Е.Қарин: Терроризммен күресудің басты алғышарты - жалпы қылмыспен күресу

АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 шілде күні Алматы қаласында аудандық ішкі істер бөлімінен бастап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің кеңсесіне дейін, жолда бірнеше бейбіт тұрғынға шабуыл жасап өткен және бес адамның өмірін қиған Руслан Күлебаевтың бұрын сотталғаны белгілі. Және террорлық әрекетінің алдында, нақтырақ айтсақ, 18 шілдеге қараған түні Алматыда бір әйелді өлтірген.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, сарапшы Ерлан Қарин терроризммен күресудің алғышарты  жалпы қылмыспен күресу дейді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде  журналистерге арнап өткен  брифинг барысында айтты.

«Менің көзқарасым, менің жеке  пікірім  терроризммен күресудің басты алғышарты - жалпы қылмыспен күресу. Зерттеуімнің нәтижесінде байқағаным осы. Терроризммен, экстремизммен, басқа да осындай құбылыстармен тиімді күресудің ең басты алғышарты - жалпы қылмыспен жүйелі түрде күресу. Себебі, көптеген қылмыстық, террористік, радикалды топтар, Қазақстанда бұрын-соңды әрекет еткен көптеген топтар құқықтық органдардың назарына кездейсоқ түскен болатын. Яғни, басқа бір қылмыстық әрекет жасаған кезде көзге түскен. Сондықтан да, менің айтарым, тероризммен күресудің ең басты алғы шарты  - жалпы қылмыспен күресу. Егер де біз жалпы қылмысқа тойтарыс беріп отырсақ , терроризмді әлсірететін еді»,-дейді Е.Қарин.