Диплом — соңғы меже емес: Қазақстан жапон ғылымы мен білімінен не үйрене алады

АСТАНА. KAZINFORM – Семейлік студенттен Жапонияның жетекші «Ritsumeikan Asia Pacific University» (APU) оқу орнының вице-президентіне дейін жеткен отандасымыз Серік Мейрмановтың жолы — шетелдегі табысты академиялық мансаптың жарқын үлгісі.

Фото Серік Мейрмановтың жеке архивінен

Kazinform тілшісіне берген сұхбатында ол жапон ғылымынан түйген басты сабақтарын, қазақстандық студенттер үшін ашылған тың мүмкіндіктерді және білімнің екі ел арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін баяндады.

Серік Қасымханұлы Мейрманов 2025 жылғы 1 сәуірден бері вице-президент қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ол осы университетте академиялық мәселелер жөніндегі декан қызметін атқарған. Қазақстанда медициналық білім алып, Жапонияда PhD дәрежесін қорғаған ғалым бүгінде еліміздің ғылым саласындағы бастамаларына да атсалысып, Президент жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің мүшесі ретінде қызмет етеді.

— Серік Қасымханұлы, бұған дейін Жапонияға қалай келгеніңіз және кәсіби жолыңызды медицина ғылымымен қалай ұштастырғаныңыз жайлы айтқан едіңіз. Енді ғылым саласына тоқталсақ. Жапония — ғылыми зерттеу мен инновация бағытындағы жетекші ел. Осы елдегі ғылыми ортада еңбек еткен жылдарыңыздағы ең маңызды сабақтарыңыз қандай?

— Рақмет, ой бөлісуге қуаныштымын. Қазақта «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген мақал бар. Жапония маған әлемге басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

Мен үшін маңызды үш сабақ бар.

Біріншісі — жапондардың шеберлікке деген көзқарасы, яғни «кодавари» ұстанымы. Бұл — әрбір іске ұсақ-түйегіне дейін мұқият қарау деген сөз. Мәселен, жапон әріптесім университеттегі небәрі 15 минуттық баяндамаға халықаралық конференцияға дайындалғандай күш жұмсауы мүмкін. Оны ешкім мәжбүрлемейді. Өйткені атқарған жұмыстың сапасы оның кәсіби де, жеке де беделінің көрсеткіші саналады. Алғашында бұл таңғалдырады, кейін өзіңді де тәртіпке үйретеді.

Екінші сабақ — «кайдзен», яғни үздіксіз жетілу қағидаты. Жапонияда көп нәрсе түбегейлі өзгерістер арқылы емес, күн сайын аз-аздан жақсарту арқылы жүзеге асады. Бүгін бір пайызға ілгерілеу ертең үлкен нәтижеге бастайды. Уақыт өте келе қарапайым зертхана үлгілі ғылыми орталыққа, ал шағын шеберхана әлемдік деңгейдегі көшбасшыға айналуы мүмкін. Бұл — шыдам мен табандылыққа негізделген даму жолы. Маған осы ұстаным өте жақын.

Үшінші сабақ — ұзақ мерзімді ойлау мәдениеті. Мұнда ірі ғылыми жобалар бірнеше жылға емес, ондаған жылға жоспарланады. Көптеген компаниялар мен ғылыми орталықтар алдағы 30–50 жылды көздеп жұмыс істейді. Соның жарқын мысалы ретінде Нагасаки мен Хиросимада жүргізіліп келе жатқан зерттеулерді айтуға болады. 1950-жылдардан бері Radiation Effects Research Foundation (RERF) қорының аясында, соның ішінде Life Span Study жобасы бойынша үздіксіз ғылыми жұмыс жалғасып келеді. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы бұл еңбек бір буыннан келесі буынға беріліп отыр. Ғалымдар бүгін жұмыс істегенде, оның түпкі нәтижесін шәкірттері көретінін жақсы түсінеді. Болашақ үшін еңбек ету қабілеті мені ерекше әсерлендірді.

