Депутаттарға заңды құрметтейтін адамдар жан-дүниелерін қажытқан мәселелермен келеді- В. Киянский

АЛ. 22 шілде. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Төртінші шақырылымның төртінші сессиясын аяқтаған Парламент депутаттары қазір демалыста.

Бірі демалыс орындарында болса, екінші бір депутат сайлаушылармен кездесулер өткізуді бастап кетті. ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Киянский бірнеше кездесулер өткізіп, Ақ Жайық өңіріндегі тұрғындардың жай-күйімен танысты. Оралға іссапармен барған ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында депутат бірқатар мәселелер туралы ойларымен бөлісті.

- Виктор Владимирович, жазғы демалысыңыз қалай өтіп жатыр? Сайлаушылармен кездесуіңізді қашан бастадыңыз?

- Мен Орал қаласында шілде айының 11-нен бастап кездесулер өткіздім. Атап айтқанда, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенттерімен жүздестім. Аталған білім ордасының биылғы түлектеріне диплом табыс ету рәсіміне қатыстым. Ол өте ерекше жоғары оқу орны. Телекоммуникация саласында, әр түрлі компьютер жүйесінде жаңалықтар енгізіп, жас ұрпақты заманауи мамандықтарға тәрбиелеп келеді. Олардың түлектері үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі таңда «Қазақтелеком» АҚ-ы қызметкерлерінің 50 пайызын ҚазИТУ түлектері құрайды. Оқу бітірушілердің қай жұмысқа орналасамын деген проблемасы жоқ. Университет ректоры, Инженерлер академиясының академигі Ақсерік Сарыұлы Әйтімов аталған оқу орнын инновациялық жобаларға бағыттап келеді. Жаңа ғимаратын «Назарбаев университеті» үлгісінде қайта қалыптастыруды көздеп отыр. Яғни, жаңартылған энергетика, ақпараттық жүйелер, кибернетикалық құрылымдар факультетін ашқалы жатқанын естіп білдім. Оқу орнының ұстаздарына да әлеуметтік қолдау жасалады. Тұрғын үй салып, барлық жетекші оқытушыларға биыл пәтер беріліпті. Жекеменшік университет болса да, мемлекеттік көзқарасты ұстанып отыр.

Жаңадан екі оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Жоғарғы оқу орнымен қатар оның колледжі және «Андас» оқу орталығы бар. Яғни, оларда өскелең ұрпақты білімге баулудың барлық жүйесі баспалдақты түрде қалыптасқан.

- Биыл Орал қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендер көктемгі су тасқынынан көп зардап шекті. Қалпына келтіру жұмыстарымен таныса алдыңыз ба?

- Иә, осы мақсатта Орал қаласының іргесіндегі Зачаган кентінде кездесу өткіздім. Зачаган ауылдық округы жедел қарқынды дамып келеді және тұрғындарының саны жыл санап өсіп бара жатқан мекен. Зачаган кентінің әкімі Құрманғали Байғаржановөте белсенді азамат екендігін танытып отыр.

Өзіңізге айтқандай, көктемде Жайық өңірін су басып кетті. Мен келешекте қайталанбау үшін осы оқиғаның зардаптарын жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанына назар аудардым. Саратов тас жолынан Атырау тас жолына дейін салынып жатқан тоғанды барып көрдім. Ол жай тоған емес, асфальт төселген жақсы жол ретінде салынуда. Егер келер жылдары су көтерілетін болса, тоғанның жанымен Анисино көліне барып құяды. Ешқандай елді мекенді су басып қалмайды. Су апатынан қорғанудың жақсы тәсілі жасалған. Сонымен қатар суды көбірек өткізу үшін бірнеше тас жолдарға кесе көлденең үлкен диаметрлі құбырлар орнатылыпты. Облыс және жергілікті әкімшіліктің ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанына куә болдым.

