Динаның өнер тарихында алар орны ерекше – Төлеген Қуанышев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 4 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылады. Биыл дарынды өнер иесінің дүниеге келгеніне 160 жыл толады. Соған орай тағы да қандай іс-шаралар өтетіні жөнінде, Динаның шөбересі, республикалық «Күй анасы» қорының директоры, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев ҚазАқпарат тілшісініңбірнеше сұрағына жауап берді.

Оның айтуынша, Дина ескерткішінің ашылуы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы айшықты іс- шараның біріне айналары анық.

– Төлеген Шаңғытбайұлы, Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай қандай іс-шаралар өтеді?

– Қала әкімдігінің жоспары бойынша, Дина Нұрпейісова ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі 3 шілде күні сағат 15-те басталады. Ескерткіш Абылай хан даңғылы мен күйші Дина көшелерінің қиылысында орналасқан. Жаһанды жайлаған індетке байланысты сақтық шаралары да ескеріледі. Соған орай шектеулер де болуы мүмкін. Бұл шараның таза ауада, далада өтетіні жақсы болып тұр.

Дегенмен жиналған адамдар бетперде киіп, арақашықтықты және басқа да санитарлық талапты сақтауы керек.

Мәдени жаңалыққа құлағын түре жүретін жұртшылық қызығушылығын танытып отыр. Себебі мұндай ескерткіштердің ашылмағанына біраз уақыт болды.

Ескерткішті тұғырға орната бастағаннан тұрғындар сол жерге келіп, «Бұл кімнің ескерткіші? Қашан ашылады?», - деп сұрап жүр. Өзге ұлттың өкілдері де қызығушылық танытуда. Ескерткіштің жан-жағы абаттандырылды.

Бағдарламаға сәйкес ашылу салтанатынан кейін сол жерде елордалық мемлекеттік филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Дина күйлерін орындап, шағын концерт беретіні жоспарлануда.

– Ескерткіш орнату жөнінде бастама қашан көтерілді?

– Әу баста бұған ой салған – ақын Фариза Оңғарсынова апамыздың «Мінәжат» деген өлеңі. Ол өлеңде:

«Дина апа,

Қысылып-қымтырылмай еш пендеден,

күй тартсаң, сан дүлдүлге дес бермеп ең.

Арманым – саған қойған ескерткішке

гүл қойып, бір мінәжат етсем деп ем.» - деп ой толғай келіп:

«Бейнең жоқ, рас, бұған әркім де алаң,

көңілімде сен биіксің сан тұлғадан.

Отанның қақ төрінен ұрпақтарың

Ескерткіш қояды әлі алтындаған!» деген ғажап тұжырым жасайды. Туған халқы барда Дина есімі мәңгі жасайтынын айтқан.

Міне, ақын апамыздың жырмен жеткізген көрегендігі жүзеге асып отыр. Елордада тұратын азаматтармен ақылдасып, екі-үш жыл бұрын ескерткіш орнату мәселесін қолға алдық. Сол бастама бойынша Елбасы – Қазақстанның ТұңғышПрезиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнайы хат жазылды. Оған 20-ға жуық мемлекет, қоғам және өнер қайраткерлері, күйшілер мен домбырашылар қол қойды. Ол хатта аса дарынды күйші, халық композиторы Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы келе жатыр, соған орай астанадағы Дина көшесінің бойында ескерткішін орнатуға қолдау жасауыңызды сұраймыз деген өтініш жасалды. Елбасы бірден қолдап, тиісті мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігіне, елорда әкімдігіне арнайы тапсырма берді.

Бұл істі қолға алған кезімізде Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Ирак Елекеев және басқа да елдің танымал тұлғалары рухани қолдау көрсетті. Сол бастама сәтті жүзеге асып, өтінішіміз орындалып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Бұл – халықтың қуанышы!

Еліміздің әр өңірінен, Алматыдан, Оралдан Дина апамыздың тікелей ұрпақтары мен туысқандары келе жатыр.

Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан үлкен қолдау жасалды. Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың тікелей басшылығымен министрлік ұжымы көп жұмыс атқарды.

Ескерткішке байқау жариялау, оны уақтылы өткізу, республика бойынша мүсіншілердің байқауға қатысуын қамтамасыз ету, таңдау мен талдау жүргізу істері өте нәтижелі өтті. 20-ға жуық жоба ұсынылды. Дарынды мүсінші Жалын Бауырхан деген азаматтың ескерткіш жобасы үздік болып танылды. Ол өз жұмысын бар жан-жүрегімен беріліп істегеніне разы болдық.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов азаматтық танытты. Игілікті істі ұқыпты атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтын басшы екенін көрсетті. Күйшінің ұрпақтары мен туысқандары, жалпы халықтың атынан Мәдениет және спорт министрлігіне және қала әкімдігіне алғысымызды айтамыз.