Мен үшін ең күтпеген жаңалықтардың бірі – жапондар мен қазақтардың арасында ортақ дүниенің көп болуы. Басында мәдени айырмашылық өте үлкен шығар деп ойлағанмын. Бірақ жапондардың қонақ күту дәстүрін, үлкенге құрметін, ұстазға деген сыйластығын көргенде өзімізге ұқсас тұстардың аз емес екенін аңғардым.

Тағы бір қызықты жайт бар. XIX ғасырдан бері ғалымдар жапон тілі мен түркі тілдерінің арасында тарихи байланыс болуы мүмкін деген болжамды талқылап келеді. Бұл мәселе әлі нақты шешімін таппағанымен, түркі тілінде сөйлейтін адамдардың жапон тілін меңгеруі салыстырмалы түрде жеңіл болатыны байқалады. Сондықтан Жапония бізге алыста жатқан ел болғанымен, дүниетанымы мен құндылықтары жағынан жақын сезіледі.

Фото: Ritsumeikan Asia Pacific University

— Сіздің ойыңызша, Жапонияның ғылыми мектебіндегі қандай ұстанымдар Қазақстанда ғылымды, жоғары білімді және маман даярлау ісін дамытуға пайдалы болар еді?

— Жапониядан бір нәрсені сол қалпында алып, көшіріп алу керек деуге ерте сияқты. Өйткені біздің елдеріміздің тарихы да, ауқымы да, даму жолы да әртүрлі. Бірақ жоғарыда айтқан мәдени жақындықтың арқасында жапондық тәжірибенің көптеген қыры Қазақстан жағдайына оңай бейімделе алады. Көп жағдайда ойлау жүйеміз де ұқсас. Ең бастысы – осы құндылықтарды заман талабына сай білім беру және ғылыми институттардың жұмысына тиімді енгізу.

Қазір APU университетінде біз қызметімізді екі ірі бағытқа негіздеп дамытып жатырмыз. Меніңше, бұл тәжірибе кез келген ел үшін пайдалы.

Біріншісі – lifelong learning, яғни өмір бойы білім алу қағидаты. Бұл – университетіміздің жаңа стратегиялық бағыты. Біз бүгінде дипломды оқу жолының соңы деп қабылдамаймыз. Қазіргі заманда адам өмір бойы білім алып, жаңа дағдыларды меңгеріп, өзгерістерге бейімделіп отыруы керек. Сондықтан университеттің міндеті тек білім беру емес, адамның үздіксіз үйрену қабілетін қалыптастыру. Бұл әсіресе Қазақстан үшін, жоғары білім жүйесі жаңарып, еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқан жағдайда өте өзекті.

Екіншісі – multicultural education, яғни көпмәдениетті ортада білім беру. Біздің университетте студенттер мен оқытушылардың шамамен жартысы шетел азаматтары. Сондықтан біз күн сайын түрлі мәдени ерекшеліктермен жұмыс істейміз. Мәселен, жатақханадағы ас мәзірін барлығына қолайлы ету, түрлі елдің өкілдері отырған аудиторияда күрделі тарихи тақырыптарды талқылау немесе алғаш рет шетелге келген студенттің жаңа ортаға бейімделуіне көмектесу қажет болады. Бұл оңай жұмыс емес. Бірақ дәл осындай орта XXI ғасырда аса қажет қабілетті – халықаралық ортада жұмыс істей білуді қалыптастырады.

Меніңше, бұл тәжірибе бүгінгі Қазақстан үшін де өте маңызды. Бір ғана мысал келтірейін. Japan Student Services Organization (JASSO) ұйымының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың мамыр айында Жапонияда білім алып жүрген шетелдік студенттер саны 400 мыңнан асты. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Осылайша мемлекет қойған мақсатқа жоспарланған мерзімнен сегіз жыл бұрын қол жеткізілді.

