ОРАЛ. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лига командалары арасында Оралдың «Ақжайығы» Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасымен екінші кездесуін өткізді.
Бұл ойын да айдын иелерінің басымдығымен өтіп, 5:1 есебі тіркелді.
Сөйтіп 11 ойыннан кейін 23 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта бірінші орынға көтерілді. 10 ойыннан 21 ұпайды қоржынына салған Орынбордың «Локомотиві» екінші, «Никельщик» (16 ұпай) үшінші орында келеді.
«Ақжайық» келесі ойындарын 24-25 желтоқсанда Краснотурьинскіде «Динамо-Маяк» командасымен өткізеді. Бір қызығы, бұл команданы Орал допты хоккейінің түлегі, белгілі шабуылшы Олег Чернов жаттықтырады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).