«Дүрілдеп тұрған депутат кім?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 16 шілде, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қорғаныс министрлігінде министрліктің техникалық мамандары ЕҚЫҰ-ның, Ресей Федерациясы мен Украинаның сарапшы мамандарының тікелей қолдау көрсетуімен «меланж» зымыран отынының пайдаланылмаған 410 тоннасын Ресейдің мамандандырылған кәсіпорындарына қайта өңдеуге жөнелту жұмыстарын аяқтағаны туралы хабарлады. Қорғаныс министрлігінің жанындағы Қару-жарақты қыс­қар­туды бақылау және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың бастығы, полковник Амангелді Әубәкіров Кеңес Одағы тараған соң Кеңес Армиясының орташа және жақын қашықтықтағы зымырандар мен зымырандар кешендерінде пайдаланылатын «меланж» отынының мол қо­ры бұрынғы одақтас елдердің аума­ғында қалып қойғанын айтты. Қазақстанда бұл отын қоры Ал­маты облысындағы Сарыөзек кен­ті­не жақын жерде Қорғаныс министр­лігінің арнайы цистерналарында сақталып келген. Қауіптілігі өте жоғары бұл сұйықтықтың ұзақ уақыт тұрып қалуы қоршаған орта мен жергілікті халыққа қауіп төн­дірген. Бұл материал «Меланж» мәселесіне нүкте қойылды» деген тақырыппен берілген.


Осы басылымда Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраевпен болған сұхбат берілген. «Әлемде кейбір дерек бойынша - 250, өзге бір мәліметтерде - 200 миллион түркі халықтары бар делінеді. Олар ана жақтан, мына жақтан жиналған бір құранды халық, бір-біріне тілдік, басқа даму жолдарымен ықпал етуі арқылы осындай үлкен этносқа айналды деп дәлелдеу үшін өте мықты деректер керек. Мұны бірер фактының негізінде айта салуға болмайды. Сондықтан түп тамыры бір дегенге күдікпен қарау әзірге болғанымен, бұл - дәлелденбеген нәрсе. Дәлелденбегені - бұл түркі халықтарының бірі сонау Сібірде, Солтүстік Қиыр Шығыста - Якутияда, екінші саласы Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропаға дейінгі аралықты мекендеп жатыр. Қуатты түп негізі болмаса, осыншама территорияға таралған халықтардың барлығы да бір-біріне тек тіл, мәдениет арқылы әсер етті деп дәлелдеу мүмкін емес. Ресейлік ғалым С.Кляшторный түркі халықтары бір негізден шықпаған дейді. Бірақ мұндай пікір аса көп емес. Ал түркітанушы ғалымдардың бәрі дерлік түркі халықтары о баста бір негізден, бір түп тамырдан тарағандығына күмән келтірмейді. Мен де ғалым ретінде осы екінші пікірді қолдаймын»,-дейді Шәкір Ыбыраев.


***


«Айқын» газетінде «Ең арзан бас қайда» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Сұрақты неге бұлай төтесінен қойып отырмыз? Мұның жауабын да бірден айта салу қажет. Ең арзан бас Қазақстанда... Біз қазір басты қадірлеуден қал­дық. Бас дегенде табақ тартқанда сыйлы қонаққа ең алдымен ұсынылатын қойдың басы емес, қазақтың басы. Қа­зақтың басы бас киімінен басталады. Қазақтың ақ қалпағы сауналар мен моншалардың «көркіне» айналды. Қазақтың тақиясы Қытайдың ең арзан тауары десек те болады, той атау­лыда тойбастар табағын толтыратын болды. Қазақтың бөркі мен тымағы ұлт­тық кәдесый сататын дүкендердің төбесіне ілінді. Қазақтың бас киімі көрінген сауда дүңгіршегінде сатуға қойылды... О заманда бұ заман қазақ бас киімін сатпақ түгілі, біреуге беруші ме еді?!.

Қазақстан - байлығы жағынан әлемдегі алдыңғы қатардан көріне­тін ел. Бірақ сол байлық елге бұйырып отыр ма? Бұрын Кеңестер Одағы ши­кізат шылауы етті деп келдік. Енді қазір кімнің шылауына айналдық? Қа­зақтың байлығына қаптаған шетелдік көзінің сұғын ғана қадап қойған жоқ, майлы жіліктің басын кеміріп, тұмсы­ғын тығып, ұмсынып отыр. Қашан со­рып біткенше, араны ашылғанын қой­майды. Одан қалды, өзіміздің жиырма шақты жалмауыздың көзі де, өзі де тоймайды. Бас киімі қадірсіз елде, же­ке бастың қадірі болушы ма еді?! Бас киімі қадірсіз халықтың қасиеті басында тұрушы ма еді?! Біздің елде талай іс­тің басы басталып, аяғы тасталып жат­қанының түпкі себебіне үңіліп көр­дік пе?»,-деп жазады мақала авторы.

Осы басылымның жазуынша, «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі қазақ Парламентіндегі ең ықпалды және алдағы уақытта қызметі өсуі мүмкін депутаттардың тізімін жариялады. Айтпақшы, өткен жылы олар қызметі өсуі мүмкін тұлғалардың қатарында мәжілісмен Мұрат Әбеновті атаған болатын. Айтқандары орындалды. Биыл қызметі өсетін депутаттардың қатарын мәжілісмен Мұхтар Тінікеевпен шектеген «Рейтинг.кz.» күзге қарай бұл тізім сенаторлармен жалғасады деп отыр. «Мемлекеттік қызмет, Мәжілістегі ең­бек өтілі жиырма жылдан асып кеткен де­путат Мұхтар Тінікеев Үкімет құра­мында вице-министр қызметіне та­ғайындалады» деген болжамы күзде ақиқатқа айналуы мүмкін. Зерттеушілер бұл рейтингте бірқатар факторларды ескеріпті. Депутаттық мәр­тебеге дейінгі атқарған қызметі, Пре­зидент тарапынан сенім деңгейі, билік элитасындағы байланыстары мен мүм­кіндіктері, сонымен қатар эконо­микалық ресурстарының болуы қарас­тырылған. Сөйтіп, саралай келе, Мәжі­лістегі ең беделді 10 депутаттың тізімін түзіпті. Бұл жайында «Дүрілдеп тұрған депутат кім?» деген мақалада берілген.

***


«Мемлекеттік тілді үйрену керек, білу керек екеніне бүгінгі таңда елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің де көзі жете бастағандай. Бұған да шүкір делік. Десек те, мемлекеттік тілге, оның жағдайына қырын қараушылық психологиясы жекелеген азаматтар тарапынан әлі күнге дейін сақталуда»,-деп жазады «Ана тілі» басылымы «Аты қазақ, заты басқа» деген мақалада.