ОРАЛ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» 9 қаңтар күні өз айдынында Саратовтың «Универсалымен» екінші кездесуін өткізді.
Бұл кездесуде оралдықтар 2:5 есебімен жеңіліс тапты. «Ақжайықтың» сапынан Петр Грибанов пен Максим Өтебалиев бір-бірден доп соқты. Қонақтардан Андрей Кабанов тағы да мергендік танытып, екі голдың авторы атанды (ол кешегі ойында «Ақжайықтың» қақпасына үш доп енгізген болатын). «Универсалдан» сондай-ақ Сергей Пантеев, Сергей Артеменко, Александр Силаев гол соғып, көзге түсті.
Екінші топта турнир кестесінде 17 ұпаймен әзірге төртінші орында келе жатқан «Ақжайық» келесі кездесулерін 12-13 қаңтарда Самара облысының «Динамосымен» өз айдынында өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).