ЕАЭО-ның кедендік рәсімдерін цифрландыру бизнеске қалай әсер етіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық одақ электронды сервистерді енгізу арқылы жүк рәсімдеу процесін өзгертіп жатыр. Kazinform агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі осы өзгерістердің Қазақстанның транзиттік әлеуетіне ықпалы туралы шолу жасап көрді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Қағаз құжаттан электронды форматқа

ЕАЭО органдары кеден саласын цифрландыру 2018 жылы Кеден кодексі күшіне енгеннен кейін басталды деп есептейді. Содан бері айналымын қағаз түрінен электронды форматқа көшіру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) мәліметінше, осы уақыт ішінде одаққа мүше елдер бірқатар цифрлық шешімді іске асырған.

— Қағаз құжаттан цифрлық форматқа көшуге негіз болған тәсілдер ЕАЭО Кеден кодексінде қарастырылды. Кодекс күшіне енгеннен бері көптеген цифрлық шешім енгізілді.

Комиссияның бағалауынша, олар бизнеске де, Одақ елдерінің кеден органдарына да қолданылып келеді, — деп мәлімдеді ЕЭК өкілдері.

Кеңестің дерегіне сүйенсек, ЕАЭО елдерінде кедендік декларациялардың 90 пайыздан астамы электронды түрде рәсімделеді. Соның нәтижесінде жүк рәсімдеу мерзімі қысқартты. Бұрын бірнеше күнге созылған кейбір рәсімдер қазір бірқатар жағдайда бірнеше минут ішінде орындалады. 

Электронды құжат айналымы құжаттарды дайындау процесін жеңілдетуге, декларациялау кезіндегі қателерді азайтуға және компаниялардың логистикалық бағыттар мен сұраныстың өзгеруіне жедел бейімделуіне мүмкіндік беретіні айтпаса да түсінікті. ЕЭК-тің мәліметінше, бұл әсіресе шағын және орта бизнестің сыртқы нарықтарға шығу рәсімдерін жеңілдетіп жатса керек.

«Кеден заңнамасын дамытудың келешегі: сенім мен бақылау арасындағы теңгерім» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында ЕЭК-тің кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов кеден саласын цифрландыру Еуразиялық интеграция бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.

Фото: Pixabay

— Бірыңғай транзит жүйесін енгізу, электронды навигациялық пломбаларды пайдалану арқылы жүк тасымалын бақылау, сондай-ақ өткізу бекеттерін жаңа технологияларды ескере отырып жаңғырту ЕАЭО-дағы кеден саласын цифрландырудың негізгі бағыттарының қатарында, — деді министр.

Автоматтандыру кезеңі

Электронды декларациялау жүйесінен кейін ЕАЭО елдерінде кедендік бақылау мен шешім қабылдау процестерін автоматтандыруға көшу басталды. Бұл рәсімдерді жеделдетуге және қолмен орындалатын операциялардың санын азайтуға бағытталған.

Бұл бағыттағы өзгерістердің бірі — тауарларды автоматты түрде шығаруды енгізу. ЕЭК мәліметінше, Одақ елдерінің кеден органдары өз жұмысында үлкен деректерді талдау, жасанды интеллект элементтері, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен автоматты салыстыру және инспекциялық-тексеру кешендерінен алынған ақпаратты өңдеу мүмкіндіктерін қолданады.

Комиссияның хабарлауынша, кейбір тауар санаттары бойынша тауарды шығару туралы шешім кеден қызметкерінің қатысуынсыз қабылданады.

Дей тұрғанмен, одақтың өз ішіндегі алыс-берісті цифрландыруда әр елдің өз ішкі есебі бар. ЕЭК келтірген деректерге сенсек, Қазақстанда 2025 жылы экспорттық тауардың 80 пайызы және импорттық тауардың 48 пайызы автоматты түрде шығарылған. Беларусьте бұл көрсеткіштер тиісінше 77 және 10,7 пайызды, Ресейде 43 және 22 пайызды құрады.

Арменияда декларациялардың 74 пайызы «жасыл дәліз» жүйесі арқылы рәсімделеді. Оның ішінде 8,4 пайызы автоматты түрде шығарылған.