– Күйшінің өмір жолын баяндаған көлемді жинақ шықты

деп естідік.

– Иә. Динаға ескерткіш орнату идеясын бастап кеткен соң, туысқандары тарапынан бір қомақты үлес қосқанымыз жөн деп күйші туралы мақалалар, эсселер, кітаптар, сұхбаттар,

түсірілген фильмдердің барлығын жинап, сараптадым.

Қазіргі таңда менің жеке қорымда 1 мың бетке жуық еңбек бар. Бәрі де компьютерге түсірілген. Соның ішінен сұрыптап алып, 400 беттік «Күй анасы – ДИНА» атты энциклопедиялық жинақ жуырда Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарыққа шықты. Қолдау көрсеткен баспа директоры Ғарифолла Әнес мырзаға ризамыз. Жинақтың бір ерекшелігі соның ішінде екі CD дискі бар. Онда Дина Нұрпейісованың тартқан күйлері жинақталған.

4 шілде күні сағат 10-да Бауыржан Момышұлы даңғылы бойындағы қалалық Достық үйінде аталған көлемді жинақтың таныстырылымы өтеді. Оған динатанушы ғалымдар қатыспақшы.

Күйшінің өмірі де, шығармашылық жолы да күрделі әрі тарихи оқиғаларға толы. Дина апамыз жас күнінде абыз күйші Құрманғазының батасын алған ғой. Сонда Құрманғазы өз домбырасын сыйға тартып, күй өнерін болашаққа жеткізу жөнінде аманатын айтқан екен. Сол аманатты Дина Нұрпейісова орындады. Кезінде өнер зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов домбырашы, композитор Смағұл Көшекбаевты жіберіп, Дина апамызды Алматыға алдырған.

Күйші ана 70-тен асқан шағында сонау батыстағы туған жерін тастап, Алматыға барып, өз өнерін паш етіп, Құрманғазының бұрын белгісіз болып келген күйлерін де тартып, халыққа жеткізді. Сол арқылы күй атасының да мұрасы ұрпаққа жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Динаның өнер тарихында алар орны ерекше.

– Арнайы құрылған қордың жұмысы қалай жүруде?

– «Күй анасы» қорының құрылғанына бір жылдай уақыт болды. Жұмыстың ауқымы көбейіп, күйшінің 160 жылдығына дейін көптеген істерді атқару үшін қаражатты талап ететін жұмыстар көп болды. Сол мақсатта қор құрдық.

Еліміздің әр өңірінен іскер азаматтар қолдау көрсетіп жатыр. Соның арқасында біздер болашақта жүзеге асса екен деген ниетпен өнер ордасының құжатын дайындап, сызбасын

қағазға түсірдік. Есеп-қисабын шығардық. Күйшілер аллеясының жоспары мен жобасын жасадық. Бүгінде кітап жазу, дайындау, баспадан шығару оңай іс емес.

Энциклопедиялық жинақ жай кітап емес, ол біраз қаражатты талап етеді. Қолдау көрсеткен ұжымдарға, азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Ақтөбе, Атырау өңірінің

азаматтары атсалысты. Түркістан облысының Жетісай ауданынан үлес қосқан демеушілер бар.

Дина күйлерін насихаттау мақсатында еліміздің өңірлерінде онлайн концерттер өтті. «Қазақконцерт» мемлекеттік бірлестігінің ұйымдастыруымен, жетекшісі Жеңіс Сейдоллаұлының бастама көтеруімен республика бойынша челлендж жіберілді. Осы челленджіні Алматыдағы Құрманғазы атындағы академиялық оркестр бастады.

Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ұлт аспаптар оркестрлері бір-біріне сәлемдеме жолдап, бастаманы іліп алып кетті.

Өнер сүйер қауым ғаламтор арқылы онлайн режимінде тамашалады. Қошеметтерін білдірді.

