ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен Тимур Болатұлы діни араздықты қоздырғаны және экстремизмді насихаттағаны үшін жалпы режимдегі түзету колониясында жазасын өтеуге 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Т.Болатұлы 2012 жылдың тамызы мен 2013 жылдың қазаны аралығында өзінің жақын туыстары мен тамыр-таныстары арасында радикалды діни ағымдарды таратқан. Жүргізілген сараптамалар Т.Болатұлының сөзінде құқық қорғау органдарының қудалауынан сескеніп, конспирациялық өмір салтын енгізу қажеттігі туралы түсіндірулер, сондай-ақ терроризм мен экстремизмді насихаттау белгілері бар екенін көрсетті. Оған ҚР ҚК 164-бабы 1-бөлігі және 233-1 бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған болатын.
Сот үкімі шағым түсуіне байланысты заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).