- Гүлсім Бақытқызы, осыдан тура 33 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің парламенттік тілшісі ретінде Жоғарғы кеңес Қазақстанның егемендігі туралы декларацияны қабылдаған тарихи сәтке куә болған едіңіз. Қандай сезімді бастан кешірдіңіз?
- Иә, осыдан тура 33 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің парламенттік тілшісі болып жұмыс істеп жүргенімде бүгінгі тойланып жатқан, яғни 25 қазанда қабылданған егемендігіміз туралы деларацияның қалай қабылданғанын көзіммен көріп, сол кездегі Жоғарғы кеңестің отырысына толықтай қатысып, тарихи кезеңнің куәгері болдым. Сол сәттің бәрі бүгінгідей көз алдымда. Өте қызу талқылау жүрді. Депутаттар декларацияны қабылдай салысымен Алматы қаласындағы қазіргі Абылай хан көшесіндегі Жоғарғы кеңес ғимаратынан «Егемен Қазақстан» газеті орналасқан Гоголь көшесіне құстай ұшып жеттім. Шын мәнінде жүгіріп келдім. Өйткені, осы тарихи сәтті газеттің бірінші бетіне беруіміз қажет болатын. Ғимаратқа жетсем машинистка Шолпан апай күтіп отыр екен. Бірден репортажды диктофка жасадым.
Ол кезде қазіргідей ұялы телефон, интернет жоқ. Бір-бірімізге ватсап не әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарата алмаймыз. Газет беттеліп, қатталып жатқан сәтте мақаламызды әкеліп береміз. Компьютермен теру жоқ, қалыпқа салынған әріптерді темірмен, бізден шұқылап қолдары май-май газет шығарушылар жүретін. Бір әріптен қате кетсе, бүкіл бетті алып, біз арқылы қате кеткен әріпті шұқып алып тастап, қайтадан орнына дұрыс әріпті салатын. Осындай жанкештілікпен «Егемен Қазақстан» газетіне егемендік декларация қабылданғаны туралы «Егемендік ел үміті еді» деген тақырыппен тікелей репортаж бердім.
Репортажымды: «1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есiмiзге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесiне қызметет ететін егемендік туралы тарихи декларацияны қабылдады!» - деп түйіндегенім есте.
Ал декларация қабылданған сәтте ерекше сезімде болдым. Қуаныштан көзімнен жас ыршып кетті. Өйткені, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қанмайдан ортасында болған едім.
«Егемен Қазақстан» газетінде жүріп, халықаралық тақырыпта қалам тарттым. Қытай, Иран, Пәкістан, Әзербайжан, Қырғыз елдеріне барып, Елшілерімен сұхбат жасадым. Сол кездері Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жетекшілік жасатын Қайрат Исағалиевтың көзіне түсіппін. Бірде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен баспасөз мәлихаты өтіп жатты. Мен «Егемен Қазақстан» газетінен тілші ретінде бардым.
«Гүлсім Еңсеповасың ба? Мен сенің халықаралық тақырыптағы мақалаларыңды оқып жүрмін. Бізге келуге қалай қарайсың? Біз жастарды жинап жатырмыз», - деген Қайрат Исағалиев қай шет тілін білетіндігімді сұрады. Мен неміс тілін білетіндігімді айттым әрі сол тілде қойған бір екі сауалына жауап бердім.
«Сыртқы істер министрінің орынбасары болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келді. Ол кісі қабылдау комиссиясының төрағасы, жастарды қолдайды. Қытайда Елшілікте қызмет істеп жүрген жерінен Президентіміз елге алып келді. Бірнеше тілді жетік біледі, өте білімді», - деген ол мені шұғыл түрде Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа алғысы келетіндіктерін айтты. Осылайша, 1993 жылы аяқ астынан Сыртқы істер министрлігі жүйесіне ауыстым.
- Сол уақытта Жоғарғы кеңесте 360 депутат болды ғой, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағаны түсінікті. Айтыс-тартысқа толы пікірталас барысында «Қазақстанға егемендік не үшін қажет?» деген сынды сыңаржақ пікірлер айтып, құжатты қабылдауға қарсы шыққандардың да қарасы қалың болған шығар…
- Болды. Өйткені, егемендік декларациясына балама демократиялық декларация қабылдайық деген топ құрылды. Сол топ «ұлттық мемлекет құрмайық, азаматтық мемлекет құрайық. Ұлттық мемлекет болмасын» деген балама ұсыныс берді. Оларға тойтарыс беруде жүрегі қазақ деп соққан Сұлтан Сартаев, Салық Зимановтың еңбегі өте зор болды. Ақын-жазушылардың ішінде Шерхан Мұртаза мен Қадыр Мырзалиев батырып тұрып сөйлегені есімде.
Сол кезде декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі комисияның төрағасы Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаев құжаттың қабылдануына мол үлесін қосты. Біздің егемендіміздің сақталуына, сол декларацияның қабылдануына ең үлкен үлес қосқан адам осы екі ғалым деп айтар едім.
Деларацияны талқылау барысында Сұлтан Сартаевтың парламент мінберінен «тек бүгінгісін ойлап, елiмiздiң болашағын бағдарламай, бұра тартқысы келетіндерге ғылыми негiзде түсінік беруге тырысамын. Мұны айтып отырған себебім: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбiр жұртшылығы «ұлттық республика дегендi жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келедi: сiздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Англия - праволық мемлекет. Алайда ол - ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, басқа да көптеген ұлттық негiздегi праволық мемлекеттердi мысалға келтіруге болады. Бiзде осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кiндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Ендi келiп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес» деген сөзі әлі жадымда.
Қадыр Мырзалиевтың де: «Егемендiк егеспен келмейді. Қайта ол бiздiң республикамыздағы барлық ұлттардың ынтымағы, бірлігі арқасында ғана келеді. Сонда ғана бiздiң республика экономикасы, мәдениетi гүлденген елге айналмақ. Ел болашағын ойламай, тек өзінің бүгінгісін ойлаған депутаттарға тоқтау салайық», деп батыра айтқаны есімде қалыпты.
Әдетте Жоғарғы кеңес сағат 16-30 шамасында аяқталатын. Ал 25 қазанда сағат 19-00-ге дейін созылып кетті. Декларацияны талқылау барысында Зылиқа Тамшыбаева, Алтыншаш Жағановалар да керемет пікірлерін білдірген еді. Кейбір депутаттар декларациядан «ұлттық» деген сөзді алып тастауға барынша тырысты. Бірақ, қазақтың мықты заңгер ғалымдары мен ақын-жазушылары дәйекті дәлелдермен оларға батыл тойтарыс берді.
- Сұхбатыңызға рақмет! Республика күні мейрамына орай туған жеріңіз Атырау облысы Индер ауданының Құрметті азаматы атағын алып жатыр екенсіз. Құтты болсын!