Қазақстан да 2029 жылға қарай 150 мың шетелдік студент тартуды көздеп отыр. Бұл – өте дұрыс әрі маңызды бағыт. Алайда мұндай меженің артында үлкен жұмыс жатыр. Шетелдік студенттердің жаңа ортаға сәтті бейімделуі өздігінен жүзеге аспайды. Ол үшін қолдау қызметтері, тиімді бейімдеу бағдарламалары, халықаралық тәжірибесі бар оқытушылар құрамы, жайлы жатақханалар және шетелдік түлектерге арналған мансаптық мүмкіндіктер қажет.

APU университеті осы бағытта жиырма жылдан астам тәжірибе жинақтады. Сондықтан бұл мәселелер төңірегінде қазақстандық әріптестермен тәжірибе алмасып, ортақ ой бөлісуге толық негіз бар деп санаймын.

— Сіз Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхиты университетінің вице-президенті қызметін атқарып жүргеніңізге бір жылдан асты. Қазір қандай негізгі жобалармен айналысып жүрсіз? Бұл бағыттарда халықаралық академиялық байланыстар, соның ішінде Қазақстанмен әріптестік қаншалықты көрініс табады?

— Бір жыл өте жылдам өтті. Менің негізгі жауапкершілік аймағымды қысқаша айтсам, ол – студенттің аудиториядан тыс бүкіл өмірі. Академиялық тілде бұл student affairs деп аталады. Яғни студенттің жатақханадағы тұрмысы, клубтар мен үйірмелерге қатысуы, волонтерлік бастамалары, бейімделуіне қолдау көрсету, мансаптық дамуы және түлектермен байланыс. Бұған қоса outreach бағыты бар – университеттің сыртқы байланыстары: талапкерлермен, мектептермен жұмыс, түрлі елдердегі серіктес университеттермен және компаниялармен әріптестік орнату. Қысқасы, университетті тек дәріс оқитын орын емес, жанды қауымдастыққа айналдыратын барлық бағыт осының ішінде.

APU университетінде 120-дан астам елден келген студенттер білім алады. Бұл жұмыстың ауқымын да айқындайды. Біздің кампус шартты түрде шағын Біріккен Ұлттар Ұйымы іспетті. Студенттік клубтар да өте алуан түрлі: шай рәсімінен бастап компьютерлік ойындарға дейін қамтиды. Волонтерлік жобалар да кең: Беппу маңындағы жергілікті фермерлерге көмектесуден бастап Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі білім беру бастамаларына дейін жалғасады.

Менің негізгі міндетім – әр студенттің өз орнын табуына жағдай жасау. Яғни оның ортасы, айналысатын ісі, жобасы, тәлімгері немесе алғашқы тағылымдамасы болуы керек. Қазір біздегі негізгі бағыттардың бірі – карьерлік орталықты жаңарту, тағылымдама желісін кеңейту, студенттерді қолдау жүйесін күшейту және түлектер қауымдастығымен жұмысты жаңа деңгейге көтеру.

Екінші маңызды бағыт – outreach. APU тек Беппудағы кампуспен шектелмейді. Біз үнемі мектеп оқушыларымен, талапкерлермен, ата-аналармен, серіктес мектеп директорларымен және түлектермен түрлі елдерде кездесулер өткіземіз. Мен өзім де жиі сапарға шығамын, бұл ретте Қазақстанның орны ерекше. Жақында мені Шәкәрім университетінің тәуелсіз директорлар кеңесіне шақырды. Бұл маған Қазақстанның жоғары білім жүйесін сырттан бақылап қана қоймай, оны ішінен де көруге мүмкіндік беріп отыр.

Фото: Freepik

— 2025 жылдың желтоқсанында Токиода Қазақстан Президентінің сапары аясында Сіздің университет пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Бұл құжат қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

— 2025 жылдың желтоқсанында Токиода, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға сапары барысында, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен біздің университет арасында қол қойылған бұл келісімді мен уақыт талабына сай қабылданған маңызды қадам деп санаймын.

Бұл құжат екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруға, сондай-ақ мәдени-білім беру бастамаларын іске асыруға жол ашады.

