Дихан Қамзабекұлы: Бүгінгі жаңғыру - Алаш зиялыларының жүріп өткен жолы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының айтуынша, бүгінгі рухани жаңғыру шараларын іске асырғанда «велосипед ойлап табудың қажеті жоқ». Себебі оның бәрін Алаш зиялылары жазып кеткен. Соны қолға алу қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алаш зиялылары сол дәуірдің өзінде биліктің де, заң шығарушы саланың да, руханият пен білім саласының негіздерін қалыптастырды. Менің есіме 1924 жылғы тұңғыш Білімпаздар съезінің қаулысы түсіп отыр. Қазір біз айтып отырған мәселелердің бәрі қаралды. Тура сол жылы латын әліпбиі де қаралды. Ол кезде жиынға көп азаматтар қатыспайды. Соның өзінде ақыл-ойдың бірізділігі мен мәдени мұра мәселесі қаралды. Бүгінгі жазу да бар. Жасыратыны жоқ, қазір заңның өзі алдымен орысша, одан кейін қазақша даярланады. Басқа дүниелер де бар. Осының барлығы сол кезде айтылды. Терминологияны алайық, әлемде миллиондаған терминдерді аударудың қажеті жоқ. Алайда әрбір ел сол терминологияны өз заңдылығына бейімдейді. Ағылшын тілі де солай, орыс тілі де солай. Алаш зиялылары осы дүниені айтады. Тіпті, терминдерді аударудың жолдарын да көрсетіп кеткен. Былайша айтқанда, велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Сонымен бірге қазіргі жаңғырудың күретамыры - оқулық жазу, классикалық оқулықтарды аудару мәселесі бар. Бұл да - Алаш зиялыларының жүріп өткен жолы. Олар да мүмкіндігінше аударатын нәрсені аударайық, әйтпесе, өзіміз жазайық деп айтты»,  - дейді профессор Дихан Қамзабекұлы.

Бұдан бөлек, Алаш зиялыларының ел мен жер тарихына қатысты бастамалары бүгінгі «Туған жер» бағдарламасымен үндесіп отыр. «Бірінші, ауылыңның тарихын жаз, болыстың тарихын жаз, уездің тарихын жаз, губернияның тарихын жаз, содан елдің тарихы шығады» деді олар. Қазір сол дәуірдің ой-пікіріне келіп отырмыз», - деп атап көрсетті Дихан Қамзабекұлы.

Айта кетейік, бүгін ҚР Жоғарғы сотында «Рухани жаңғыру - мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Алқалы жиынға тарихшылар, тіл мамандары, әдебиетшілер мен судьялар қатысып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына, сондай-ақ «Туған жер», «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» сияқты жобаларға қатысты өз ойларын ортаға салды.

Сол жерде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов оқулықтарды аударуға қатысты өз ұсынысын ортаға салып, алдағы уақытта «Балалар әлемі» мемлекеттік порталының ашылатындығын жеткізді.