Осы мерейтой қарсаңында халқымыздың дархандығын көрдім. Бөліп-жаратыны жоқ, барлық өңір Дина мұрасын насихаттуға атсалысуда. Мысалы, Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы шығармашылық орталық Дина Нұрпейісованың өмір жолын зерттеп, зерделеп, өңір тұрғындарына жан-жақты таныстыруда. Конферециялар өткізуде. Өзге ұлт өкілдері көбірек тұратын болған соң, күйші туралы еңбектерді орыс тіліне аударып, насихаттау

ісін жүйелі жүргізуде. Павлодар облысында да дәл сондай шаралар атқарылуда. Жер-жерде Динаның өнері, күйшілік шеберлігі, домбыраның қоңыр үнімен жеткізген өмірлік толғаныстары қайта жаңғырып жатыр. Дина күйлері халыққа үлкен жігер беретіні сөзсіз!

– Күйші мұрасының шетелге де көбірек танылғаны абзал. Бұл ретте не айтар едіңіз?

– Бір ғана мысал. Түркия астанасы Анкара қаласында Дина Нұрпейісова атындағы саябақ ашылды. Бұл іске атсалысып, мұрындық болған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас

xатшысы, мемлекет қайраткері Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов. Қазақ өнерін насихаттаудағы еңбегі зор. Қазіргі таңда сол саябақта Динаның мүсінін орнатамыз деген бастама көтерілуде. Бұл іске тек қазақтар емес, Түркия азаматтары да көп үлес қосуда. Олар: «Түркі әлемінде жүз

жасқа жуық ғұмыр кешіп, ұлттық өнерді, соның ішінде домбырамен күй тарту өнерін әлемдік шыңға биіктеткен әйел азаматшаларының бірі ғана емес, жалғызы!» деген тұжырым жасапты. Себебі Еуропаның танымал өнер иелеріне назар салып көріңіз, Моцарт, Бах және басқа, бәрі де ылғи ер адамдар. Бірде-бір әйел адамның аты әйгілі болмаған. Түркі әлемінде де дәл солай! Сондықтан да олар «Дина күйшіні дәріптеуді қолға алдық. Біз оны өзіміздің анамыз деп есептейміз. Ескерткішін орнату туралы шешім қабылдадық», - деп пайымды пікір айтып отыр.

– Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Елорданың оң жағалауында, әсіресе, оңтүстік-шығыс жағында жастардың баратын өнер орталығы жоқ. Осы жерде де бір руханият ошағы болғаны жөн деп есептейміз. Осы тұрғыда күйші Дина көшесінің бойында күйшілердің аллеясы немесе өнер иелерінің аллеясы болса, жарасып-ақ кетер еді! Онда елімізге танымал болған күйші, әнші, биші адамдардың есімдері жазылған тақталар орнатылса, қандай жақсы. Қорқыт бабадан бастаған күйшілердің және Ақан сері, Біржан сал, Естай ақын, Әміре Қашаубаевтардан бастап әншілердің есімдері тұрғаны жөн. Сонда оны көрген адам Қазақ елінің өнері мен мәдениеті жөнінде толық ақпар алады.

Бұл енді алдағы күндердің еншісінде. Сондай-ақ ашық алаңда жазғы сахнасы бар театр салынса, ол да өнерге жасалған құрмет болар еді. Күйші, әншілер сол жерге келіп, халыққа өнерін паш етер еді. Сенбі-жексенбі күндері тұрғындар жиналатын мәдени орталық болатынына менің көзім жетеді.

«Күй анасы» қорының келесі бір бастамасы – Дина есімін иеленген өнер орталығын ашу. Мысалы, екі-үш қабаттық ғимарат салынса, онда домбыра үйірмесін ашқан жөн. Соның

ішінен ұлттық аспаптардың мұражайын орналастыруға болады. Домбыра жасайтын шеберхана болса, қанекей!

Өзінің кітапханасы болуы керек. Шағын концерт залы болса, тамаша жоба іске асар еді. Сол маңдағы адамдар серуендеп жүретін аллеяға дыбыс күшейткіш колонкалар орнатып, қазақтың күйлерін беріп тұрса, мәдени демалыстың мәнін аша түсетіні даусыз. Танымал әншілердің орындауындағы әндер шырқалып жатса, қандай жақсы. Соның бәрі жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің даңғыл жолы емес пе?!

Дарынды жастардың сезімін оятып, шабыт берер еді. Небір жаңа туындылар шығуына себепкер болатыны анық. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласы жай емес, бұл – мемлекетті құрастырушы ұлттың астанасы! Көп ұлтты елді халықтың өнері, мәдениеті, мемлекеттік тілі біріктіреді. Қазақтың рухани байлығын сыйлап, құрметтейтін болса, сонда ғана ынтымағы жарасқан ел болады.

– Әңгімеңізге рақмет. Игі бастамаларыңыз жүзеге аса берсін.