ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ульяновск қаласындағы «Волга-Спорт-Арена» стадионында өтіп жатқан допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының финалдық турниріне қатысқан Оралдың «Ақжайығы» бүгін соңғы ойынында да жеңіліп қалды.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, «Ақжайық» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасына 3:6 есебімен есе жіберді. Бұл кездесуде батысқазақстандықтар сапынан ресейлік легионерлер Максим Пьянов екі, Сергей Башаев бір доптың авторы атанды.
Сөйтіп оралдықтар финалдық турнирдегі ойындарының бәрінде жеңіліс тауып, жоғары лиганың үздік командаларымен шеберлік таластыруға әлі де дайын еместігін көрсетті.
Айта кетейік, финалдық турнирде «Мурман» (Мурманск) командасы 12 ұпаймен жекедара көш бастап келеді. Сондай-ақ «Саяны-Хакасия» (Абакан) мен «Черемшан» (Димитровград) командаларының еншісінде 9 ұпайдан бар. Ертең финалдық турнирдің қорытынды күнінде осы екі клуб өзара кездессе, «Мурман» «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен күш сынасады. Осы ойындардан кейін Ресей чемпионатының суперфиналына жолдама алған қос команда белгілі болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).