ОРАЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазан қаласында өтіп жатқан допты хоккейден әлем чемпионатында ертең жартылай финалда Қазақстан құрамасы финдермен күш сынасады.
Кеше осы командалардың өзара кездесуінде 4:3 есебімен Финляндия құрамасы жеңіске жетті. Сөйтіп «А» тобында финдер бірінші, қазақстандықтар төртінші орынды иеленді. Ал екінші және үшінші орынды иеленген Ресей мен Швеция командалары жартылай финалда шеберлік байқасады. Бұл - екі күшті команданың бірі финалға шыға алмайды деген сөз. Егер Финляндия құрамасын ұтып кетсе, қазақстандықтар да тұңғыш рет финалда өнер көрсетеді. Жартылай финалда жеңген командалар 30 қаңтарда чемпиондық атақ үшін, ал ұтылған құрамалар қола жүлде үшін бәсекеге түседі.
Белгілі ойыншы-бапкер Алексей Никишов бастаған мамандар жаттықтыратын Қазақстан құрамасының сапына биыл Оралдың «Ақжайығынан» төрт ойыншы, атап айтқанда, қақпашы Ілияс Хайрекешев, Владислав Новожилов, Ескендір Нұғманов, Петр Грибанов алынған болатын. Сондай-ақ әлем біріншілігінде Орал хоккейінің түлектері Рауан Исалиев, Леонид Бедарев, Денис Максименколар да өнер көрсетуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).