауысқан тұста жаңа ұжымға тап болады. Сол кезеңді теледидардан көрген халықтың есінде шығар. Алматыдан Ақмолаға жеткен пойыздардан депутаттар мен лауазымды мемлекеттік қызметшілер түсіп жатқанын телеарналар жарыса көрсетткен болатын. Жаңа астанаға олардан бұрын жеткен тағы бір топ бар еді. Бұлар әлгі шенеуніктер мен депутаттардың бәрін пойыздан қарсы алып, діттеген мекенжайға жеткізу үшін алдын ала жіберілген жүргізушілер болатын. Сол топтың ішінде Базарбек Әлиев те болған екен.
«Расымен ең бірінші пойызбен 28 машинадан тұратын біздің керуен жетті. Кейін сол 28 көліктен біздің көлік шаруашылығы құрылды. Негізінен «Волга» маркалы көліктер еді. 1997 жылдың 9 желтоқсанында Алматыдан алғашқы лек келді. Олар Парламент депутаттары болатын. Ескі вокзалдың перронынан күтіп алдық. Мен 10 жыл бойы Мәжіліс төрағасының орынбасарын тасыған едім. Вокзалда сол кісіні күтіп алдым. Сыртта қатты аяз шықырлап, боран түтеп тұрды. Біз біраз күн бұрын келгендіктен бұл жақтың күн райына бой үйрете бастағанбыз. Ал депутаттар қатты мазасызданып, біразға дейін үйрене алмай жүрді. Дәл сол жылы Алматыда қар да түспеген болатын. Ал мына жақта екі күнінң бірінде боран», - деп еске алды ол.
Дегенмен қысы қатты, қар мен бораннан көз ашпайтын жаңа қалада маңызды адамдарды таситын көліктің тізгіншісі болу оңай емес еді.
«Әуелде мұндағы цех өте шағын болатын. Көлікті сонда жөндеп, сонда қолмен жуатынбыз. Алайда уақыт өте келіп, бәрі жолға қойылды. Жеке ғимарат берілген соң жаңа құралдар мен қондырғылар сатып ала бастады. Біздің гараждың Ақмолаға келген соң бірінші сатып алған көлігі «Volkswagen»-дер болды. Жігіттердің қалай қуанғаны әлі есімде», - дейді ардагер маман.
25 жыл ішінде кәсіпорын көптеген ірі делегацияларға, мемлекетаралық саммиттерде, халықаралық форумдарда қызмет көрсетті. Қазақстандық депутаттан бастап БҰҰ Бас хатшысына дейін осы көліктермен жүрді.
Серік Көбеев осы көлік шаруашылығында 22 жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқанын айтады.
Сенат спикерін, Парламент комитеттерінің төрағаларын, маңызды шетелдік қонақтар мен дипломаттарды тасыған. Шенеунік те, дипломат та - пенде. Сондықтан әрқайсысының мінезі әр түрлі болатыны түсінікті. Бірінің мінезі жайдары болса, тағы бірі тым байсалды болуы мүмкін. Бірі көлік ішінде үнсіз отыруды ұнатса, кейбірі тым сөзшең болады. Бірақ жол үстіндегі өмірі жүргізушінің қолында болатынын олар да жақсы біледі. Сондықтан бұларға барынша құрметпен қарайды.
«Біздің елге БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш келгенде Сенат спикері қарсы алуы керек болды. Шетелдік қонақтың кортежі көшеде келе жатқанда, назар екі есе артады. Әрине, бізді бастап жүретін арнайы полиция көлігі бар. Сонда да кортеждің арасына басқа көлік килікпегені маңызды. Оның бәрі жүйкеге салмақ. БҰҰ хатшысын алып жүргендегідей секемшіл болып көрмеген шығармын. Әлемдік деңгейдегі маңызды тұлға мен тізгіндеген көлікте отырды ғой. Жалпы жұмыс үнемі күйзеліске толы деуге келмейді. Қазір бұл ұжым екінші үйімізге айналған. Ең бастысы – жұмыстан үйге көңілді бару. Ұжымға жаңа келген жас қызметкерлердің тәлімгері болғандықтан үнемі білген-түйгенімді құлақтарына құйып отырамын.
