Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» екінші ойында да Самараның «Динамосын» жеңді

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - 13 қаңтар күні Оралдың «Ақжайығы» Самара облысының «Динамосымен» екінші кездесуін өткізіп, 5:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ойында Алматыда өткен қысқы Азия ойындары кезінде ел намысын қорғап, «Ақжайықтың» құрамына келіп қосылған Хромтау допты хоккейінің түлегі Сұлтан Қадыржанов екі гол соғып, көзге түсті. Сондай-ақ Арыстан Қазыбаев, Александр Шавалдин және 1995 жылғы Максим Өтебалиев бір-бірден доп енгізсе, қонақтардан Шамиль Шагеев қана мергендік танытты.

Осы ойыннан кейін 23 ұпай жинап, үшінші орынға көтерілген «Ақжайық» 19-20 қаңтарда Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдайды.