Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Степногорде болды
Вице-министр ең алдымен, «Қазақстанның жылыжай технологиясы» серіктестігінде болып, еңбек ұжымымен кездесті. Өнімдерін облысымызға ғана емес, елордаға және республикамыздың басқа да аймақтарына шығаратын іргелі кәсіпорынның жылыжай шаруашылығын дамытып, жаңа технологияларды меңгерудегі қарымды істерімен танысқан соң вице-министр өткен жылдың соңында пайдалануға берілген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған «Сказка» балабақшасына ат басын тіреді. Жеке кәсіпкердің қаржысына салынған балабақшада бүлдіршіндердің демалып, тәлім-тәрбие алуларына, ойнауларына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Бұдан кейін ол қала әкімдігінде құқық қорғау органдары басшыларымен, үкіметтік емес ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, Елбасы Жолдауына қатысты келелі әңгіме өткізді.
Елбасы Жолдауына байланысты Үкімет пен халықтың алдында тұрған міндеттер жайында, уақыт талабына сай еліміздің әлеуметтік экономикалық жағынан дамуына ықпал ететін жаңа технологияларды игеруге қатысты жан-жақты әңгімелеп берді. Бүгінде Үкімет Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бағытында бірқатар бағдарламаларды дайындауда. Ол бағдарламалардың бәрі де еліміздің әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, мемлекеттік қауіпсіздігімізді нығайтуға игі ықпалын тигізетін болады.
Кездесу барысында министрдің орынбасары өнеркәсібі дамыған Степногорск қаласынан алған әсерлері туралы да айтты. Қазіргі заманғы жаңа технологиямен жұмыс істейтін жылыжай табиғаты қатал солтүстік өңір тұрғындарын қысы-жазы көкөніспен қамтамасыз етуге елеулі үлесін қосуда. Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы да бюджет қаржысы жетпей жатқан салаларды дамытуға тың серпін беруге болатыны тәжірибе жүзінде көрініп отыр. Вице-министр осы орайда, жеке кәсіпкердің қаржысына салынған балабақшаның мектепке дейінгі мекемелерге деген тапшылықты жоюға үлкен ықпалы болатынын атап өтті.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова, қалалық мәслихаттың депутаты Дархан Балпанов Елбасы Жолдауына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев Астанадан арнайы келіп, жұртшылықпен кездесіп, Елбасы Жолдауына қатысты келелі әңгіме өткізген Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арынға алғысын білдірді.