Дүниежүзілік Контрацепция күніне орай елімізде әр түрлі шаралар өтуде

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Қыркүйек айының 7-сі мен 11-і күндері аралықтарында  Дүниежүзілік Контрацепция күніне орай Қазақстанның барлық аймақтарында «Сенің денсаулығың, сенің өмірің, сенің дауысың» атты ұранмен әр түрлі шаралар өтуде.

Бұл туралы бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны ұйымдастырушы Байер-Шеринг Фарма компаниясының өкілі Гүлнар Рахимованың айтуынша, Алматы қаласы мен аймақтардағы колледждерде, университеттер мен оқу орындарында семинарлар мен тұсаукесерлер өтуде. Әйелдерге кеңес беру орталықтарында «ашық есік» күндері ұйымдастырылды. Қыз-келіншектерге отбасын жоспарлау, репродуктивті денсаулықты сақтау, контрацепциялар туралы кәсіби мамандар кеңес беруде. Халықты кеңінен құлақдар етіп, ақпараттар тарату үшін медициналық қызметкерлерге арнайы материалдар да ұсынылған.Жастарға қазіргі контрацепция тәсілдерімен таныстыру мақсатында шараларға жасөспірімдер, репродуктивті жастағы әйелдер мен ерлер, денсаулық сақтау саласындағы мамандар, ата-аналар, мұғалімдер, діни және қоғамдық ұйымдар тартылды.

Биыл  Дүниежүзілік Контрацепция күні үшінші рет аталып өтіп жатыр. Бұл  шараға  70-тен астам ел қатысуда. «Шараның мақсаты - әлем бойынша әйелдердің денсаулығын сақтауда контрацепцияны насихаттау,  жастарға таныстырып, ақпарат беру, контрацепция мен отбасын жоспарлау тәсілдерін таңдауға кеңес беру», дейді Байер-Шеринг Фарма компаниясының өкілі.