Доминиканада концерт кезінде шатыр опырылып, 80-ге жуық адам қаза тапты

Фото: Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM – 8 сәуір, сейсенбі күні кешке Санто-Домингодағы (Доминикан Республикасы) түнгі клубта концерт кезінде шатыр опырылып құлап, кем дегенде 79 адам қаза тапты, деп хабарлайды DW.

Құтқару қызметінің директоры Хуан Мануэль Мендестің айтуынша, тағы 155 адам жарақат алды, ал қаза тапқандар саны артуы мүмкін. 400-ге жуық құтқарушы із-түзсіз жоғалған адамдарды үйінділерден іздестіріп жатыр.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ел астанасы Санто-Домингодағы танымал Jet Set клубының шатыры меренге әншісі Рубби Перестің өнер көрсетуі кезінде кенеттен опырылып түсті. 69 жастағы әнші де үйінді астында қалып қойған.

Әншінің қызының айтуынша, ол әкесінің тірі екені туралы хабарды оқиғадан бірнеше сағат өткен соң алған. Жарақат алған әнші әлі үйінді астында жатыр.

Куәгерлердің баяндауынша, шатыр кенет опырылып түскен – олардың бірі алғашында жер сілкінісі болды деп ойлап, басын жауып еденге жата қалғанын айтты.

Тағы бір куәгердің айтуынша, алдымен төбеден сылақ, содан кейін үстелге тас құлап, одан кейінгі соққыны цунами немесе жер сілкінісімен салыстырған. 

Билік апат кезінде түнгі клубта қанша адам болғаны туралы мәлімет берген жоқ. БАҚ мәліметінше, онда 500-1000 келуші болған. 

Доминикан Республикасының президенті Луис Абинадер қайғылы оқиға орнына келіп, басты мақсат адам өмірін сақтап қалу деп атады. Оның айтуынша, қаза тапқандар арасында Монте-Кристи провинциясының губернаторы Нельси Круз бар, ол ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмды. 

Елдің туризм министрлігінің мәліметінше, Кариб теңізінде орналасқан туристер арасында танымал жерге 2024 жылы 11 млн-нан астам адам келген.

Бұған дейін Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,5 мыңнан асқанын жазған болатынбыз.