ОРАЛ. 23 қазан. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты 23 қазан күні әйел мен оның баласын айуандықпен өлтірген облыс тұрғынын өмір бойы түрмеге отыруға үкім кесті.
Облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, 43 жасар тұрғын ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі, 145-бабы 2-бөлімі, 112-бабы, 187-бабы 2-бөлімі, 125-бабы 2-бөлімі, 179-бабы 1-бөлімі, 120-бабы 3-бөлімі бойынша айыпты деп танылды.
Сот талқысында анықталғанындай, қылмыскер 49 жасар әйел мен оның тоғыз жасар баласын аса қатыгездікпен өлтірген. Қылмыс жасалған кезде үйде болған кәмелетке толмаған қызы далаға қашып құтылған.
Сонымен қатар аталмыш қылмыс жасалмастан бір жыл бұрын сотталушыға әйел зорлады деген айып тағылған. Алайда алдын ала тергеу орындары оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жіберген. Сөйтіп ол мекенжайын өзгертіп, Орал қаласына келіп, айуандық қылмысты жасаған.
Бұған қоса сотталушының бұрын шығарылған үкім бойынша өтемеген мерзімі де бар болып шықты.
Аса қауіпті қылмыскердің енді мүлкі тәркіленіп, жазасын өмір бойы қатаң режимдегі түзету колониясында өтейтін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).