Онда департамент директоры Талғат Нығмет, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын насихаттаудағы облыстық дін істері департаментінің медиажоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, қазір еліміз бойынша діннің атын жамылған теріс ағымдарға қарсы және жаңа заң нұсқасын түсіндіруге бағытталған үгіт-насихат жұмысы кең өріс алуда. Мәселен, Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі шығаратын қос тілдегі «Мемлекет және дін» атты жаңа журнал рухани ақпарат аясын кеңіте түсті. «Дін және құқық», «Қазақстандағы ислам» журналдары да бар. Сондай-ақ Ғаламторда республикалық Дін істері агенттігінің арнаулы сайты ашылды. Енді кез-келген адамның одан толыққанды ақпарат алуға немесе өз пікірін, пайымдауын қосуына мүмкіндік берілген. Дін мәселелеріне арналған ақпараттық-әдістемелік құралдар шығару жақсы жолға қойылды. Бейнефильмдер жасау қолға алынып, бүгінде ол қуатты да нанымды үгіт-насихат құралына айналды. Діни істерге саяси, рухани-танымдық жағынан талдау жасап, алға жол сілтеп отыратын сарапшылар тобы құрылып, жұмыс істеуде.
Аталмыш департаменттің бас маманы Ғалымбек Мәжиев «Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктердің қызметі және ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының орындалу барысы туралы» шағын хабарлама жасады.
«Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі дінге қатысты саясаты үш қағидатқа негізделген. Ол - діндерге бейтарап көзқарас, барлық рухани сенімдерге төзімділікпен әрі құрметпен қарау және барлық діндердің өзара теңдігі. Дін еркіндігі де діни сенім және ар-ождан бостандығынан құралады. Бірақ мемлекет осы қағидаттарды қалыпты ұстана отырып, заңды бұзған діни ұйымдар мен миссионерлерге қатаң шаралар да қолдана алады. Бұл, біріншіден, мемлекеттің өзінің рухани тыныштығы мен қоғамдық ахуалды қорғау құқығына негізделсе, екіншіден, әлемде әлімсақтан мақұлданған қалыпты көрініс. Әрине, бізде исламның Әбу Ханифа мазхабы мен христиандықтың православие тармағына басымдылық беріліп отыр. Себебі дүние жүзінің өзге мемлекеттерінде де осындай үрдіс бар», - деді ол.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Жамал Ихсанова үгіт-насихат топтарының биылғы шілдеге дейінгі жұмыс жоспары жасақталғанына тоқталды. Ол өз сөзінде теріс бағыттағы діни ұйымдардың атауларын жиі өзгертетінін, кейде өзгелердің атын жамылатын зымиян әрекеттерге баратындығын әңгімеледі. Бұл ретте үгіт-насихат жұмысына ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері мен өзге де қоғамдағы беделді тұлғалардың белсене араласуы қажет.
Облыстық әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бас маманы Надежда Голубирдің айтуынша, діни бірлестіктер осы жылдың 26 қазанына дейін қайта тіркелуге тиіс болса да, әлі күнге дейін бірде-бір діни бірлестік ресми құжаттарын тапсырмапты. Олардың құжаттары «Халыққа қызмет көрсету» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық бөлімшесіне жіберіледі. Аталған кәсіпорын содан кейін құжаттарды әділет департаментіне бағыттайды, онда олар сараптаудан өтеді және заңға сәйкестігі тексеріледі. Соңынан діни ұйым не тіркеуден өтеді немесе өтпейді. Осы жылдың 26 қазанына дейін тіркеуден өтпеген діни бірлестіктің құжаттары сотқа жіберіледі. Сот сол ұйымның не бірлестіктің жұмысын тоқтату жөнінде немесе өзгеше шешім қабылдауға құқылы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы діни білім алудың үш сатысына тоқталды. Олар - медресе, имамдардың білімін жетілдіру институты және «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университеті. Қазір университетте екі батысқазақстандық жоғары білім алып жатыр. Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында бір имам оқиды. Өткен жылы Орал медресесін бітірген 14 шәкірттің 9-ы қалада қалып, жетеуі аудандарға жіберілді. Биыл да медресеге жаңадан шәкірттер қабылданады.