ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында бүгін Оралдың «Ақжайығы» Екатеринбургте «СКА-Свердловск» командасымен екінші кездесуін өткізді.
Бұл ойын да айдын иелерінің жеңісімен (2:6) аяқталды. «Ақжайық» сапында Александр Шавалдин мен Самат Аманшин гол соқты. 1974 жылғы А.Шавалдин - қорғаушы болса да, оралдық команда сапында соққан добын 100-ден асырған тәжірибелі ойыншы. Биылғы маусымда да ол тоғыз мәрте мергендік танытып, бұл жөнінен команда капитаны Ескендір Нұғмановтан (оның еншісінде 20 доп) ғана қалып келеді.
Қазіргі таңда 27 ұпаймен өз тобында екінші орынға түсіп қалған «Ақжайық» қалған ойындарын жаңа жылда өткізеді. 8-9 қаңтарда оралдықтар өз айдынында Саратовтың «Универсалын» қабылдайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).