Домбауыл кесенесі

Домбауыл кесенесі (дыңы) (V-ІХ ғ.ғ.) Орталық Қазақстандағы ортағасырлық сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай елу төрт шақырымдай жерде,

Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағалауында, Орда Базар қаласы жұртынан (Жошыхан күмбезінен) дауыс жетер жердегі қыр үстіне оғыз-қыпшақ заманында салынған айрықша ескерткіш. Домбауыл күмбезі ардақты ер, халыққа қадірлі тұлғаның басына қойылған. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда Дешті Қыпшақ батыры делінеді. Салыну тарихы белгісіз. Домбауыл кесенесі туралы ең алғаш түсініктеме Шоқан Уәлихановтың «Қырғыз-қайсақ тайпалары туралы» деген еңбегінде берілген. Домбауыл күмбезін 1946-1947 жылдары ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Конус пішендес күмбезді құрылыстар түріне жатады Кесене арнайы қызыл-қоңыр текше тастардан қаланған. Құрылыс тасы Кеңгір өзенінің бойынан алынған. Астыңғы қабаты шаршы пішендес, ал үсті дөңгелене келіп күмбезделген. Кесененің сыртқы пошымы киіз үйге өте ұқсас, кіре берісі шығысқа бағытталған. Астыңғы бөлігінің аумағы 8,9х7,9 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаларының қалыңдығы 2 метр, ішінің аумағы 4х4 метр, есігі сопақшалау етіліп оңтүстік-шығыс жақтан шығарылған. Бұған жалпы биіктігі 1,2 метр болатын төрт баспалдақ арқылы кіреді. Солтүстік және оңтүстік жағында терезе ойықтары бар. Қызғылт-қоңыр граниттен салынған. Тастар бие сүтімен араластырылған саз-балшықпен біріктірілген. Кесененің еденіне тас аралас топырақ жайып, оның үстіне жалпақ тастар төселген. Қабырғалары 3 метрге дейін көтеріліп, көлденең бөренелермен жабылған. Бұлардың барлығы тас қалаудың қола дәуірінен бергі ежелгі дәстүрінен алынған. Осы дәстүр кесенені жабу кезінде де қолданылған. Кесененің жалпы биіктігі 6 метр шамасында. Оның тең жарымына жуығы күмбез шығаруға арналған. Ежелгі заманның сәулетшілері күмбезді мәңгі бұзылмастай етіп тұрғызған. Күмбез ұзақ уақыт сақталып, бертін келе ғимараттың бұрыштары және кіре беріс қақпасын алтын іздеушілер әжептәуір қиратқан. 1974 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бұзылған жерлері жөнделіп, қалпына келтірілді. Ескерткіштің дәл мерзімін анықтайтын дерек әзірге жоқ. Қазақстан жеріне тән сыртқы тұрқына қарап, ғалымдар оны ислам діні дендеп ене қоймаған (8-9 ғасырлар) кезеңге жатқызады. Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсата созып барып күмбезделген тас кесенелерді «үйтас», «дың» деп атаған, бұлар әр аймақтарда белгілі және көбірек тараған. Қозы-Көрпеш ? Баян сұлу кешені де осындай құрылыс. Ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша Қазақстанда дыңдар Торғай, Кеңгір өзендерінің бойында көбірек кездеседі. Қара Жыланды өзенінің бойындағы Қарадың ескерткіші Домбауыл кесенесіне өте ұқсас. Бұлардың барлығы Орта Азияға мұсылман діні тарағанға дейін VІ-ІХ ғасырларда тұрғызылған ескерткіштер. Домбауыл есімі тарихи жазбаларда да, аңыз әңгімелерде де көп кездеседі. Ол қазақ шежіресінде, жыр-толғауларында жиі айтылады Соңғы жылдары Домбауыл дыңына толығымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том. Қ.Ахметов. Ұлытау, «Менің Отаным ? Қазақстан» сериясы