Дәрігердің айтуынша, ми ісігі тек бас миында пайда болатын дерт емес. Ол адам ағзасындағы тіндердің генетикалық өзгеріске ұшырауынан қалыптасатын ісіктердің бір түрі. Мамандар оларды қатерлі және қатерсіз деп бөледі. Соның ішінде менингиома секілді қатерсіз ісіктер жиі кездеседі.
– Ми ісігінің пайда болуына әсер ететін нақты бір фактор жоқ. Ғылыми деректерде генетикалық өзгерістер, тұқым қуалайтын синдромдар мен басқа да қауіп факторлары көрсетіледі. Алайда бұл отбасы мүшелерінің бәрінде міндетті түрде кездеседі деген сөз емес. Тек аурудың даму қаупі жоғары болуы мүмкін, – дейді Исламбек Мұсабеков.
Дәрігердің сөзінше, бүгінгі таңда диагностиканың дамуы ми ісіктерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияның қолжетімділігі артып, көптеген науқас ауруды бастапқы кезеңде анықтай алады.
Сонымен қатар нейрохирургияда емдеу тәсілдері де түбегейлі өзгерген. Бұрын тек ашық операциялар жасалса, қазір тіліксіз немесе аз инвазивті технологиялар кеңінен қолданыла бастады.
– Орталық Азияда тек Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында гамма-пышақ технологиясы бар. Бұл әдіс арқылы бас сүйегін ашпай-ақ ісік жасушаларына сәулелік әсер етуге болады. Сонымен бірге тамырішілік операциялар дамып келеді. Мұндай жағдайда дәрігерлер қолдағы немесе бөкседегі қан тамыры арқылы мидағы патологиялық аймаққа жетіп, қажетті ем жүргізеді, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, қазіргі медицинаның басты бағыты – науқастың қалыпты өміріне барынша аз әсер ететін әдістерді қолдану. Осы мақсатта роботтандырылған жүйелер, нейронавигация, нейромониторинг және ояу күйде жасалатын операциялар енгізілген.
– Кейбір оталар кезінде науқас ұйықтатылмайды. Мұндай кезде операция бөлмесінде нейрохирургпен қатар невропатолог, логопед және психолог жұмыс істейді. Олар науқастың сөйлеу, қозғалыс және басқа да маңызды функцияларын бақылап отырады. Бұл қазіргі медицинаның ең жоғары деңгейдегі мүмкіндіктерінің бірі, – дейді Исламбек Мұсабеков.
Нейрохирург бүгінде өзі де ми ісіктерін емдеудің жаңа тәсілдері бойынша ғылыми зерттеу жүргізіп жатқанын айтты. Оның бірі – ісікті қоректендіретін қан тамырларын жабу арқылы оның көлемін кішірейтуге бағытталған эмболизация әдісі.
Маманның сөзінше, бұл бағыттағы зерттеулерге АҚШ, Жапония, Германия, Италия және Үндістан елдерінің нейрохирургтары қатысып жатыр. Ал қазақстандық нейрохирургия мектебі бүгінде халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
– Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылған кезден бастап елімізге әлемнің жетекші мамандары келіп, тәжірибесімен бөлісті. Соның нәтижесінде қазір Қазақстандағы нейрохирургиялық көмек әлемдік деңгейде көрсетіліп жатыр деп сенімді түрде айта аламыз, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, Денсаулық сақтау министрлігі елімізде жыл сайын 36 мың нейрохирургиялық операция жасалатынын айтқан еді.