«Адам аспаннан түскенде Алланың аузымен өз есімін ала түседі» деген де сөз бар. Ал исламда балаға әдемі ат қою, мүбәрак есім беру - басты шара. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қиямет күні өз аттарыңызбен және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар» деген екен. Ғалымдар ХХ ғасырдан бері адамның есімі оның тағдырына, болмысына қаншалықты әсер ететіні төңірегінде зерттеулер жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болды. Осы зерттеулер нәтижелеріне сүйенсек, адамның есімі оның өміріне айтарлықтай әсер етеді, яғни баланы неғұрлым әсем есімдермен атаған сайын, тұла бойы да соған сәйкес көркемделе түседі. Демек, ата-анасының перзент алдындағы борышы ат қоюдан басталатынын, оның зор маңызға ие екенін ескергеніміз жөн. Түсінде ата-бабасының берген аянына сүйеніп ат қою - қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрінің бірі. Бір таныс құрбым тұрмысқа шығып, жүкті болған сәтінен-ақ оның баласына қандай есім қойылатыны алдын ала анықталып қойды десем, артық болмас. Оның атасы үлкен келінінен немере сүйер алдында түс көрген екен. Түсінде ақ сақалды қария екі ұл немересі болатынын айтып, олардың есімін Мұхамедқасым және Омарқасым деп атауға аян береді. Қазір қос құлыншақ - екі үйдің еркелері, аталарының сүйікті немерелері... Яғни, халқымыздың жарық дүние есігін шыр етіп жаңа ашқан сәбиге есім беруге қатысты өзіндік дәстүрі, салт-жоралғысы бар. Мәселен, азан шақырып, ат қойғанда бала болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген ырыммен баланың әке-шешесі жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жұртшылық жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, сәбидің есімін құлағына үш рет қайталайды. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалатын ырым. Қазақтың ат қоюға байланысты тағы дәстүрі - балаға ырымдап ат қою. Мысалы, одан кейінгі бала ұл бала болсын деген ниетпен жаңа туған қыз нәрестелерге Ұлбала, Ұлжан, Ұлболсын, Ұлту деген есімдер берілетін болса, көп күткен, тілеп алған, мұрат-мақсатыма жеттім-ау деген ниетпен Тілеуберген, Құдайберген, Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат есімдері берілген. Ислам дініне сүйеніп қойылған Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Сүлеймен, Хадиша сынды есімдер де бар. Ал балаға тіл-көз тимесін деген ниетпен аталарымыздың балаларына мағынасы ерсі Жаманбай, Қойшыбай, Тезекбай тәрізді елеусіз есімдер қоюында да өзіндік мән бар. Баласы шетіней берген шаңырақта жас сәбиге Аман, Есен, Жүрсін, Тұрсын тәрізді есімдер берілетін болған. Сонымен қатар ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрін жақсы ырымға балаған. «Қырықтың бірі - Қыдыр» деп, келіп қалған қонағына да ырымдап ат қойғызған. Алайда қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есімін берсе, бала көтере алмай, ауырып қалады деп сенген. Сондықтан ондай есім бергеннің өзінде есейгенше еркелетіп, басқа есіммен атаған. Қазіргі таңда да ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, ел бастаған билердің атын қоюға тырысады. Халықтың ардақтысы болған адамдардың атын қою - сол адамдардың есімін ұмыттырмау, ұрпақтың есіне салу сияқты маңызға ие. Алайда балаға ондай есім бере отырып, соған лайықты етіп тәрбиелеу ата-анаға зор жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Десек те, қазіргі жаһандану, басқаларға еліктеуімен балаға ат қоюға байланысты игі дәстүрімізден қол үзіп, жеңіл-желпі аттарды қоюға әуестеніп, берілген есімнің қадір-салмағын ұғынбай, жеңіл-желпі қарауға көндігіп кеттік. Бір мысал. Фейсбук әлеуметтік желісінде белгілі суретші, дизайнер Аңсаған Мұстафа былай деп пікір білдірген екен: «Балаларыңа мықты-мықты ат қойған жақсы ғой, қолдаймын. Бірақ аулада бір 3-4 жасар Төле би есімді бүлдіршін бар, соның шешесінің айқайы жан-дүниемді селк-селк еткізеді. «Төле би вставай быстро, Төле би ты куда лезешь, Төле би домой, Төле би не трогай, грязное», деп кете береді. Мықты ат қойған, керемет, бірақ Төлеш деп пе, басқаша ма, ұрсу керек сияқты болады да тұрады...». Шынымен де, балаға есім бергенде би, хан, төре дегенді абайлап қолдану керек тәрізді. Ұлыларымыздың есімдерін өзіміз