Дер кезінде қолданылған шаралардың нәтижесінде дағдарыс біз ойлағандай үрейлі болып отырған жоқ ? Г.Қарағұсова

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова «Нұр Отан» партиясының ғимаратында қоғам өкілдерімен кездесіп, Елбасының биылғы жылғы Жолдауын түсіндірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Гүлжан Қарақұсованың айтуынша, Елбасының биылғы Жолдауы өзгелерінен ерекше. Өйткені ол тек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыты ғана емес. Президент өз Жолдауында дағдарыстан шығудың басты шарты ретінде мемлекетіміздегі ішкі тұрақтылықты сақтау қажеттігін көрсетті. «Ал тұрақтылық қазіргі таңда тек біздің елге ғана қатысты мәселе емес. Елдегі тыныштық пен келісім өзге де мемлекеттер үшін басым бағыттардың бірі болып отыр. Дағдарыс шын мәнінде біздің елдігімізді танытатын сын сәт. Дағдарыс осыған дейін де болған және алдағы уақытта да болуы ғажап емес. Біз осыған дейінгі болған дағдарыстардан оның қаншалықты қиындықтарға толы өте күрделі үдеріс екендігін көрдік. Ал бұл жолғы дағдарыс алғашында біз ойлағандай үрейлі болған жоқ. Өйткені біз қажетті шараларды дер кезінде қолдана білдік», деді депутат. Сонымен қатар ол елімізде қандай дағдарыс болса да мемлекеттің әлеуметтік сала бойынша алдыға қойған міндеттері еш өзгеріссіз жүзеге аса беретіндігін атап өтті. «Қоғамдағы ішкі тұрақтылықтың бұзылуына ықпал ететін басты шарттардың бірі - жұмыссыздық. Сондықтан да елімізде осы мәселенің алдын алу үшін жұмыс орындарын қысқартпай, керісінше жаңа жұмыс орындарын ашу шараларын жүзеге асырудамыз. Бұл мақсатқа мемлекеттен 146 миллиард теңге бөлініп отыр», деді Г.Қарақұсова.