«Джон Керри Мемлекеттік хатшы қызметіне қалай келді?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 1 наурыз, жұма шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Джон Керри Мемлекеттік хатшы қызметіне қалай келді?» деген тақырыппен сараптамалық мақала берілген. Ең тәжірибелі сенаторлардың бірі, белгілі сая­саткер Джон Керридің АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметіне ресми түрде кіріскеніне үш аптадан астам уақыт өтті. Конгресте оның кандидатурасына демократтар да, республикашылар да түгелге жуық қолдау білдіріп, дауыс берді. Бұл бірнеше ғасырлық тарихы бар АҚШ Конгресінде өте сирек кездесетін жағдай еді. Бүгінде сарапшылар жаңа Мемлекеттік хатшының бұл жоғары лауазымды қызметке осыдан төрт жыл бұрын, яғни Барак Обаманың президенттік сайлауда жеңіске жетіп, алғаш рет ел президенттігіне сайланған кезде келуіне мүмкіндігі болған деген пікірлер айтады. Өйткені, президенттік сайлаудың алдын ала нәтижесі жария етілісімен, елдің сыртқы саясатына басшылық жасауға лайықты әрі негізгі үміткерлердің бірі ретінде осы Джон Керридің аты аталған екен. Бұл жерде оның ішкі және сыртқы саясаттағы мол тәжірибесі, өткір мәселелерді шешудегі белсенділігі басшылыққа алынса керек.

Осы басылымның жазуынша, Хромтау қаласында моноқа­ла­ларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағ­дарламасына сәйкес кәсіпкерлікті қолдау орталығы құрылды. Бұл іс-шараны «Даму» қорының Ақтөбе облыстық аймақтық филиалы Хромтау ауданының әкім­дігімен бірлесіп ұйымдастырды. Адамдардың көрсетілетін қызметтерге қолже­тім­ділі­гі­не ыңғайлы болу үшін моно­қа­ла­лардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтары еліміздің бар­лық аймақтары бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында орналастырылуда. Осыған орай, Хромтаудағы кәсіпкерлікті қолдау орталығы да жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында орналастырылды. Аталған орталықты құрудағы басты мақсат халықтың және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға жәрдемдесу, сондай-ақ кәсіпкерлік саласында сапалы консал­тингтік қызмет көрсету болып табылады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, жылда түрлі табиғи апаттармен «күреске» Төтенше жағдайлар министрлігі қыруар қаржы шығындайды. «Әрине, «апат айтып келмейді». Десек те, сол апаттың алдын алуға болатын секілді. Өйткені соңғы он жыл ішінде мемлекетке Божко мырзаның құзырындағы «білікті мамандар» дер кезінде анықтай алмаған оқиғалар көптеген зиян келтіргені баршаға белгілі. Ал олардың алдын алуға, дәлірек айтсақ, апатты жағдайдың боларын күні бұрын анықтауға болатын еді ғой. Айталық, көктемгі тасқын су боларын анықтау қанша қиын? Бірақ Төтенше жағдайлар министрлігі оны күні бұрын болжай алмады да «Қызылағаш оқиғасы» қасіретті болды. Оны бастан кешіріп, енді ес жинаған кезде Батыс аймақта тасқын су ірі елді мекендерді «басып алды». Биылғы өтіп бара жатқан қыс ішінде оңтүстік облыстардың біраз ауылдарын су басты»,-деп жазады басылым. Бұл мақала көпшілік назарына «Қыруар қаржы суға ағып кете бере ме?» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

«Астаналықтардың, алматылықтардың және облыс орталықтары тұрғындарының заңды құқықтары шектелетін болды. Ел Үкіметін бұрын-соңды болмаған мұндай қадамға қазіргі туындаған жағдай итермелеп отырған көрінеді.Осы орайда кеше Парламентте жерге қатысты жаңа заңның тұсауы кесілді. Бұл жобаға сәйкес, аталған ірі қалалар айналасында тегін жер енді берілмейді! Тағы бір жаңалық: дәл осы заң жобасы аясында алда Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді алып, оны игермейтін тұлғалардың «қара тізімі» түзілетін болды»,-деп жазады «Айқын» газеті «Енді жер алу жеңіл болмайды» атты мақалада. Үкімет Парламентке енгізген «Қазақ­станның кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталған жаңа заңның жобасымен«жеке тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке тегін жер телімін беру нормасын бұдан былай Астана, Ал­маты қалаларына және облыс орта­лықтарына таратпау» ұсынылып отыр.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, көмір қымбаттап, нарықтың нар қыспағы жағадан алған жылдары сексеуілге жаудай тигендер оны тамырымен қопарып, тұқымын таппастай құртып жібере жаздағаны бар. Тіпті сексеуіл сыңсыған аймақтарда бүгінде түбірі де қалмай оталып кеткендері де жоқ емес. Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміздегі сексеуіл алқаптарының көлемі соңғы 20 жылда 4 есеге кеміген екен. Бұл мақала «Сексеуіл сиреп барады» деген тақырыппен берілді.

Осы басылым «Ой-көкпар» айдарында «Алимент мөлшерін азайту керек» деген ұсыныспен келісесіз бе?» деген мәселе көтеріліп отыр. Елдегі ажырасушылар санының жыл санап артып бара жатқанына алаңдаған мамандар «алимент мөлшерін азайту керек» деген ұсыныс айтуда. Олар «балаларымды алиментпен-ақ асыраймын» деген ұстаныммен аналарымыз кейбір жағдайда ажырасуға мүдделі болады деген пікірде. Алайда бүгінгі күні қоғамда жиі айтыла бастаған осынау ұсынысқа қарсылық танытып «ажырасушылардың көбеюінің алименттің мөлшеріне қатысы жоқ. Болмашы мөлшердегі алиментпен жалғызбасты аналар баласын қалай асырайды?» деушілер де жоқ емес. Соңғы кездері алиментке қатысты мәселелер көбейіп, қоғамымызда да сан түрлі ұсыныстар айтыла бастады. Осы орайда «Алаш айнасы» газеті тақырыпқа орай мамандар пікірін сұрастырып, көпшілік назарына ұсынып отыр.