Қала әкімінің орынбасары Николай Дычко өткізген баспасөз мәслихатында бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің басшылары мәлім етті.
Қалада 286 тұрғын үй жылуды қабылдауға дайын, бұл көпқабатты үйлердің 54 пайызы. Қыркүйектің 1-іне дейін әлеуметтік саладағы барлық нысандар күзгі-қысқы маусымға әзірлік паспорттарын алатын болады.
Әзірлік аясында ұзындығы 1 587 метр магистральдік жылу желісі күрделі жөндеуден өткізілді, орамішілік құбыр желілерінің 8 166 метрдей бөлігі жаңартылды. Үш көшедегі су құбыры және 114 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелеріндегі суық және ыстық су желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Әкімнің орынбасары Н.Дычко атқарылып жатқан осынау жөндеу және профилактикалық жұмыстардың Екібастұздың жылу беру маусымына әзірлігінің сенімділігін арттыра түсетінін мәлім етті.