***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Сенегал Республикасының Президенті Маки Саллмен кездесті. Осы жайт арқалу болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Өрісті кеңейтер өзара ықпалдастық» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, тараптар кездесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ өзара мүдделілік туғызып отырған халықаралық және өңірлік сипаттағы жағдаяттарды кеңінен талқылады. Кездесуден кейін екі ел президенттері бірлескен мәлімдеме жасады.
«Мұсылман қоғамдастығының мүшесі болғандықтан, біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында өзара ықпалдасуға уағдаластық. Бұл, соның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технология жөніндегі саммитін 2017 жылы Астанада өткізу, «Ислам инфрақұрылымдық ықпалдастығы» жобасы туралы қазақстандық бастамаларға да қатысты. Сенегал жағы штаб-пәтері Астанада орналасатын Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру жөніндегі біздің ұсынысымызды қолдайды. Келіссөздер барысында біз мұсылман елдерінің бірлігін сақтау тақырыбын да қозғадық. Ислам әлеміндегі тату-ластық мәселесі үлкен мәнге ие. Мен Сенегал тарапын 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақырдым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал өз кезегінде Маки Салл біздің елдің жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жұмсап отырған күш-жігерін Сенегал жағы жоғары бағалайтынын айтты.
«Астана келбетінен Қазақстанның даму саясаты айшықты көрініс тапқан. Әлемді ілгерілету және өзіңіз ұсынған бастамаларды жүзеге асыру аясында Сіздің еліңіздің өңірдегі және одан тысқары жерлердегі рөліне тәнті екенімді жеткізгім келеді. Сондай-ақ, біз конфессияаралық үнқатысу, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі Сіздің бастамаңызды толық қолдаймыз», - деді Сенегал Президенті.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста декларация, заң, қағаз, халықаралық талаптар мен нормативтер және құжаттар негізінде егемендік жарияланғанымен, іс жүзінде шын мәніндегі шынайы дербес ел болудың ауылы әлі алыс жатқандай еді. Дәл осы кезде тәуелсіздікке қойылатын талаптардың он екі де бір нұсқасы болмағаны да ақиқат. Байыппен айтқанда, тәуелсіздігіміз аяғын жаңа ғана тәй-тәй басқан сәби іспеттес еді. Әрине, тәуелсіздік қажет еткен талаптардың бірі егемен елдің дербес ақша-несие жүйесі еді. Тәуелсіздік алған тұста еліміз біртұтас бұрынғы кеңестік рубль аймағында тұрды. Сабан ақша тәй-тәй басқан тәуелсіздігімізді тұқыртып жібере жаздады. Сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты ұлттық валюта айналымға енгізіле қоймаған еді. Не істеу керек? Ұлттық банк жүйесі филиалының бұрынғы басшысы, аталған саланың майталман жетекшілерінің бірі Борис Ізбасаровпен «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің сұхбаты осы бағытта өрбіген. Тілші сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Бәріне де уақыт төреші. Адам жақсыға тез үйренеді емес пе. Бір кездегі өтпелі кезеңнің қиыншылықтары бүгінде артта қалды. Ел экономикасы өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жая түсті. Өзге елдерге шығарылатын экспорттық әлеуетіміздің үлес салмағы жылдан-жылға көбейіп келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында және өтпелі кезеңде тұралап қалған нысандарды орнынан тұрғызу және жаңа кәсіпорындар ашу үшін мықты инвесторлар қажет еді. Солай болды да. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Отанымыз Қазақстан бүгінде әлемдегі инвестициялық тартымдылығы жоғары мемлекеттердің біріне айналды. Республикамызда индустриялық-инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы экономикамызды тек мұнай-газ секілді стратегиялық шикізат көздері арқылы көтеру қажеттілігінен суырып алып шықты. Осы жетістіктердің бәрі теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын таптырмас тетіктер еді. Теңге - тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі. Бүгінде егемен елімізде ақша-несие саясаты оң жолға қойылған», - дейді. Сұхбат «Сабан ақша осылай сарқылған еді» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Ақтөбе облысында қала көшелеріне егілген көшеттерді суғау мәселесі әлі күнге шешілмеген. Бұған қоса, қаланың бас жоспары да қабылданбаған. Осыған байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аппарат жиналысы барысында бұл мәселердің тиісті деңгейде орындалмай жатқандығына байланысты ескерту жасаған.
«Өңір басшысын облыстың әкімшілік орталығындағы санитарлық жай-күй қанағаттармады. Сазды өзенінің арқасы қоқыс пен қамыстан толық тазаланбаған. Осыған байланысты өздерінің лауазымды қызметтерін дұрыс атқара алмаған Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын мен Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының мінетін атқарушы Нұрлан Боранбаевқа сөгіс берілді», - деп жазады басылым.
***
«Қазақстандық бір бизнесмен омбылық полиция қызметкерлері мен коммуналды қызмет мамандарының қытығына тиді. Ол күн сайын кеңсесіне баратын жолдың бір бөлігін жөндеген. Алайда, оны өте бірегей жолмен жасап, ойықты жабысқақ матамен бітеп тастаған», - деп жазады «Экспресс К» газеті. «Енді бүкіл асфальті сүруге тура келеді», - дейді Омбы мэрі жол шаруашылығы басқармасының директоры Владимир Казимиров.
«Біздің отандасымыз омбылық шенеуніктерді жолдың жыртығы жамалып, қауіпсіз болғандығын айтып сабаға түсіруге тырысқан. Алайда мамандар жаңбырлы күні жолдың бұл учаскесі тайғақ болып, көліктер апатынының жиілеп кететіндігін айтты. Өйткені, жабысқақ мата су тиген соң өте тайғақ болады екен», - деп жазады басылым.