***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстанда жасалған» акциясы басталды» атты мақала басылды. Кеше Астанада «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері «Қазақстанда жасалған» республикалық акциясын жариялады. Ол бойынша игі істер басталып та кетті. Ағымдағы айдың 11-і күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерді қолдауға шақырды. Сөйтіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясын бастауды ұсынған еді. Акция барысында сауда желілерінде сатылатын қазақстандық өнімдер көзге бірден түсердей ерекше көрсетіліп қойылады. Отандық өндірушілердің тауарын сатып алғысы келетін азаматтарға бұл өте қолайлы. «Барлық қазақстандықтарды, бүгінгідей қиын жағдайда, біздің, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Бұл Қазақстан экономикасына қосқан үлесіміз деп білейік», деген болатын Елбасы. Президент үндеуінен кейін «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері бірден ірі дүкен желілерімен және өндірушілермен келіссөздер жүргізуді бастап кетті.
Бас басылымда «Мәдениет - біріктіруші күш» деген мақала жарық көрді. Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Шабыт» шығармашылық сарайында өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында былтырғы жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2015 жылға арналған міндеттер мен саланың алдағы кезеңдегі даму мүмкіндіктері тиянақталды. Б.Сапарбаев еліміздегі театрлар репертуарының жұтаңдығын, «Тәуелсіздік толғауы» бәйгесі жеңімпаздары шығармаларынан әсіресе, жергілікті жерлердегі көрермендердің тыс қалып қойып жататынын, жылына қыруар қаржы бөлінетін кино саласының әлі де болса әлемдік бәсекеге ілесе алмай келе жатқанын, балаларға арналған анимациялық фильмдердің тапшылығын тілге тиек ете келіп, сөзінің соңында министрлік барлық жұмыстардың біріктірушісі бола білуі керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, деді.
***
«Жалпақ дүниеде долларға көзқарас қатты өзгере бастады. Мұны АҚШ білмей отырған жоқ. Біледі. Бірақ дымы ішінде. Көптеген аузы дуалы сарапшылар көп ұзамай доллардың әлемдегі үстемдігі жойылады деген пікірде. Айтқыштардың бұл ойында жан бар секілді. Қазірдің өзінде Иран, Қытай, Венесуэла, Ресей секілді алыптар доллардан құтылудың жолын іздеуде. Ішкі-сыртқы сауда-саттықты, келісімшарттарды тек ұлттық валютамен жасауға ұмтылуда. Себеп белгілі, АҚШ долларының нарықтағы бағамының қысқа күнде қырық құбылатыны белгілі. Бұл - экономика үшін қауіпті. Содан болар, бұған дейін ұлттық резервтерін АҚШ долларымен сақтап келген елдер енді көк қағазға тіксіне қарай бастады»,-деп жазады «Айқын» газеті «Доллардың пәрменін кім басады?» деген мақаласында. Бұған былтыр жаздан бері мұнай бағасының күрт құлдырауы да әсер етуде. Америкалық белгілі қаржы сарапшысы Джим Уилли: «көп ұзамай доллар күйрейді» деген пікірде. Өз елінде аса танымал сарапшы бұлай деп бекер айтпаса керек-ті.
Осы басылымда «Екі оқушының ерлігі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Соңғы аптада астаналық екі оқушының қыз баланы педофилден құтқарып қалғаны туралы әңгіме жиі айтылуда. Шыны керек, бүгіндері жолда біреу-міреу құлап жатса да селт етпейтіндер көбейді. «Ал айдың-күннің аманында, сабағына бара жатқан қыз баланы сұрауы жоқ зат секілді қолтығына қысып кете бермек болған күдіктіні тәубесіне түсірген қос батырды біздің де көріп, танысқымыз келді. Олар елордамыздағы №52 мектептің 8- сыныбында оқиды екен, есімдері - Әлішер Саятов, Шамғон Зейінов. Сұхбат беруге қысылған олар «біз сондай бір керемет ерлік жасаған жоқпыз ғой» дейді. Сонда да оқиға туралы айтып беруін өтіндік»,-деп жазады мақала авторы. - Әлішер екеуміз бір маңайда тұрамыз, сабаққа бірге барып келеміз. Ал сол күні әдеттегідей сабаққа келе жатқанбыз. Желтоқсан айы ғой, таң толық ата қоймаған, сағат шамамен 8-ден 30-35 минут өткен уақыт. Бағдаршамнан өте бере бір ер кісінің оқушы қызды мектептің арт жағына қарай сүйреп бара жатқанын көрдік. Ол біресе қызды көтеріп алады, біресе жерге түсіреді, жүрісі күдікті көрінді. Жанынан өте бергенде қыздың қатты қорыққаннан дірілдеп тұрғанын көрдім. Сосын: «Ағай, сіз не істеп жатырсыз?» деп сұрадық, ол болса: «Бұл - менің қызым» деді орысшалап, ал қыз: «Ол менің әкем емес» деп жылап жіберді. Сол кезде қызды ана кісінің қолынан жұлып алдым да: «Бұл менің қарындасым, тиіспеңіз» дедім. Сөйтіп, ана қызға қаш дедім. Сол-ақ екен, ана кісі маған қол көтермекші болып, төніп келе жатты, осы сәтте Әлішер оны шалып құлатты. Екеуміз әлгі кісінің қолын қайырып, үстіне отыра кеттік. Өзі мас екен, бізге орысшалап сөйлеп жатты, - дейді Шамғон.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақ циркі қандай кедергілерге тап болып отыр?» деген көлемді мақала жарияланды. «Алматыдағы Абай даңғылында орын тепкен Қазақ циркі көп елді аралап, әлем халқын мойындатқан өнер ордасы десек жаңсақтық болмас. Осынау сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бар ма дерсіз?! Құралайды көзге атқан мергендер, түйе палуандар, желмен жарысқан желаяқтар, ол аз десеңіз, Парижде әйгілі палуан Қажымұқанның шойын жол темірін мойнына галстукше байлап әлемді мойындатқанына тарих куә»,-деп жазады мақала авторы. Қала берді, қазақтың саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастауы жатыр. Ұлттық ойындар мен салт-дәстүр көрініс тапқан қазақ циркінің назарынан төрт түлік пен саятшылық дәстүрлері сырт қалмады. Шәкәрім ақынша айтсақ, «табиғаттың сырын меңгерген әулие адамдар» біздің түп-тұқиянымызда болған. Сол табиғаттың бір бөлшегі - жан-жануарлардың күтімін тапқан көшпенділерді осы өнердің бастапқы иелері деп отырғанымыз да сондықтан. Қазақ циркінің басты ерекшелігі де осында еді.
Бұл мақалада автор «іргесі 1970 жылдары қаланған Қазақ циркі осы өзгешелігін, қазақылығын қаншалықты сақтап отыр? Көрермен үшін өмір мен ажалдың арасында жүрген артистер еңбегін бағалаймыз ба? Қазақ циркінің болашағы бар ма? Цирк өнер ме, әлде кәсіпкерліктің бір түрі ме? Мемлекет циркке қаншалықты көңіл бөлуде?» деген мәселелерді көтеріп отыр.