Сол секілді елді мекенді көгалдандыру, көгілдір отынмен және ауыз сумен қамту мәселелеріне көңіл бөлдім. Анисино көлін қалыпқа келтіріп, бау-бақша суару үшін пайдаланатын уақыт жетті. Ол үшін көлге көктемгі қар суы мен Жайықтан тасып шығатын суды жіберіп, су қорын сақтайтын орынға айналдыруымыз керек.

Жергілікті тұрғындармен бірге тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жақсарту мәселелерін талқыладық. Коммуналдық төлемақыны төлемейтіндердің санын азайту үшін, қуат көзін, суды заңсыз қосып алатындар аз болу үшін әр ПИК пен әкімшілік бір бағытта жұмыс істесе, тиімділігі артатыны сөз болды.

Шағын елді мекендерде, әсіресе, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты заңдардың қалай жүзеге асып жатқанына көз жеткізгендей болдық. Біз Парламентке жергілікті жерде тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа байланысты қандай істер атқарылып жатқаны жөнінде мол мағлұматпен бармақшымыз.

- Жайық өңірінің тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады екен?

- Депутаттарға заңды құрметтейтін адамдар жан-дүниелерін қажытқан мәселелермен келеді. Жуырда «Нұр Отан» ХДП-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының кеңсесінде 25-тен астам азаматты қабылдадым. Негізінен ардагерлерді, мүгедектерді, сондай-ақ көктемгі тасқын судан зардап шеккендерді тұрғын үймен қамту мәселелері қозғалды. Табиғат апатына ұшырағандарға қолдау үшін қаражат бөлінді. Бірақ кейбіреулері үйлерін жөндеуге қажетті ақшаны әлі ала алмай жүргендерін айтты. Айталық, Зеленов ауданында қалпына келтіру жұмыстары жоғарғы қарқынмен жүріп жатыр. Дегенмен, ауданның кейбір тұрғындары өтінішпен келді. Соған орай атқарушы билік органдарына «Нұр Отан» атынан хат жолдадым. Тұрғындардың келесі бір көтерген мәселесі - еңбекақысын ала алмай жүргені. Кейбір ЖШС-тер құрылысшыларға 4 ай бойы еңбекақысын төлемепті. Жуырда «Нұр Отан» ХДП хатшысы Сергей Громов та осы мәселені қозғап, Астана қаласында да жұмысшылардың еңбекақысы төленбей жатқаны туралы айтты. Сондықтан осы іспен шұғылданатын тиісті департамент пен прокуратураға аталған кәсіпорындардың қарызы жөнінде айта келіп, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу жолдарын қарастыру жөнінде өтініш жібердім.

Зеленов ауданынан қабылдауға келген ұстаздар мен ата-аналар Даринск елді мекеніндегі мектеп мәселесін қозғады. Ол жерде бұрынғы аудандық атқару комитетінің ғимаратын мектепке ыңғайластырған. Соңғы үш жыл бойы жаңа заманға лайықты қазақ мектебін салу мәселесі көтеріліп келеді. Жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжаттары жасалған. Мектеп құрылысы өткен жылы басталатыны жоспарланған. Биыл да уәде берілген еді. Бірақ нақты іс әлі басталған жоқ. Қазақ мектебінің құрылысын бастауды жедел қолға алу туралы жергілікті әкімшілік пен облыстық білім басқармасына «Нұр Отан» атынан сауал жібердім. Сондай-ақ бұл - депутаттар назарында болатын мәселе. Біз республикалық бюджетке толықтырулар енгізілген кезде Даринск мектебіне жеткілікті қаржы бөлу туралы ұсыныс жасайтын боламыз.

