Дінді мемлекеттен бөлу қағидаты радикализмнің алдын алады – заңгер

Фото: t.me/konstituciyalikreforma

АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияда діннің мемлекеттен бөліну қағидаты тек декларация ретінде емес, нақты құқықтық норма арқылы айқын белгіленуі керек. Бұл пікірді Конституциялық комиссия мүшесі, «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай айтты.

Заңгердің сөзінше, ең алдымен, мемлекеттің барлық дінге қатысты бейтараптығы тікелей көрсетілуі қажет. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті мәртебеге ие болмауы тиіс. Бұл – зайырлы мемлекеттің негізгі қағидасы.

– Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимыл шекарасы айқындалуы қажет: діни ұйымдар мемлекеттік билік функцияларын атқармауы тиіс, ал мемлекет азаматтардың ар-ождан және сенім бостандығына негізсіз араласпауы керек.

Мұндай нормалар дін бостандығын шектемейді,. Керісінше, барлық азаматтардың құқығын тең қорғап, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың құқықтық кепілі болады, – деді Серік Ақылбай.

Оның айтуынша, өзгеріс мемлекет пен дін арасындағы қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруі мүмкін.

– Мұндай қадам саяси жүйе үшін тұрақтылықтың кепілі екені сөзсіз. Мемлекеттік институттар шешім қабылдағанда ешқандай діни конъюнктураға жалтақтамай, тек ұлттық мүдде мен заң үстемдігіне сүйенетін болады. Саясаттың діни идеологиядан тәуелсіз болуы – кез келген заманауи мемлекеттің, әсіресе біз секілді көпконфессиялы қоғамның іргетасы. Осы арқылы билікке деген халық сенімі артып, басқару жүйесінің кәсібилігі нығаяды, – деп қосты маман.

Заңгер сөзінен түсінгеніміз, аталған норма діни ортаға еш нұқсан келтірмейді. Керісінше, мемлекеттің бейтараптығы барлық діни бірлестіктердің теңдігін қамтамасыз етеді. Әрбір діни бірлестік мемлекет тарапынан қысымсыз немесе негізсіз араласусыз еркін дами алады.

– Ешбір конфессияға ерекше артықшылық берілмейтін жерде нағыз конфессияаралық сыйластық орнамақ. Түптеп келгенде, мемлекет пен діннің жауапкершілік аймағын нақты ажыратып аламыз. Меніңше, бұл –зайырлы, құқықтық мемлекеттің табиғи әрі өркениетті даму жолы. Мұндай қадам қоғамдағы радикализмнің алдын алып, әр азаматтың таңдау еркін қорғайтын болады, – деген ойда Конституциялық комиссия мүшесі.

Бұған дейін Серік Ақылбай Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында зайырлы мемлекеттерде дінді мемлекеттен бөлу қағидасы тікелей Конституцияда бекітілетінін айтқан болатын. Осы орайда заңгер Ата Заңда қай мемлекеттердің Конституциясындағы ұғым-түсінікті назарға алу керегін жеткізді.

Оның пікірінше, әлемдік тәжірибеде аталған мәселенің шешілу жолы әртүрлі болғанымен, мақсаты бір. Мәселен, Францияның тәжірибесінде «лаицизм» (laïcité) моделі бар. Онда Конституцияның бірінші бабында-ақ елдің зайырлы екені және діннің мемлекеттен бөлінетіні қатаң бекітілген. Бұл – ең классикалық үлгі.

Ал Германияның Негізгі заңында мемлекеттің бейтараптығына басымдық берілген. Олар дін мен мемлекетті бөлгенімен, әлеуметтік маңызды жобаларда өзара серіктестікке орын қалдырады. Түркия мен Қырғызстан Конституцияларында да аталған норма өте нақты әрі ашық жазылған.

– Қайсыбір елдің моделін «көшіріп алу» дегеннен аулақ болуымыз керек. Әр елдің тарихы мен қоғамдық құрылымы әртүрлі. Ең маңыздысы – осы елдердің құқықтық логикасын алу. Ол қандай логика? Біріншіден – мемлекеттің бейтараптығы, екіншіден – барлық конфессияның заң алдындағы теңдігі, үшіншіден – азаматтардың сенім бостандығы.

Біздің жолымыз – халықаралық стандарттарды Қазақстанның төл мәдениетімен, дәстүрлі құндылығымен және ішкі тұрақтылығымен үйлестіру. Яғни, «сырттан көшіру» емес, «өзіміздің ұлттық мүддемізге сай бейімдеу» қағидатын ұстанамыз, – деді Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай.