Егіндікөл ауданында жыл ішінде 228 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді

КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауданында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 228 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Болат Сұлтановтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда аймақта 622 тонна ет, 812 тонна сүт өндіріліп, 55 мың дана жұмыртқа алынған, өсім былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6-14 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осы уақытта өңірде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының бағымындағы ірі қара мал басы 3,3 пайызға, қой мен ешкі 3,2 пайызға, жылқы, шошқа сол деңгейде артып, күтімге алынып отыр. Өңірде мал басын асылдандыру, әр ауылдық округте өндірістік негіздегі қасапханалар ашу, сүт сатып алу бекеттерін ұйымдастыру шешімін табуда. Бауман ауылдық округінде жылдың инновациялық жобасы бес мың бас мал бордақылау алаңының құрылысы қолға алынған. Оған миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып отыр.