Мені бір арызданушының тағдыры таңғалдырды. Қабылдауға келген Людмила Провоторова 13 жыл бойы Қазақстан азаматтығын қалпына келтіре алмай әуре-сарсаңға түсіп келе жатқанын баяндады. Ол 1975 жылы Өзбекстанға жолдамамен жұмысқа жіберілген. Ташкент қаласында 1997 жылға дейін тұрғанмен, Өзбекстан Республикасының азаматтығын қабылдамаған. 1997 жылы кәмелетке толмаған екі қызымен бірге өзі туып-өскен Орал қаласының маңындағы Подстепное селосындағы өз үйіне қайта көшіп келген. Көші-қон бюросы оған уақытша тұру туралы құжат беріпті. Келер жылы үлкен қызы 16 жасқа толғанда Көші-қон бюросына тағы да өтініш жасағанмен, жеке куәлік берілмеген. Енді биыл кіші қызы 11-сыныпты бітіріп, ҰБТ-дан сыныптастарынан да жоғары 105 балл жинаса да, құжаты жоқтығынан Қазақстанның жоғарғы оқу орнына түсе алмай отыр. Құжат алудың осындай қайшылықтарына ұшырап отырған отбасының мәселесін қарау жөнінде тиісті орындарға хат жолдадым.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік қызмет департаментінде сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңның орындалу барысы жөнінде басқосу өтті. Бірқатар проблемалар туындап отыр. Біз жақсы заң жасағымыз келіп еді ғой. Қоғамның дерті болып отырған осы сыбайлас жемқорлықпен халық болып күресу керектігі туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі айтып келеді. Бүгінгі таңда заңмен бірге соған сәйкес қабылданған стандарттары мен нормативтерін қамтыған қаншама заңнамалық актілер бар?! Егер бір жерінде үтірі дұрыс тұрмаса, бір тармағы күмәнді болса, олар сыбайлас жемқорлыққа алып келетін іс-әрекет ретінде түсіндіреді. Қазіргі күнде тәртіптік кеңесте 13 қызметкердің ісі қарылып жатса, соның 9-ын жұмыстан шығару керек дейді. Шынын айтқанда, ол жерде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеті байқалмайды. Яғни, әлі де аталған қылмыс түрімен күресудің механизмінде жетілдірілмеген тұстары бар екенін айтуымыз керек. Дөңгелек үстелде осы мәселелер қозғалды. Бұл да заң шығарушыларға жергілікті жерлерде аталған заң қалай қолданылады деген тақырып бойынша мониторинг жүргізуіне ықпал етеді деп ойлаймын.

- Әдетте Сенат және Мәжіліс депутаттары топ болып аудандарға бірге шығатын едіңіздер. Осы жолы сондай іссапарларды жоспарладыңыздар ма?

- Сіз білесіз бе, бізде жазғы демалыс кезіндегі кездесулеріміздің өзіндік айырмашылығы бар. Сессия ішінде нақты он күнге келіп, өңірді аралауға бірге шығатын болсақ, жаздың екі айы кезіндегі жұмысы мен демалысын әр депутат өзі жоспарлайды.

Халыққа қызмет көрсетуде, қаражатты қабылдау мен жіберу процесінде банктердің рөлі зор. Елімізде қаржы тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлініп отыр. Мен жуырда «Тұран Әлем банкі» АҚ-ның бүгінгі жағдайымен таныстым. Салымшылармен жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанын білдім. Бұл банкі халықтың сеніміне қайтадан кіру үшін үлкен істер атқарып отырғанына куә болдым. Банкінің қызметін пайдаланушылардың саны азаймай, ұлғая түсіпті. «Тұран Әлем банкі» дұрыс стратегиялық бағытты ұстанып отырғанын байқадым.

- Кезінде өзіңіз қызмет атқарған Аграрлық университеттің ұстаздарымен, студенттерімен кездесу өткізесіз бе?

- Унивеситеттің бірқатар оқытушыларымен жүздестім. Тамыз айында кездесу өткізу ойымда бар.

- Аудандарға шығасыз ба?

