деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат өз сөзінде «Жас Отанның» съезінде Елбасымыз бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу - жастар саясатының ең маңызды міндеті екенін айтқанын тілге тиек етті. Алайда, қазір әрбір қаламыздың түнгі өмірі Америкадағы атақты «Лас-Вегасқа» ұқсайтынын, түні бойы жұмыс істейтін дәмхана, мейрамханаларда, ойын-сауық орталықтарда жастар өте көп жүретіні байқалып отыр.
Осы орайда депутат: «Мұндай түнгі ұйқысыз өмір олардың қалыпты салтына айналған. Көптеген жастарымыз күндізгі уақытын білім алуға, спортпен айналысуға, кәсіп үйренуге емес, тәтті ұйқыға арнайды. Қасиетті Құран Кәрімде «...Алла сендерге түнді, ұйқыны тынығу етіп, күндізді кәсіпке арқау мезгілі қылды»,- делінген. Халық даналығы «Ерте тұрған адамның ырысы артық» дейді емес пе?! Ал, «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін» жастарымызды ел болашағы деп қайтіп айта аламыз? Ұлы орыс ақыны Пушкин де өзінің бір шығармасында думанды өмірге үйренген Евгений Онегинді «Уж полдень, а он еще в постеле» деп мысқылдайды. Мұндай проблема әрбір отбасында кездеседі. Әр отбасы онымен өз бетінше күресуге мәжбүр. Бұл проблеманың қоғамдық маңызы зор болғанымен, онымен күресуде мемлекетіміздің рөлі әлсіз»,- деді.
Одан әрі түнімен жүрген жастардың алдымен олардың ұйқысы бұзылып, түрлі ауруларға шалдығатынын, келе-келе араққұмарлық, нашақұмарлық, жезөкшелік пен қылмысқұмарлыққа алып баратынын айтты. Және де ата-анасы түні бойы қыдырған баланы уайымдап, ұйқысы бұзылатыны анық. Онымен қоймай қалтаға келер шығыны да ұшан-теңіз. Мысалы, Астанада түнгі клубтың бағасы 7-8 мың теңге тұрады.
Депутат басқа елдерде жағдай өзгеше екенін мысалға келтірді. Айталық, Германияда түнгі клубтар тек сенбі-жексенбіде істейді. Ал, 15 миллион халқы бар Бейжіңде түнгі сағат 10-нан кейін мүлгіген тыныштық басталады. Сеулде таң атқанша тек спорттық мекен-жайлар ғана жұмыс істейді екен.
Бұл депутаттық сауалды парламентші Нұрлан Өнербай да қолдап, қол қойған. Депутаттар үкіметтік емес жастар ұйымға бірқатар ұсыныстар жасады. Дамыған елдердің түнгі көңіл көтеретін орындардың қызметін реттейтін заңнамаларымен танысып, ойласу керектігін, еліміздің әлеуметтік инфрақұрылыс жайларының атқарып жатқан істеріне сараптама жасау қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ БАҚ пен оқу орындарында жастардың салауатты өмір сүруін қалыптастыру жайлы мәселелер көтеру керек екені, қорытынды құжат бойынша Жастар саясатының Тұжырымдамасы мен тиісті нормативтік құқықтық актілерге түзетілер енгізілуі қажет екені жөнінде ұсыныс жасады.