Осы келісімнің негізінде қазірдің өзінде Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен нақты бағыттар бойынша әріптестік тетіктері қарастырылып жатыр. Бұл үдерісте Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауы да маңызды рөл атқарады.

— Бүгінде «мемлекеттің жұмсақ күші» ұғымы көбіне білім, мәдениет және интеллектуалдық орта арқылы көрініс табатыны айтылады. Сіздің ойыңызша, шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдар, оқытушылар мен зерттеушілер елдің халықаралық беделін қалыптастыруда қандай рөл атқара алады?

— Шетелде ұзақ жылдар бойы шынайы әрі жүйелі жұмыс істеп жүрген әрбір қазақстандық сол ортада Қазақстанды танытатын «тірі терезе» іспетті. Сол терезе арқылы сырттағы адамдар біздің елді көреді, таниды.

Жапон әріптестеріммен жылдар бойы бірге жұмыс істеген тәжірибе соны көрсетеді. Олар үшін Қазақстан туралы түсінік оқулықтан немесе жаңалықтан емес, күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады. Яғни сенің жұмысты қалай ұйымдастыратының, қиындыққа қалай қарайтының, берген уәдеңде қалай тұратының арқылы көзқарас қалыптасады. Кейін бұл әсер Қазақстаннан келген студенттерге де, алмасу бағдарламаларына да, әріптестік байланыстарға да тікелей ықпал етеді.

Бірақ бұл «тірі терезе» бір бағытта ғана жұмыс істемейді, оның ең маңызды қыры да осы. Ол тек Қазақстан туралы көзқарасты өзгертпей, екі ел арасындағы нақты байланыстарды да күшейтеді. Соның айқын мысалы – соңғы жылдары APU университетінде Қазақстаннан келетін студенттер саны айтарлықтай артты, ал алдағы уақытта бұл өсімнің жалғасатыны байқалады. Керісінше бағытта да қозғалыс күшейіп келеді: біздің университеттің оқытушылары мен қызметкерлері Қазақстанға жиі барып, жаңа бағдарламаларды талқылайды, дәріс оқиды, серіктес жоғары оқу орындарымен кездесулер өткізеді. Бұрын мұндай сапарлар сирек болса, қазір жүйелі үрдіске айналды.

Өткен желтоқсанда Президенттің Токиоға сапары кезінде мен де Жапонияда әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қазақстандықтармен бірге Мемлекет басшысымен кездесуге қатыстым. Олардың қатарында консалтинг, медицина және жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін мамандар болды. Әрқайсысының жолы бөлек, тәжірибесі де әртүрлі. Меніңше, нағыз «жұмсақ күш» дәл осындай нақты адамдар мен олардың нақты еңбегінен қалыптасады.

— Қазақстан мен Жапония арасындағы гуманитарлық және білім беру байланыстары соңғы жылдары айқын жанданып келеді. Сіздің ойыңызша, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатын қандай бірлескен жобалар мен бастамалар болуы мүмкін?

— Бұл мәселеге байыппен қараған жөн: әдемі сөз айту оңай, ал жүзеге асыру — үлкен еңбек. Дегенмен, бірлескен жобалар үшін мүмкіндік бұрын-соңды болмағандай кең ашылып тұр. Студенттер алмасуы — іргелі формат, оны әрі қарай ұлғайту қажет. Қазір Жапониядағы қазақстандық студенттер саны екі елдің әлеуетімен салыстырғанда әлі де аз. Қысқа мерзімді бағдарламалар мен дипломдық бағдарламалар бойынша дамуға жол ашық.

Келесі саты — бірлескен ғылыми орталықтар. Қазақстан мен Жапонияның қоғамдық денсаулық сақтау, мегаполистерді тұрақты дамыту және жасанды интеллект саласындағы әлеуеті жоғары. Мамыр айында Токио губернаторы Юрико Коикэнің Астанаға сапары кезінде дәл осы жасанды интеллект, жасыл технологиялар және «ақылды қалаларды» басқару мәселелері талқыланды. Жапон тарапы тәжірибе бөлісуге әзір. Президентіміз желтоқсандағы сапары кезінде бірлескен ғылыми платформа құру және Жапония университеттерінің өкілдіктерін Қазақстанда ашу туралы бастама көтерді. Мұндай тығыз қарым-қатынас кезінде екі бағыт та толықтай жүзеге асатын жобалар деп санаймын.