ұлағат тұтып, қадірлемесек, кім қадірлейді? Яғни, мұндай есім берілген балаға жастайынан оның есімінің мән-маңызын, мағынасын құлағына сіңіріп өсірудің оның тұлға ретінде қалыптасуында ықпалы зор. Ал қазіргі қазақ жастары бұл туралы не ойлайды екен? Олардың балаға ат қою рәсіміне қатысты көзқарастарын білмекке Астана қаласының тұрғындарына шағын сауалнама жүргізіп көрдік. «Балаңыздың есімін кім қойды? Неліктен олай атадыңыз?», деген сауалға 32 жастағы Назгүл есімді ана «Баламыздың есімін атасы қойды», десе, Динара есімді келіншек «Балаларымның есімін ата-енесі қойды. Мына үлкен қызымның есімі Әдина - бұл қайтыс болып кеткен тәтесінің есімі, соған орай осылай атадық, ал екінші қызымның аты - Іңкәр, оны өзіме ұнаған соң қойдым. Балаға ат қойғанда оның мән-мағынасына көп мән беру керек», дейді. Санаулы айлардан соң алғашқы сәбилі болуын асыға күтіп жүрген 25 жасар Іңкәр есімді келіншек «Бірінші балама ат қойғанда үлкен кісілерге сенемін. Өзім қоятын болсам, баланың есімін таңдағанда адамның өмірі атына байланысты дейді ғой, мағыналы етіп қоюға тырысамын», деген жауабын айтты. Ал екі баланың анасы Сандуғаш қызына Кәтима есімін «пайғамбардың қызының есімі, сол кісіге ұқсасын» деп енесінің қойғанын айтады. «Үлкен баламның есімін де Мансұр деп баламның атасының әпкесі, яғни қазақтың дәстүрі бойынша үлкен адам қойды», - дейді ол. Сұралғандардың барлығы қазіргі кезде көрініс беріп қалатын балаларының есімдерін телехикаялардың кейіпкерлерімен атауды мүлдем ұнатпайтындықтарын білдірді. Ал заманауи есімдерге қатысты пікір әрқилы: біреулер жақсы есім болса, қоюға болады, десе, енді біреулері қазір мән-мағынасы саяз есімдердің көбейіп кеткенін аңғарғандарын, сол себепті оларға оң көзқараста емес екендіктерін жеткізді. «Қазақтың түсінде аталары аян беріп, дүниеге жаңа келген баланың есімін соған сүйеніп қоятын ырымына сенесіз бе?» деген сауалға да екіұдай жауаптар алдық. «Аян берген болса, солай ат қояр едім, мен оған сенемін», деген Назгүл «Ырымға, берілген аянға байланысты ат қоюға қатысты айтарым, үйдегі абысынымның түсіне енесі кіріп, қызының атын Інжу деп қойды. Ағам мен жеңгем намаз оқиды, олар перзенттерін Кәусар сүресінің атымен атады», дейді. Ал Іңкәр есімді сіңіліміз: «Берілген аянға сенбеймін. Өз қалауымша қоямын. Балама ат қойғанда атақты, ұлы адам болса, оны танитын болсам, егер ол адамның өмірі қиын болса, ондай адамның атын қоймас едім, егер өмірі жақсы болса, қояр едім», деген көзқарасын жеткізді. «Сондай-ақ балаға есім беруде нені негізге алу керек, нені ескерген жөн? Балаларға қандай есімдер қою керек деп санайсыз? Ұлы, атақты адамдардың есімдерін берген дұрыс па?» деген сауалымызға көпшілігі, әсіресе, қыз балаға әдемі, жақсы есімнің қойылғанын қалайтындарын айтты. Сұралғандардың пікірінше, нәрестелерге ұлы адамдардың есімдерін беруде еш сөкеттік жоқ. Сонымен, жас елордалықтарға жүргізілген шағын зерттеуіміз көрсеткендей, олардың өз бөбектеріне халқымыздың ұлы, текті тұлғаларының есімдерінің қойылуын құптайтындарын аңғардық. Сондай-ақ сәбиге ат қоюда үлкенді сыйлап, өмірден көрген-түйігені мол жасы үлкендердің тәжірибесіне сүйеніп, сол кісілерге жол беру дәстүрін қазіргі жастардың әлі де ұстанатындығы, әрі қазақтың азан шақыру, ырымдап ат қою тәрізді дәстүрлерінен хабардар екені де көңілімізді қуантты. Бұрынырақта ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда Құран оқып, кітапқа қарап қойғанын еске түсірсек, қазір де діни сенімге орайластырылған есімдерді қою кеңінен тарағанын байқадық. Түйіндей келе айтарымыз, мына жарық дүниенің есігін жаңа ашқан шақалаққа ат қояр кезде оның да өзіндік жөн-жоралғысы мен мән-маңызы, әр есімнің өзінің білдірер мағынасы барын, ертең ес жиып, етек жиған шағында сол адамның өміріне елеулі ықпал етерін естен шығармайық. Гүлнара Жомартова
01:25, 24 Мамыр 2015
Дүниеге келген сәбиді белгілі тұлғаның есімімен атау қаншалықты дұрыс?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бауыр еті - баласы дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Қазақ қашан да балаға есім қоюға ерекше мән берген, себебі, ол мұның болашақ өміріне, тағдырына өз әсерін тигізетінін анық түйсінген.