«Жұмыста табанды болып, өз міндеттеріңді дұрыс атқарыңдар. Көлікке отырған жолаушының бәрін жымиып қарсы алып, жымиып шығарып салыңдар» деп айтамын. Көлік қозғалғаннан кейін басқа мәселенің бәрін ұмытып, бүкіл назарың жолда болу керек», - дейді Серік Көбеев.
Шетелдік мейманды қандай көлікпен қарсы алғаны қаншалықты маңызды болса, оны тізгіндеген жүргізушінің келбеті мен кәсіби біліктілігі де соншалықты маңызды. Мұндай жүргізушілердің бәрі сыпайы сөйлесуді әдетке айналдырғанын әңгіме арасында өзіміз де байқадық.
Қазір ел ағасы жасына келген кәнігі мамандардың көбі бұл мекемеге қылшылдап тұрған жас кезінде келген. Жалынды жастық шағы өткен ұжымды көбі қиып кете алмаған. Өздері мұның басты себебі ақша емес екенін айтады. Әрине, алатын айлықтарына шағым жоқ. Бірақ бастысы жұмыстың қызықтылығында көрінеді.
Сондай маманның бірі – бірінші санатты жүргізуші Нұрболат Әбдіқұлов. Мекемеге келгеніне 15 жылдан асқан.
Нұрболаттың көлігіне зиялы қауымның көрнекті өкілдері жиі мінетін көрінеді. Сол қысқа ғана сапардың өзінде түрлі тақырыпта әңгіме өрбітіп, рухани байып қалатынын айтады.
«Жазушы Әбіш Кекілбаевпен жүрген сапарларды ешқашан ұмытпаймын. Өте терең адам болатын! Адамның жан дүниесі, ұлттық мұрамыз туралы сағаттап айтудан жалықпайтын нағыз зиялы адам еді. Қуаныш Сұлтановпен сапарлас болу да қызықты. Көрген сайын хал-жағдайымызды сұрап, ақылын айтып, жақын адамындай сөйлесетін. Қанша асығыс болса да сыр бермейтін. Өте ұстамды адам ғой. Даңқы мен лауазымына қарамастан, сөйлесе кетсең, қарапайым қалыпқа енетін. Өзгелерге де соны үлгі етті», - дейді Нұрболат Әбдіқұлов.
Мұндағылардың айтуынша, кәсіпорында тәртіп қатал. Жүргізуші кіргенде де, шыққанда да тексеруден өтеді. Көліктің де асты-үсті мұқият тексеріледі. Ал жүргізушілер уақтылы медициналық тексеруден өтіп тұрады. Онсыз көлік тізгіндеуге жіберілмейді.
Жүргізушіге қойылатын негізгі талаптар мыналар: киім киісі көзге ұнамды, көлік тізгіндеуі қауіпсіз, қозғалыс стилі байсалды болуы шарт.
Егер жолаушы қатысатын шара күзет берілген адамдардың қатысуымен өтсе, жұмысқа Мемлекеттік күзет қызметінің, техникалық қадағалау қызметінің, жол полициясының қызметкерлері араласады. Мұндай кезде көлікті иісшіл иттер де тексереді. Ал жүргізушілерге тиісті нұсқаулар беріледі.
Мұндағы көлік шаруашылығында 287 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 189 жоғары дәрежелі жүргізуші бар. Сонымен қатар диспетчерлер, жөндеуші мамандар, жанармай құюшылар мен басқа да техникалық мамандар бар.
Күн сайын таңертең гараждан 170 көлік шығады. Былтыр бір жылдың ішінде кәсіпорын жүргізушілері 468 мың сағаттан астам уақыт рульде болған.
GPS-жетек әр таң сайын шығатын 170 көліктің бәрін алақандағыдай көріп отыруға мүмкіндік береді.
Жүргізушілердің қызметтік смартфондары да біркелкі. Көлік шаруашылығы жаңа мобильдік қосымша енгізіп жатыр. Қызметтік смартфонға түскен тапсырысты диспетчер де, жүргізуші де, көлік қызметіне жүгіне алатын лауазым иесі де көріп отырады.