Жеке атап өткім келетіні – гуманитарлық бағдарламалар. Тіл, өнер және мәдениет саласындағы алмасулар ғылыми ынтымақтастықтың қосымшасы емес, керісінше оның негізі. Өйткені мәдениетті түсінбей тұрып, шынайы әріптестік орнату қиын. Қуанарлығы — Қазақстанда жапон тіліне, ал Жапонияда түркі әлеміне деген қызығушылық артып келеді.

Алматыда көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан–Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы бар. Бұл орталық арқылы мыңдаған қазақстандық жапон тілімен, бизнес тәжірибесімен және мәдениетімен танысты. Мұндай құрылымдар бір реттік жоба емес, ұзақ мерзімді және жүйелі еңбектің нәтижесі екенін көрсетеді. Осындай берік негіздің арқасында болашақта ауқымды бірлескен бастамаларды дамытуға толық мүмкіндік бар.

Фото: Серік Мейрмановтың жеке архивінен

— Халықаралық академиялық мансап құрып, ғылыммен айналысқысы келетін және әлемнің жетекші университеттерінде Қазақстанды танытқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Мен әдетте кеңес беруге асықпаймын. Әр адамның өз жолы бар, ал маған көмектескен тәжірибе өзгеге дәл солай жарайды деу қиын. Дегенмен өз тәжірибемнен түйген үш қағиданы бөліссем болады.

Біріншісі – ашық болу, open-minded. Жаңа тақырыптарға, жаңа адамдарға, өзге ғылым салаларына, басқа мәдениет пен басқа көзқарасқа ашық болу. Бұл қасиеттің менде қалыптасуына Жапониядағы тәжірибем де үлкен әсер етті. Ашықтық – халықаралық академиялық ортадағы ең маңызды дағдылардың бірі.

— Біріншіден, дүниетанымыңызды кеңейтіңіз. Жаңа тақырыптарға, адамдарға, өзге мәдениет пен көзқарасқа ашық болыңыз. «Ашық ойлау» — Жапонияда жүріп қалыптастырған басты дағдым.

Екіншіден, жолыңызды әлемдік орталықтан бастамағаныңыздан ұялмаңыз. Семейден Нагасакиге барғанымда, шағын қаладан келген қарапайым жігіт едім. Бұл — кемшілік емес, қайта — ерекше ресурс. Қазақстанда өскен адамның көзқарасы бір қалыпты ортада жүргендерден бөлек болады. Сол болмысыңызды «сәйкес келу» үшін өшірмеңіз, керісінше, оны халықаралық командадағы артықшылығыңызға айналдырыңыз.

Үшіншіден, сабырлы болыңыз. Академиялық мансап — ұзақ жол. Алғашқы ірі еңбегім жарық көруіне жылдар кетті, декан қызметіне он жылдан астам уақыттан соң жеттім. Табысты аймен емес, онжылдықпен өлшеп, күн сайын кешегіден сәл де болса артық еңбектенсеңіз, мақсатқа жетесіз.

Абайдың жиырма бесінші қара сөзіндегі: «Өзгелердің білімін үйрену үшін, тең болу үшін, өз халқыңа қорған әрі тірек болу үшін оқу керек» деген сөз ойыма жиі оралады. Бұл ой халықаралық академиялық жолдың мәнін терең ашады. Шетелде оқу — елден алыстау емес. Керісінше, басқа халықтан үйреніп, өз еліне тірек бола білу — ғылым жолындағы жас қазақстандық үшін ең дұрыс бағыт.

Осыған дейін Қазақстан мен Жапония аквашаруашылық саласында әріптестікті күшейтетіні туралы жаздық.