АСТАНА. ҚазАқпарат - Дзюдодан Тунисте мәреге жеткен Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қазақстан құрамасына соңғы медальді Виктор Демьяненко алып келді. Ол 100 кг салмақта қола жүлдегер атанды. Бұл санатта ирандық Бенджамин Флетчер үздік шықса, ресейлік Рамазан Малсүйгенов күміс жүлдені қанағат тұтты. Бразилиялық Леонардо Гонсалвеш В.Демьяненкомен бірге қола жүлдеге ие болды.
Бұл - В.Демьяненконың Гран-при турниріндегі екінші жүлдесі. Ол 2016 жылы Ташкенттегі жарыста қола еншілеген болатын.
Айта кетейік, Тунис турнирі Қазақстан үшін аса табысты болды. Қазақстандықтар екі алтын, үш қола медальмен жалпыкомандалық есепте үздік атанды. Содан кейін Украина (екі алтын) және Жапония (бір алтын, екі күміс, алты қола) құрамалары екінші, үшінші орындарды бөлісті. Атап айтқанда, В.Демьяненкодан бөлек Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) пен Ерлан Серікжанов (66 кг) қола жүлдеге ие болса, ал Жансай Смағұлов (70 кг) пен Ислам Бозбаев (90 кг) алтыннан алқа тақты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).