ЕЭК бұл көрсеткіштердегі айырмашылықтарды сыртқы сауда құрылымымен, ұлттық тәуекелдерді басқару жүйелерінің ерекшеліктерімен және цифрлық шешімдерді енгізу қарқынымен байланыстырады.

Одақ елдері электронды декларациялау орталықтарының желісін дамытып жатқандарын айтып жүр. Бұл кедендік рәсімдерді жүктің немесе сыртқы экономикалық қызметке қатысушының орналасқан жеріне қарамастан қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

ЕЭК мәліметінше, рәсімдеу мерзімін алдын ала болжау бизнеске жеткізу кестесін жоспарлауға, қойма қорын басқаруға және логистикалық процестерді ұйымдастыруға көмектеспек.

Қазақстандағы тәжірибе

Автоматтандырылған кедендік рәсімдердің қолданылуы Қазақстандағы халықаралық транзитке де әсер етіп отыр.

Қытай, Орталық Азия, Ресей және Еуропа бағыттарын жалғайтын негізгі транзиттік тораптардың бірі саналатын Қазақстан шекарадан жүк өткізу уақытын қысқартуға және көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға мүдделі.

Одақ талайдан бері «үшінші» елдерге контейнермен бағытталған теміржол тасымалын автоматты түрде рәсімдеу жүйесін жеке жоба ретінде таныстырып жүр. Соның аясында мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері мен ұлттық теміржол тасымалдаушылардың жүйелері өзара интеграцияланғаны мәлімделген.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

— Контейнерлік пойыздармен тасымалданатын транзиттік жүктерді декларациялау процесі қағаз құжаттардан бас тартуды, сондай-ақ транзиттік декларацияларды автоматты түрде тіркеу мен рәсімдеуді көздейді, — деп хабарлады ЕЭК.

Комиссия осының арқасында бір контейнерлік пойыздың мемлекеттік бақылаудан өту уақыты үш сағаттан 30 минутқа дейін қысқарғанын келтіріп жүр.

ЕЭК статистикасына сенсек, 2025 жылы Қазақстанда контейнерлік тасымал бойынша 137,5 мыңнан астам транзиттік декларация рәсімделген. Ал 2026 жылдың басынан бері олардың саны 31,9 мыңнан асқан.

Бірыңғай транзит жүйесі

ЕЭК бірыңғай кедендік транзит жүйесін дамыту жұмыстарын да қолға алған. Комиссияның мәліметінше, бұл жүйе одақ аумағындағы жүк тасымалын ортақ ережелер мен цифрлық құралдар негізінде сүйемелдеуге арналған.

Жоба аясында қолданыстағы кедендік реттеу тетіктерін цифрлық технологиялармен ұштастыру көзделген. Оның құрамдас бөліктерінің бірі — электронды навигациялық пломбалар. Олар жүктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
ЕЭК дерегіне сәйкес, 2026 жылдың ақпан айынан бастап жүйе аясында 30 мыңнан астам автомобиль және теміржол тасымалы бақылауға алынған. Оның ішінде 20 мыңнан астамы кедендік транзит режимінде жүзеге асырылса, 8 мыңнан астамы ЕАЭО мемлекеттері арасындағы өзара саудаға тиесілі болған.

— Бірыңғай транзит жүйесіне қатысушы елдердің қосылуы жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыруға, бизнес шығындарын азайтуға, тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және өңірге қосымша логистикалық ағындарды тартуға мүмкіндік береді, — делінген ЕЭК мәліметінде.

Фото: Midjourney

Цифрлық шешімдерді дамыту

ЕЭК өкілдері соңғы жылдары ЕАЭО кеден саласында электронды декларациялау, автоматты түрде тауар шығару және бірыңғай транзит жүйесін дамыту бағытында бірқатар цифрлық шешімді енгізгендерін ресми хабарлап жүр.

Бұл тетіктер цифрлық деректер алмасуға және рәсімдерді автоматтандыруға негізделген кедендік әкімшілендіру жүйесін қалыптастыруға бағытталғаны да айтылады.

Бұған дейін Қазақстан ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық аккредиттеу кеңістігін қалыптастыруды ұсынғанын жазған едік