Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны аясында тануды көздейді.
«Атап айтқанда, ЕАЭО құжатында мүше елдердің ғылыми дәрежелері әр тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес танылатыны жазылған. Бұл ретте, жұмыс күшінің бостандығы шектеліп тұрған еді. Сондықтан осы келісім 6-баптағы жағдайды қоспағанда, ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды ұлттық тану рәсімдерінен өткізбей-ақ мойындауды ұсынады. Яғни, ЕАЭО-ға мүше елдерде ғалым бір мемлекеттен басқасына барып, келісімшарт негізде уақытша қызмет еткенде, сол кезде оның ғылыми дәрежесі автоматты түрде өзара танылатыны ескерілген», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, келісімді іске асырудың теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары жоқ, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді.