Егістікке тыңайтқыш қолдану деңгейі әлемнің дамыған елдерінде Қазақстаннан 400 есе жоғары

АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан тыңайтқыш қолданылған егістік көлемі жағынан 1990 жылғы деңгейге тек 2015 жылы ғана жетуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өтіп жатқан «Аграрлық ғылым, білім және өндірістің «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асыру» деп аталатын республикалық семинарда айтылды.

«Тыңайтқыш берілетін егіс алқабының көлемі Қазақстанда 1985-2000 жылдары 17253-тен 86 мың гектарға, ал пайыздық көрсеткіші 48,2-ден 0,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл 2000-2010 жылдары 86 мыңнан 2472 мың гектарға, пйаыздық көрсеткіші 0,5-тен 12 пайызға ғана артты. Болжам бойынша 2015 жылы ол 9900 мың гектарға жетіп, 45 пайызды құрамақ», - дейді «Агроинновация және экология» ғылыми-зерттеу институтының директоры Рақымжан Елешев. ҚР ҰҒА академигінің айтуынша, әр гектарға берілетін тыңайтқыштың көлемі Нидерландыда - 716 кг, Германияда - 360 кг, Жапонияда - 387 кг, Францияда - 280 кг, Чехословакияда - 266 кг, Польшада - 201 кг, АҚШ-та - 84 кг, Қазақстанда - 1,6 кг. Осыған сәйкес онда алынатын өнім көлемі де төмен. Мәселен бидайдан әрбір гектарға шаққанда Нидерландыда - 5,3; Германияда - 4,4; Жапонияда - 2,7; Францияда - 4,1; Чехословакияда - 4,5; Польшада - 3,7; АҚШ-та - 3,1; Қазақстанда - 1,2 тонна өнім жиналады. Картопта да Нидерландыда - 36,8; Германияда - 28,4; Жапонияда - 23,4; Францияда 18,8; Чехословакияда - 23,1; Польшада - 15,1; АҚШ-та - 19,4; Қазақстанда - 16,6 тонна өнім алынады. Сол сияқты қант қызылшасында Нидерландыда - 47,7; Германияда - 45; Жапонияда - 48,4; Францияда - 41,6; Чехословакияда - 34,9; Польшада - 30,6; АҚШ-та - 29,5; Қазақстанда - 22,8 тонна ғана жиналады.