14:00, 09 Сәуір 2009
Дойбыдан ел біріншілігінен батысқазақстандықтар жеңіспен оралды
ОРАЛ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Тараз қаласында дойбыдан ерлер, әйелдер және жастар арасында өткізілген ел чемпионатында батысқазақстандықтар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс құрамасының аға бапкері Данияр Жұмагелдиевтің айтуынша, айтулы додада №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі түлектері ерекше шеберлік үлгісін көрсетті. Әсіресе, әлем чемпионы Алтынай Жұмагелдиева, Альфия Қадырова, Нұрбек Ізбасар, Дмитрий Кузнецов, Іңкәр-Бегім Кереева, Кристина Литвиненко, Әлия Камалова, жеті жасар Айна Қабдірахимова алтын медальға қол жеткізіп, абырой биігінен көрінді. Сондай-ақ батысқазақстандықтар төрт күміс, үш қола жүлдені ұтып алды.
Енді батысқазақстандықтар жастар арасындағы Азия біріншілігі мен әлем чемпионатына қатыспақшы.