Диспетчер кабинетінен өткеннен кейін жүргізушілер медициналық бөлмеге бас сұғады. Дәрігерлер оларды алкогольге тексереді. Бір қызығы медициналық қызметкерлер тексеруден өтіп жатқан жүргізушілердің аты-жөнін білмейді. Сол үшін әр жүргізушінің GR-коды енгізілген.
Осыдан кейін ғана жүргізуші күнделікті тізгіндеп жүрген көлігіне міне алады. Мекемеден шығар алдында көлік жуу стансасына бару міндетті. Содан кейін ғана жанармай құйылады. Оның бәрі көлік шаруашылығы аумағының ішінде орналасқан. Жанармай құйылған соң көлікті механиктер тексереді. Олар ешқандай ақау жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жолға шығады.
Мұндағы көліктің 57%-ы Қазақстанда құрастырылған. Кейбірі тіпті 2007 жылғы болса, да сыртында бір де бір сызат жоқ – су жаңа көліктен айыру қиын.
Былтыр мұндағы көлік паркі 17% жаңартылыпты. Ескіргендері есептен шығарылмайтын көрінеді. Олар басқа мемлекеттік органдардың игілігіне беріледі. Әсіресе өңірлер бұл көліктерді таласып алатын көрінеді. Өйткені үнемі күтімде болған көліктер ол жақта бірнеше жыл мүлтіксіз қызмет көрсететінін уақыт дәлелдеген. Көлік шаруашылығы сапындағы механиктердің жұмысын сапалы істейтінін осыдан да көруге болады.
Ұжым басшылықтың қажырлы еңбекті лайықты бағалайтынына риза.
Өздері мекеменің 25 жылдық мерейтойы талайға дейін айтып жүретін әсерлі думанға ұласқанын айтады. Жүргізушілер мен слесарьлер, жанармай құюшылар мен диспетчерлер мерекенің басты кейіпкеріне айналғанын бізге тамсанып әңгімеледі.
Бұл күні түрлі марапаттар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар, шипажайға жолдамалар табысталыпты. Өмірінің көп бөлігі көлік рулінде өтіп жатқан қызметкерлер бір сәт театр сахнасына көтеріліп, құрметке бөленген.
Ұжымға еңбегі сіңген 16 адам Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің «Үздік автокөлікші» және «Құрметті автокөлікші» төсбелгілерін алған.
Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары Олжас Данабеков қатысып, Ескендір Сейдахметов пен Сәрсембай Тойшыбековке спикердің алғыс хатын табыстаған.
Ал Парламент Мәжілісі аппаратының басшысы атынан жүргізушілер Валерий Горелов, Владимир Евпак, Ербол Жахин, Руслан Мансур, Нұрлан Өміралинов, тазалық маманы Гүлжанат Тиналиева, директордың орынбасары Айгүл Ескендірова, жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы Вероника Конрад алғыс хат алған.
Ал Айдапкел Ахметов, Рүстем Абжалиев, Әлмұқан Әубәкіров, Ақан Әлпейісов Қайрат Құланов, Талғат Құраппаев, Елубай Садиров, Халкен Сайдалин, Талғат Юсупов, Қайрат Рахымжанов сияқты бірнеше қызметкер шипажайға берілген жолдама иесі атаныпты.
Кәсіпорын келешегінен үміт күттіретін жас мамандарды тәрбиелеген ата-аналарға да құрмет көрсетіпті. Роза Кәкешқызы Саламгереева, Торғай Сатыбайқызы Ұябекова, Бағлан Кенжебайқызы Молдыбаева және Әлия Қалиқызы Бердібекова естелік сыйлықтарға ие болған.
Мерейлі сәтте ұжымның зейнеттегі ардагерлері де назардан тыс қалмапты.
«Біз үшін негізгі басым бағыт – ұжымда дұрыс климат қалыптастырып, алаңсыз жұмысқа жағдай жасау. Біз қызметкерлерді ынталандыруға, олардың еңбегін ескеріп отыруға тырысамыз. Биылдан бастап Презщидент Іс Басқармасы да жүргізушілерге шипажайда сауықтыру жолдамасын беру туралы шешім қабылдады», - деп түйіндеді МТҚБ Көлік шаруашылығы мекемесінің директоры Дәулет Асқаров.