- Жақында Ақсай қаласында болып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына назар аударып, осы саладағы іс-шаралармен таныстым. Қалада сүт зауыты бар. Несие алудың қиындығына байланысты өндіріс орнының өнім шығару көлемі соңғы жылдары азайып кетіп еді. Осы мәселелерге орай кездесулер өткіздім.

Батыс өңіріндегі стандарттау, техникалық регламентке қатысты мәселелермен айналыспақпын. Орал қаласында 26 шілдеде Кеден одағының көкейкесті мәселелеріне арналған үлкен семинар өтеді. Осы шараға біздерді арнайы шақырды. Мен сөз сөйлеуге тырысамын. Кеден одағының маңыздылығы жөнінде пікірімді айтамын. Өйткені Ақжайық өңірі Ресейдің 5 облысымен шекаралас жатыр.

- Тамыз айына белгілеген қандай жоспарларыңыз бар?

- Бірқатар оқу орындарында болмақпын. Дәстүр бойынша «Тамыз оқулары» өтеді. Бірнеше мәдени орындарда боламын. Атап айтқанда, көрме залына, мұражайларға, драма театрына барып, тыныс-тіршілігімен танысуды көздеп отырмын. Өйткені Батыс Қазақстанда мәдениеттің үлкен бір ошағы қалыптасқан. Бүгінгі таңда да өте дарынды жастар өсіп келеді. Мен, мәселен, дарынды суретші Нұртай Жәрденовтің шығармашылығына баса назар аударып келемін. Рухани дем беріп, қолдау жасауға тырысып жүрмін. Парламентке ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келгенде жас суретшілерге қолдау көрсету туралы мен сұрақ қойдым. Нұртайдың қаламынан шыққан тамаша туындылары бар. Мұндай жастарды қолдап, Астанаға шақырған жөн деп ойлаймын. Елорда жұртшылығына көрсеткен жөн. Сондықтан мен үнемі жазушы, суретші және өнер адамдарымен тығыз байланыста боламын.

Және де Орал қаласындағы бірқатар басылымдардың редакцияларына кіріп шығамын. Маған журналистермен өзара байланыста болу өте маңызды. Қазақ және орыс тіліндегі облыстық, қалалық газеттерге сұхбат беремін. Республикалық газеттердің меншікті тілшілерімен қарым-қатынас жасап тұрамын. Мен қатысқан іс-шараларды журналистер тұрақты жазып тұрады. «Казахстанская правда» газетінің облыстағы тілшісі Людмила Корина, «Литер» газетінің өкілі Оксана Дементьевская депутаттардың өңірдегі қызметін жан-жақты көрсетіп келеді. Сонымен қатар Оралдан шығатын «Информ-биржа» газетінде «Парламент из первых уст» деген тұрақты айдар бар. Қос Палатаның депутаттары да аймаққа кездесуге келгенде осы газетке кіріп, сұхбат беруді өздерінің парызы санайды. Ал газет көптеген сұрақтарға берілген жауаптарымызды айқара бетке жариялайды. Сұхбат беру кезінде редакцияның ұжымы түгел қатысып отырады. Барлық сұрақтарға жауап береміз. Кейде газеттің бірнеше санына жарияланады.

- Әр депутатқа да сондай мүмкіндік беріле ме?

- Иә, иә. Қабылданған жаңа заңдар, мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясаты туралы толыққанды мағлұмат береміз. Газеттің редакторы танымал журналист Сергей Кульпин. Ол бұрын «Приуралье» газетінің бас редакторы болған тәжірибелі басшы. Редактордың ұстанымы - депутат пен халықтың арасында тығыз байланыс орнату, тұрғындарыдың көкейкесті сұрақтарына жауап алу. Газеттің таралымы облыстағы алдыңғы қатарда. 20 мыңнан астам таралымы бар. Қала және облыс тұрғындарын ақпараттандырып отырады. Газет оқиғаны бұрмалаушылыққа жол бермейді. Қандай мәліметті де объективті түрде жеткізеді.

- Рақмет әңгімеңізге.