ЕДІГЕ ТАУЫНДАҒЫ ТАС МҮСІНДЕР

ге тауындағы тас мүсіндер - Ұлытау төңірегіндегі тарихи екі дәуірді қамтитын тас мүсіндер тобы. Қарағанды облысы Ұлытау  сілемі, Едіге тауының етегіндегі Қорғантас ауылынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде орналасқан. Ескерткішке 1946-1960 жылдары академик-ғалым Әлкей Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген.

Мұндағы ғұрыптық қоршаулар мен обалар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле салынған. Мерзімі жағынан екі дәуірді қамтиды. VІ-VІІ ғасырлардағы Түркі қағанаты заманының  ескерткіштері әдеттегідей қырынан қойылған үлкен плиталардан төртбұрыш немесе шаршы түрде жасалған.  Бұлардың кішілерінің аумағы 1,8 х 2 метр, үлкендері 5,9 х 6 метрдей. Бетімен күншығысқа қараған тас мүсіндер қоршаулардың шығыс іргесінде тұр, одан балбалдар тізбегі  жалғасады. Ең кіші тізбектің ұзындағы бес метр, ал ең үлкенінің  ұзындығы екі жүз елу метрге жетеді.

VІІІ-ХІІІ ғасырлардағы Қыпшақ кезеңіне жататын ескерткіштер қоршау емес, тастан үйген обалар түрінде қаланған және бұлардың балбал тізбектері жоқ. Мүсіндер қиратылып, бүлінген. Қалған бес мүсіннен, екі мүсін жақсырақ сақталған. Биіктігі 180 см, ені 28 см, қалыңдығы 22 см. Мүсінде ұзын мұртты, үлкен дөңгелек көзді, орта жастағы ер адамның бейнесі айқын бедерленген. Биіктігі 140 см, ені 32 см бес мүсін қыпшақ заманына жатады. Бұл, әсіресе, адам бейнесінің толық түсірілмеуінен байқалады. Тас мүсін орнату дәстүрінің қыпшақ кезеңіне қарай әлсіреуі сол кездегі қоғам дамуына, ең алдымен ислам дінінің нығаюына байланысты болған.

 Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энцклопедиясы ІІІ том

Ә.Марғұлан, Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер\\ Ежелгі мәдениет куәлары.